Телеграм қазақ тілінде қызмет көрсететін болды

11 Қыркүйек, 2018 212 0

Бұған дейін аталмыш мобильді қосымша интерфейсінің 13 тілді нұсқасы болғаны белгілі.

24 жастағы қазақстандық Тимур Бехер өз серіктерімен бірге телеграм қосымшасының интерфейсін қазақтілді қолданушыларға қолайлы етіп жасап шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Бұған дейін аталмыш мобильді қосымша интерфейсінің 13 тілді нұсқасы болғаны белгілі. Оның ішінде орыс және украин тілі де бар еді. Ал, қазақтілді желі қолданушыларына телеграмды еш кедергісіз пайдалану үшін интерфейсті қазақшалау ауадай қажет еді. Мұндай қадамға әлемнің өзге елдері де барғанын айта кету керек. Олар танымал мессенджердің тілін өздеріне ыңғайлап алған.

– Қазақстандықтар үшін өте қолайлы мобильді қосымшаның қазақтілді интерфейсінің болмауы мен үшін түсініксіз жайт. Елімізде қазақ тілін дамытуға көптеген жұмыс атқарылып жатыр, сондықтан біз Телеграмды қазақшалауды жөн деп таптық, – дейді Тимур Бехер.

Телеграм қолданушылары өз мессенджеріне қазақша интерфейс орнату үшін файлды @QazTransBot ботынан жүктеп алып, нұсқаулық бойынша орнатып алуы тиіс. Қазақтілді нұсқа iOS және Android платформаларында қолжетімді.

Жоба авторының айтуынша, қазақша Телеграмда қателіктер болуы мүмкін. Сондықтан, қолданушылар тарапынан ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда скрин-көшірмені @qz_gram дайректіне жолдай алады.

Жалпы, Телеграм мессенджері Қазақстанда ең көп жүктелген мобильді қосымшалардың бірі екенін айта кетейік. Әр күн сайын аталған мессенджер қолданушыларының саны жарты миллион адамға артып отырады.

 

Пікір қалдыру