Көшпенділер ойындары: Еншімізде 9 медаль

06 Қыркүйек, 2018 298 0

Қырғызстанның Шолпон-Ата қаласында өтіп жатқан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші жарыс күні қазақстандық спортшылар  9 медаль иеленді, деп хабарлайды Newsroom.kz ақпарат агенттігі. 
Төртінші жарыс күніндегі медальдардың  алтауы күміс, үшеуі қола.
Қырғыздың төл күресінен ерлер құрамасы жарап 4 күміс, 1 қола еншіледі. Ұлттық құрама сапынан  Мұхамеджанов Әлішер (55кг), Берекетов Мейіржан (60кг), Станеев Леонид (84кг), Қалиев Арман (96кг) күміс медаль иеленді. Ал 66 келіде өнер көрсеткен Қырғызбаев Ғұмар қола медальді қанағат тұтты.  
Мангала спортынан да ерлер құрамасы жалпыкомандалық есепте күміс медаль алды. Әйелдер құрамасы мангаладан Қазақстан қоржынына  күміс медаль салды. 
Мангала спортының  жекелей сынында ұл-қыздарымыз қоланы қанағат тұтты. Олар 
 Базаралиева Гүлнұр және Шотаев Мақсат. 
Сонымен қатар, бүгін алаңға көкпаршыларымыз шықты. Отандық спортшылар алғашқы ойынын Ресейдің Красноярск өлкесінен келген командамен өткізіп, 15-3 есебімен жеңді, екінші ойында АҚШ құрамасымен кездесіп, 20-9 есебімен аяқтады. Ертең 6 қыркүйекте қазақстандық көкпаршылар өзбекстандық спортшылармен кездеседі. 
Қысқаша айта кетер болсақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2-8 қыркүйек аралығында өтеді. Жаһандық жарысқа 80-нен астам елдің 3000 жуық спортшысы қатысуда. Олар 37 спорт түрінен бақ сынайды. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын 134 спортшы қорғайды.

Пікір қалдыру