А.Арғынғазинов: экономикалық ойлар

24 Тамыз, 2018 422 0

NewsRoom+ ақпарат агенттігі бүгіннен бастап, оқырмандарға жас экономист және сыртқы саясат пен экономикалық зерттеулер институтының жетекшісі Айбол Арғынғазиновтың «Экономикалық ойлар» деп аталатын мақалалар сериясын ұсынады. Аталған жоба аясында, бір жыл бойы экономика мен әлемдік саясаттың сан түрлі тақырыбы қозғалып, қысқа да нұсқа жазбалар портал бетінде үзбей жарияланып отырады. Сондықтан, бұл жоба қазнеттегі бірегей контенттердің біріне айналып, экономика саласына қызығатын оқырмандар үшін құнды мәліметтер болады деген сенімдеміз.

Қазіргі замандағы мемлекеттің экономикалық тұрақтылығының негізі – инфляцияның шекті қалыптан аспауы мен ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін өндіріс пен жұмысбастылыққа жағдай туғызу.

Экономикалық дамудың қазіргі кезеңдегі негізгі өзегі – жаңа теxнологияға негізделген өндіріс. Екінші дүниежүзілік соғыстан соңғы азиялық елдердің әлемдік экономикадағы алдыңғы қатарға қосылуы да соңғы теxнологияға негізделген өндірісті құра білгендігінде болып отыр. Нобель сыйлығының лауреаты Майкл Спенстің пікіріне сүйенсек, Азияның экономикалық өсуі ұзақ мерзімді үдеріске айналуы сөзсіз, Қытай мен Үндістанның әлемдік экономикадағы жетекші рөлі бұдан әрі ұлғаймаса, кемімейді.

Үшінші мыңжылдықтың екінші онжылдығына әлемдік экономика жаңа құрылымдық өзгерістермен қадам басып отыр. Шикізатқа, мұнайға негізделген экономикалық өсу осы жүзжылдықпен тәмамдалмақ. Адам баласының қоршаған орта, табиғатқа тым аяусыз болуы экономикалық дамуға да әсерін тигізбей қоймайды.

Қоршаған ортаға шығарылатын көмірқышқыл газы қазіргі таңда қалыпты шектен екі есе асып, жылына 30 млрд. тоннаны құраса, алдағы отыз-қырық жылда бұл көрсеткіш 60 млрд. тоннаға жетуі бек мүмкін.

Бұл табиғи ресурстардың мерзімінен бұрын сарқылуына, мұздықтардың аса зор қарқынмен еруіне себеп болады. Алдағы жарты ғасырда ауыз су мәселесі де күн тәртібінен өзекті орын алмақ.

Осының барлығы әлем елдерінен табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға негізделген экологиялық өндіріс пен интеллектуалды негізі берік парасатты экономикалық саясат жүргізуді талап етеді.

Қазіргі таңдағы әлемдік экономикадағы соны трендтің бірі – басымдықтың еңбекті қажет ететін өндіріс, ауыр өнеркәсіптен көрсетілетін қызметтерге қарай ауысуы. Бұл тренд азиялық алпауыт – Қытай экономикасында кеңінен көрініс тауып отыр. Соңғы жылдары Қытай экономикасында еңбекті қажет етін экспорттық салалар еңбектің арзан түрімен алмастырылып, экономиканың басқа салаларында электронды өндірістің үлесі артып келеді.

Алдағы жылдарда әлемдік экономикаға мұнай бағасы, сауда саласындағы ахуалдың шиеленісуі, әлемдік саясаттың ірі ойыншыларының бір-біріне қатысты саясатындағы өзгерістер ықпал етіп, Дүниежүзілік валюта қорының болжамынша, 2018, 2019 жылдары әлемдік экономиканың өсуі 3,9%-ды құрайды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердегі экономикалық өсу 2,3% деңгейінде сақталады. Мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасының тұрақты өсуіне ықпал ететін болады.

АҚШ-тың бірқатар елдердің импорттық тауарларына қатысты тарифтерді енгізуі, АҚШ пен Қытай арасындағы Дүниежүзілік сауда ұйымының талқысына түсетін сауда дауы, Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы экономикалық қатынастардың қайта қаралуы, алдағы жылдарда 2017 жылға қарағанда әлемдік сауда көлемінің азаюына алып келеді.

Осындай белгісіздік пен шиеленістер жағдайында орнықты дамуға ықпал ету үшін сыртқы борыштың қалыпты деңгейін сақтау, қаржы нарығын реттеуді қатаң бақылауға алу, шетелдік валютаның айырбас бағамына босаңдық беру, бюджет саясатын қор жинақтауға бағыттау, инфрақұрылымды, іскерлік ортаны, инвестициялық ахуал жақсарту мен адами капиталды дамыту экономикалық саясаттың негізгі басымдығына айналуы тиіс.


Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ,

экономика ғылымдарының магистрі 

Тегтер: айбол, арғынғазинов, экономикалық, ойлар, сараптама, аналитика, мақала

Пікір қалдыру