Жаңалықтар

Адреналин: Желмен жарысқан байкерлердің түнгі тірлігі

Адреналин: Желмен жарысқан байкерлердің түнгі тірлігі

Жоғары жылдамдық әміршілері. Әңгіме әлемдегі ең қауіпті көлік - мотоцикл тізгіншілері туралы. Әлемде әрбір 860 байкердің біреуі көз жұмады деген дерек бар. Мотоцикл жүргізушілері автокөлік рөліндегілерге қарағанда апаттан 29 есе көп қаза табады екен. Бірақ, осындай қауіптің барын біле тұра, оларды өз бастарын тәуекелге тігуге не итермелейді? Былғары күрте мен қара каска кигендер жүрекжұтқан жауынгер ме? Әлде өмірін жылдамдықпен ғана өлшейтін жандар ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. «Оларға қара түс, жылдамдық, еркіндік және адреналин ұнайды. Біз бүгін байкерлер туралы айтамыз». Нұр-Сұлтан. Саябақ. Жастардың кешкілік кездесу орны. Мұндағы көріністі құдды бір қымбат авто мен мотокөліктердің көрмесі дерсіз. Байкерлер тірлігі жер аяғы кеңейген кезден бастап қыза түседі. Мотоцикл әлемдегі ең қауіпті көлік түрі бола тұра, Елорданың өзінде 700-ге жуық байкер барын білесіз бе? Мотокөлік тізгіндегендер жүрек жұтқан жандар екені сөзсіз. Себебі бұл көлікке отырудың өзі аса өжеттілік пен сенімділікті талап етеді. Қос дөңгелекті көліктің саналуан түрі, түсі, көлемі бар. Тарихқа үңілсек нағыз байкер бірінші кезекте темір тұлпардың алыс жолға шыдамдылығына аса мән береді. ЕРЛАН КАШКЕНОВ, БАЙКЕР: «байк, мотобайк, енді мотокөлік, екі доңғалақты көлік ол тура машина сияқты бөлінеді. мысалы жол таңдамайтын көлік болады, жоғары жылдамдықпен жүретін көлік болады. Тура солай мотокөліктің де айырмашылықтары бар. Маған жәй ғана қарапайым алыс сапарға жүретін көлік керек болған, солай таңдап алдым мен өз мотокөлігімді». Елорда төрінде сәні мен салтанаты жарасып жүрген мотокөліктердің маркалары да, бағалары да әртүрлі. Орта есеппен 1 миллион теңгеден 100 мың АҚШ долларына дейін жететіндері де бар. «Мотокөлік тек ерлерге тән қатынас құралы ретінде көрінгенімен, байкерлер арасында нәзік жандар да бар. Солардың бірі Бота". БОТА ӨМІРБАЙ, БАЙКЕР -         Бота, қайырлы кеш! Қалыңыз қалай? -         Жақсы. Өзіңіз? -         Жақсы рахмет! Сіз неше жасыңыздан бастап мотокөлік айдайсыз? -         3 жыл болды. Мен қазір 27-демін. 24 жасымнан бастап айдаймын. Жұмыстан келген соң ең бірінші мен оны іздеймін. Себебі жұмыста көп шаршаймыз. Көп проблемалар бар. Мотоцикл айдаған кезде сенің жаның онымен бірге жүреді. Мен қатты демаламын. -          Сіздің мотокөлігіңіз нешеге дейін жылдамдық арттыра алады? -         3000 километр болады. Бірақ мен 280-ге дейін апарып көрдім. Бір-ақ рет көрдім, болды. Екі балам бар, ол маған керегі жоқ». Әрине, мотоцикл адам бойындағы сенімділік пен жылдамдыққа деген құштарлығын арттыра түседі. Алайда, кез келген көлік қателікті кешірмейді.  Сондықтан әрдайым абай болған жөн! «Қазір біз Елорданың басты көшелерінің бірімен жүріп келеміз. Желдің жылдамдығы шамамен 15-20 метрге жететін сияқты. Өздеріңіз көріп тұрғандай байкерлердің осылай топтасып жүру өзіндік дәстүрі бар. Олар маусымның ашылу және жабылу салтанатында осылай колонамен жүреді». Олар әртүрлі, бірақ бұл жандарға ортақ бір нәрсе бар - ол темір тұлпарға деген махаббат, еркіндікке, жылдамдыққа деген құштарлық. Қауіпті көлік рөлінде отырғандардың бірі мемлекеттік қызметкер, енді біреуі дәрігер болса, арасында мұғалімдерді де кезіктіресіз. ДАРХАН САБАЗ, БАЙКЕР «Әрине бұл мото қоғамның бір философиясы бар. Бұл философия адамның жеке бір бостандығы. Үлкен қашықтыққа жүргеннен соң қарсы келген жел, өткен жол оның бәрі бір философия сияқты.  Жұмыс, қандай да бір іс-әрекет жасағансоң, мотоциклге отырғансоң ерекше сезім, оны түсіндіру қиын, ерекше бір ғажайып сезім». Бұл бұрымдыларды көргенде, оларды жеңіл жүрісті деп қалуыңыз мүмкін. Олардың сыртқы образы солай ойлауға мәжбүрлейді. Бірақ, жақын араласып, жас қыздардың көңілді, керісінше, жақсылыққа жаны құштар қайырымды жандар екенін ұғасыз. "Сырт көз алдамшы" деген осы шығар?! Әдетте бұқара байкерлерді жақтыра бермейді. Рас, көшеде шулайды, жол апатына жиі себепкер деп шағымданады. Бірақ жұрт  оларды көргенде суретке түсіп жатады, естелік үшін. Тіпті мемлекеттік мерекелердің өзінде де осы байкерлер түрлі шаралардың ажарын ашады! Бұл былғары күрте, қара каска киген өжет жандардың қоғамда өзіндік орны барын білдіреді!