ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалауын желбіретті

03 Қыркүйек, 2018 604 0

Бүгін Қырғызстанның Шолпон-Ата қаласында III Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жалауы желбіреді.

Бәсекеге 37 елден 3000-ға жуық спортшы қатысады. Оның ішінде Қазақстан құрамасының сапында 130 спортшы жарыстың 37 түрі бойынша ел намысын қорғайды.

Көшпенділер ойындарының ресми ашылу салтанаты Шолпон-Атадағы ипподромда өтті. Қырғызстанда үшінші мәрте өтіп жатқан жазғы ойындар алғаш рет 2014 жылы дәл осы стадионда ұйымдастырылған болатын.

Мемлекеттік туымызды аударыспақтан Азияның үш дүркін чемпионы, Сырым Ізбасаров ұстап шықты. Осыдан екі жыл бұрын Шолпон-Ата қаласында өткен Көшпенділер ойындарында аударыспақтан Азия және Әлем чемпионы Біржан Қосалиев алып жүрген-ді. Осылайша, қатарынан екі Көшпенділер ойындарында көк туымызды ұстап шығу аударыспақшыларымызға бұйырып отыр.

Қазақстан құрамасы екі мәрте ұйымдастырылған Көшпенділер ойындарында медаль саны бойынша жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінген. Биылда сол межеден көрінуді мақсат тұтып отыр.

Еліміздің спортшылары І және ІІ көшпенділер ойындарында медальдің басым бөлігін күрес түрлері бойынша, аударыспақ, ат спорты, садақ ату, бәйге, тоғызқұмалақ жарыстарынан еншілеген.

Қазақстан ұлттық құрама командасы тұңғыш рет 2014 жылғы 8-14 қыркүйекте Чолпон-Ата қаласында (Қырғызстан) өткен І Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 28 медальға қол жеткізіп, олардың – 11 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль, жалпы командалық есепте 18 мемлекеттен ІІ орынға ие болды.

ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2016 жылғы 3-8 қыркүйекте Чолпон-Ата қаласында өткізілді.


Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ,

 Шолпон-Ата, Қырғызстан


NewsRoom + АА III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеуге қол ұшын созған ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Алғыс білдіреді.

Тегтер: қырғызстан, шолпан, ата, спорт, жаңалықтар, қазақстан

Пікір қалдыру