Министр Сағадиев бүркітші Айшолпанға көмектеспек

24 Қыркүйек, 2018 942 0

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Моңғолиядан келген бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесті, деп хабарлайды Newsroom.kz ақпарат агенттігі. 

Министрмен кездесу барысында 17 жасар бойжеткен болашақта Гарвард университетінде жоғары білім алып, журналист мамандығын игеруді армандайтындығын жеткізді. Қазақстанға алғаш рет келген бүркітші қыздың алдымен елімізде академиялық білімін жетілдірмек ойы бар. Ерлан Сағадиев ҚР Білім және ғылым министрлігі  Айшолпанға қолдау көрсетіп, көмек қолын созуға дайын екендігін айтты:

«Гарвард университетінде оқу бір жағынан қиын. Мен өзім сонда оқығанмын. Бірақ олар саған бірнеше бағыт береді. Солардың арасынан келешек мамандығыңды таңдауға болады. Мамандық жағын жақсылап ойластыру керек» деп министр Айшолпанға кеңес берді.

Жиын барысында министр келген қонақтармен Монғолиядағы білім сапасы мен жалпы мектептердің жағдайы жайлы әңгіме өрбітті. 


Ең жас бүркітші қыз ретінде "Оскар" сыйлығына ұсынылған Айшолпанды әкесі Нұрғайып құсбегілікке жастайынан баулыған. Жас қыздың есімі бүркітшілер арасында өткен үлкен жарыстағы жеңісінен кейін әлемге  таныла бастады. Жарысқа қатысушы бүркітшілердің арасында ең жасы болған ару шетелдік БАҚ-тың назарына ілігіп, BBC, CNN телеарналары оған қызығушылық таныта бастаған. Айшолпанның бүркіті соңғы маусымда 12 түлкі, 2 қасқыр алған. Жас дарын иесі xалқымыздың көне мәдениетін барша әлемге танытып, өзінің шеберлігімен көпшілікті тәнті етіп келеді. 

Кездесу соңында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев дарынды қызға сәттілік пен жеңісті күндер тілеп, сыйлықтар табыстады.




Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.