Қазақстандық көкпаршылар жарысқа өз аттарымен бармаған

12 Қыркүйек, 2018 818 0

2-8 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Додада ұлттық спорт түрінен Өзбектерге есесін жіберген көкпаршыларымыз әлеуметтік желіде халықтың сынына ұшыраған еді. Жарыс біткен соң қазақстандықтардың өз аттарымен бармағандықтары белгілі болды. Бұл жайлы Tengrinews.kz хабарлады.

Желідегі сынның бір сыпырасы көкпаршылардың атсыз барғанына айтылды. Сөйтсек, Қазақстанның Ұлттық спорт қауымдастығы турнир қарсаңында Қырғызстанның "Көкбөрі" федерациясына атпен қамтамасыз ету туралы өтініш жолдаған екен.





Қазақстан көкпар федерациясының президенті Ерлен Оспановтың айтуынша, Қырғыз тарапынан мұндай көмек сұраудың себебі 27 тамызда ғана аяқталған Қазақстан чемпионаты екен.  "Дәл 27 тамызда көкпардан Қазақстан чемпионаты аяқталды, сондықтан аттарды дайындап үлгермей, Қырғыз тарапына осындай өтініш айттық. Қырғыз тарапы бізге тәп-тәуір аттарын беріп, жақсы күтіп алды. Десе де, біз бұдан уақыт жоғалттық. Жалпы айтқанда, өз атымызбен бармауымыз жеңіліс табуымызға себеп емес",-дейді Оспанов. 

Ал, министр айтқан ойындағы шеңбер мен қазандық қоюдың ерекшелігін Қазақстан көкпар федерациясының президенті былай деп түсіндірді:  "Халықаралық қауымдастық бар, сол қауымдастық бекіткен ереже бойынша, біз бұл турнирде қазандықсыз, яғни шеңбер арқылы ойнауымыз қажет еді. Себебі, қазандыққа аттар жиі соғылып, жарақат алып жатады, спортшыларымыз да аяғын жарақаттайтын. Сондықтан, ұлттық спортымызды осылай игі мақсатта модернизациялау туралы шешімге қарамастан, Шолпан-Атадағы додада ескі ережемен ойнауға мәжбүр болдық", - дейді ол.

Дереккөз: Tengrinews.kz

Тегтер: көкпар, Көшпенділеройыны, өзбк, қазақ, қырғыз

Пікір қалдыру