Арыстағы егістік алқаптарынан оқ-дәрі қалдықтары табылды
Арыстағы егістік алқаптарынан оқ-дәрі қалдықтары табылды
Түркістан облысының Арыс қаласында егістік алқаптарын тексеріп қарау барысында 200-ден астам оқ-дәрі қалдығы табылды. Бұл туралы бүгін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев айтты,- деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Құлаған оқ-дәрі ізі табылған жағдайда, шұңқырда оқ-дәрі қалдықтарының бар-жоғы тексеріледі. Мұндайда 5 метрге дейінгі тереңдікті қамти алатын бомба іздеу құралы қолданылады. Олар өзінің тиімділігін көрсетті. Егістік алқаптарын тексеру барысында 1,5 метрден 3 метрге дейін жерге кіріп кеткен 200-ден астам оқ-дәрі қалдығы табылып, алынды», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Оның атап өтуінше, қауіпсіздік шараларын сақтау және жарылу қаупі бар қалдықтарды жою барысында оқ-дәріні арнайы шұңқырға қою жұмыстары айрықша сақтықпен жүргізіледі. Бұл, олардың жан-жаққа ұшуына жол бермеу мақсатында жасалады. Бұған қоса, жару жұмыстарын жүргізетін топтың командирі жарылғыш заттардың заряд қуатын нақты есептеп, оларды дұрыс орнатуы қажет.
«Жарылу қаупі бар қалдықтармен жұмыстар кезінде саперлер қорғаныс костюмының «Сокол» және «Сақтау» сынды жеңіл үлгілерін, сонымен қатар «Сауыт» сынды ауыр үлгілерін киеді. Оқ-дәрілердің жарылу қаупі бар қалдықтары жол талғамайтын үшөстік бортты автомобильдермен тасымалданады. Олар жүргізушіні тосын жарылыстан қорғай алады», - деді Бақыт Құрманбаев.