Көшпенділер ойыны: Қазақстан ат жарысынан алтын жүлде иеленді

06 Қыркүйек, 2018 706 0


Қырғызстанның Чолпан-Ата қаласында өтіп жатқан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бесінші күні ат жарыстары мәресіне жетті, деп xабарлайды Newsroom.kz тілшісі. 

Ат жарыстарының қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынына 1 алтын, 1 қола жүлде түсті.

Алдымен қысқа аралықтағы ат жарыстары мәресіне жетті. 1600 метр қашықтықтағы ат бәйгесінде қырғыздың «Данбай» атты сәйгүлігі мәре сызығын бірінші кесті. Аттың иесі – Бурганак Жапаров. Екінші орынды Ресейдің «Харт ту Кети» атты жылқысы иеленді. Үшінші орынды жерлесіміз Әділет Шынайдаровтың «Падиша Нури» атты сәйгүлігі кесті. 

Құнан бәйге жарысында жүлделі орынның барлығы Қырғызстан сәйгүліктеріне бұйырды. 
2400 метр қашықтықтағы ат жарысынан сайыс жолына шыққан шабандоздар арасында алтын жүлдені жерлесіміз Мерхан Бұлғынов алды. Арғымағының есімі – «Дичато». Шабандозы – Мейрамбек Табылдиев. Күміс жүлдені «Асанбек ата» кәсіпорынының «Каркыра – Донна Екос» (Қырғызстан) арғымағы иеленді. Қола жүлде Турсунаалы Мамбетантовтың «Фэн кэролайн» (Қырғызстан) атты жылқысына бұйырды.
3200 метр қашықтықтағы ат жарысында Башкорстаннан келген (Ресей) «Желқабыз» атты арғымақ алтын жүлдені алды.  Аттың иесі – Зарипов Рассим. Күміс жүлдені Апрокалдис атымен жарысқа түскен Менсулин Абылгазиевтың (Қырғызстан) арғымағы иеленді. Қола жүлде тағы бір қырғызстандық атбегі Турсунаалы Мамбетайтовтың сәйгүлігіне бұйырды.  Аттың аты – «Файдинг Даймондс». 

Бесті жорға жарыстарының жүлделері қырғызстандық «Канзас», «Мамба лок», «Победа» атты сәйгүліктерінің еншісінде кетті. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2-8 қыркүйек аралығында өтеді. Жаһандық жарысқа 80-нен астам елдің 3000 жуық спортшысы қатысуда. Олар 37 спорт түрінен бақ сынайды. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын 134 спортшы қорғайды.

Пікір қалдыру