Қысқа кигенді "жезөкше" десек, әлімжеттік жасайтын еркектерді кім дейміз?
Қысқа кигенді "жезөкше" десек, әлімжеттік жасайтын еркектерді кім дейміз?
Отандық әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова соңғы уақытта біраз талқыға түскен "Жезөкше" видеоролигіне қатысты өз пікірін білдірді, - деп жазады NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі.
"Бұл тақырыпқа қатысты өз ойымды жазайын ба, жазбайын ба деп көп ойландым. Қыз тәрбиелеп отырған соң, үнсіз қалғым келмеді. Соңғы уақытта қазақ қызы тәрбиеленем деп, таяқ жеп жатқандай көрінеді маған. Маркерге бір теңелдік, енді...
Әлжеліде қызу талқыға түскен роликті ("Жезөкше") көріп, жазбаларды оқып шықтым.
Адамды киген киісіне қарап таниды деген ұстанымды жеткізіпті. Анау полицей, анау медбике, ал сен қысқа белдемше (юбка) кигендіктен -жезөкшесің дейді. Алайда есті қыз етегін он рет қымтап ұстаса да, бұл қоғамда есірген еркек әлімжеттік жасап, сонда да арам ойын жүзеге асыратынын неге есепке алмасқа?! Ондай еркекті кім дейміз?!
Қоғамды қыз арқылы ғана тәрбиелейміз деген қате түсінік. Қоғам жалғыз қыздан құрылмайды. Оның екінші бөлігі еркек. Қысқа кидің екен деп бөтен еркектер осы роликті көріп алып, қыздарға дәл осылай бас салса, кім жауап береді?! Қате түсінік қалыптастырған, тәрбиелейміз деп таяқ жегізген "идеологтар" қорғай алады ма?
Бұл жазбам арқылы қысқа киюді насихаттамаймын және кимеңдер деп бас салмаймын. Жеке ойымды өзгелерге тықпаламаймын. Әркімнің екі иығында басы бар. Өздері шешеді. Тек мына қоғам қызын қадірлесе",- деп жазады Жұлдыз.