Түркістанда Конституция күні атап өтілді

30 Тамыз, 2018 281 0

Түркістан облысының орталығы — Түркістан қаласында Конституция күніне орай «Айбары мықты — Ата Заң» мерекелік шарасы өтті. Салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілікті мерекемен құттықтады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған newsroom.kz жазды.

 — Ата Заң күні — халқымыз үшін ең қастерлі, ең ұлық мереке. Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Конституциямыздың қабылданғанына биыл 23 жыл толып отыр. Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!  Бүгінгі жиынымыздың мәні терең екендігін атап айтуға тиіспіз. Өйткені Елбасымыздың бастамасымен өңірімізде тарихи тың бетбұрыс жасалып, мемлекеттің тағдырында маңызды орталыққа айналған Түркістанда өтіп отыр. Екі ғасырдан астам уақыт Ұлы дала дәстүрін дәріптеп, «Жеті жарғысы» жазылған қасиетті Түркістанның орны Қазақ елі үшін ерекше. Ендеше, тамыры «Жеті жарғыдан» тартылған Ата заңымыздың айбыны асқақтай берсін! — деді өңір басшысы еңбегімен үздік атанған бір топ азаматқа Грамота мен Алғыс хат тапсырды.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер алқасы мен зиялы қауым өкілдері, ҮЕҰ мүшелері,  студент жастар, БАҚ өкілдерінен құралған 600-ге жуық азамат қатысты. Салтанатты шарада облысымыздың өнер ұжымдары мен әншілері концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндерді шырқады. 

 

Тегтер: түймебаев, түркістан, конституция, жаңалықтар

Пікір қалдыру