Прагматизм, көпвекторлық және ұлттық мүдделер

14 Тамыз, 2018 2811 0

Әлем тез өзгеріп, жаһандық күштер теңгерімін қайта бөлу жалғасып жатқан қазіргі кезеңде бірізді және стратегиялық жағынан дәйекті дипломатия ерекше сұранысқа ие. Жаңа экономикалық қуат орталықтарының және оларға байланысты саяси ықпал ету орталықтарының пайда болуына куә болып отырмыз.

Жалпы алғанда, әлемдік экономика біртіндеп қалпына келіп, он жыл бұрынғы көрсеткіштер деңгейіне оралды. Сонымен қатар жаңа тектоникалық өзгерістердің нышандарына ұқсас процестер де көз алдымыздан өтіп жатыр. Мұның бәрі әлемнің барлық елдерінің дипломаттарына көздеген мақсаттарды жедел бейімдеу, үнемі жетілдіру және түзетіп отыру міндеттерін жүктеп отыр.

Халықаралық қатынастарды дамытудағы қазіргі кезеңнің негізгі мазмұны - дипломатиялар үшін қолдану тұрғысынан ерекше қызығушылық тудыратын әлемдік саяси тәртіптің жаңа архитектурасына көшу. Оны төмендегі факторлар мен үрдістер негізінде айқындап беруге болады.

Біріншіден, біз үшін үйреншікті дүниелер үнемі өзгеріп отырады, тіпті қазір әлемдік тәртіп сындарлы және күрделі өзгерістерге ұшырап жатыр. Жалпы алғанда, халықаралық қатынастар биполярлық жүйені бұзғаннан бері, толықтай ретке келтірілген жоқ. Оның үстіне кейбір жағдайларда олар күрделене түсті де, болжап білу мүмкін емес болып кетті.

Тәжірибе қазіргі заманғы көптеген мәселелердің күш арқылы шешу жолдарының жоқ екендігін айқын көрсетеді. Күшпен әрекет ету позициясы тек жаңа қиындық тудырады. Соның кесірінен бүтіндей мемлекеттер (Ауғанстан, Ливия, Сирия, Ирак және басқалар) ыдырау шегінде тұр.

Мұндай көзқарас сөзсіз әлемдік саясаттағы қақтығыстар кеңістігінің кеңеюіне соқтырады. Бірақ, бұл факторды әлемнің барлық елдері  біртіндеп түсініп келеді. Қарсыласу бүгінгі күні ешкімге пайда әпермейді, ал қазіргі жағдайда жанжалдарды (экономикалық, саяси немесе әскери) ушықтыру арқылы әлдебір тараптың жеңіп шығуы мүмкін емес.

Халықаралық қатынастар дамуының жаңа кезеңі басталғанын әйгілейтін сипаттар да көріне бастады. Оның мазмұны әлемдік процестерді өзара сенім білдіру мен позитивті ынтымақтасу арқылы жүргізу болмақ. Мұндай тәсілдің жарқын мысалы - Каспий жағалауы елдерінің Ақтауда өткен бесінші саммитінде қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция. Барлық қатысушылар мен белгілі сарапшылар бұл тарихи келісімді бекіту үшін Қазақстан мен оның сыртқы саясатының шешуші рөл ойнағанын мойындады. Бұл мәселе соңғы 30 шақты жыл бойы күн тәртібінен түспеген. Мұндай күрделі мәселені бейбіт әрі байсалды түрде шешу халықаралық қатынастардың даму жолының болашағын паш ететін бір көрініс іспетті.

Осыған байланысты халықаралық қатынастардың дамуындағы жаңа кезеңнің белгілері айқын байқалады. Оның мәні өзара сенімділік пен оң ынтымақтастық жағдайында әлемдік үрдістердің дамуы болмақ. Осындай көзқарастың жарқын мысалы - Қазақстанның биылғы қаңтар айындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі нәтижесінде қабылданған бастамалар. Ал бұл бастамалар іс жүзінде елдер мен белсенділерді неғұрлым көптеп антиядролық қозғалысқа тарту арқылы орындалмақ.

Екіншіден, қазір байқалып отырған саясат пен халықаралық қатынастардағы турбуленттіліктің бір сипаты - жаңа және әрдайым жағымды болып шықпайтын процестер. Мәселен, тұтас бір бағытқа айнала бастаған популизмнің таралуы. Көптеген сарапшылар мұны бүгіннің өзінде жаңа «қалыпты жағдай» деп атайды.

Популизмнің өршуінің түп себебі - мынадай объективті мәселелер: экономикалық өсу орталықтарының ауысуы мен содан туатын әлеуметтік теңсіздік, бұқаралық көші-қон жағдайында мәдени ерекшеліктерді жоғалту қорқынышы, сонымен қатар шулы лаңкестік шабуылдар мен қылмыстар санының өсуі және оларды демагогтардың нәсілдік немесе діни негіздердегі ксенофобия мен араздықты қоздыру үшін пайдалануы.

Бұл мәселелердің қарапайым шешімі жоқ, оны популистер жақсы біледі, оларға барлық келеңсіз жайттар үшін кінәні үкіметтерге және қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне тағу анағұрлым оңай. Осындай көңіл-күй, соңғы кездері, әсіресе, Еуропа Одағы елдерінде байқалады.

Кейбір еуропалық дипломаттар жалпы дәстүрлі институттар әлісреп, олардан бұқараның көңілі қалып, үкіметтерге, саяси партияларға, соттарға, БАҚ пен қаржы мекемелеріне деген сенімі жоғалды деп пайымдайды.

Қалай болғанда да, Еуропада қоғамның саяси, қаржылық және интеллектуалдық истеблишменті жеңіліске ұшырап жатыр, технократтар популистерге жол беріп, ұлтшылдар мен дәстүршілдер либералдар мен жаһандануды жақтаушыларды ығыстырып барады. Бұл Еуропа Одағындағы дамыған елдердің өзінде байқалады.

Жаңа әлемдік тәртіпті сипаттайтын тағы бір тенденция -  протекционизм де тұрақты сипатқа ие болып отыр. Бұның сипаты - кейбір елдердің оқшаулануы, сауда-экономикалық қатынастардың көп жақты форматынан жеке аймақтықтарға көшуі. Мұны жекелеген сарапшылар «деглобализация» деп бағалайды.

Бірақ, ең бастысы, бір орталықтан таралатын үрдіске айналған бұл трендтердің дамыған елдерден бірте-бірте дамушы елдерге таралуы алаңдатады. Бұл, әсіресе, Еуропада жұмыс істейтін дипломаттарға мәлім дүние.

Үшіншіден, экономикалық және саяси дамудың әлемдік орталығы біртіндеп Азияға ауысып келеді, ал Орталық Азия аймағындағы ішкі диалогты құру оның дамуын айқындаушы үрдіске айналып отыр. Бұл фактор келешекте ұзақ мерзімді өзгерістердің негізгі қозғаушы күші болып қалуы ықтимал.

Бұрын дамушы елдер жаңғыру процесіне қуып жету принципі бойынша ілесіп отыруға мәжбүр болды, бүгін көптеген Азия елінің мысалына сүйенсек, олар дамудың жаһандық динамикасын қалыптастырып отыр. Қазақстан үшін бұл тренд айрықша маңызды, өйткені Орталық Азия көптеген бағалауларға сәйкес жаһандық экономиканың шеткі аймақтарынан оның белсенді орталығына айналуға бет бұрды.

Қазір «Бір белдеу - бір жол» атты Қытай бастамасының аясында құрылған көлік инфрақұрылымы бойынша өтетін болашақ қуатты жүк ағымдарының өсуі туралы көптеген болжам бар. Жалпы алғанда, осындай болжамдармен, әсіресе, қазіргі заманғы Жібек жолын қалпына келтіру бағытында әрекет етуші көптеген жаһандық және аймақтық ойыншылардың белсенділігін ескере отырып (бұл шын мәнінде, Қытайдың сыртқы саясатының басты мақсаты) келісуге болады. Алайда, Орталық Азияның дамуына тән әлеуетті түгел жүзеге асыру үшін Қазақстанға және көршілерімізге көптеген экономикалық және дипломатиялық мәселені шешуге тура келеді.


Нұрбах РҮСТЕМОВ,

ҚР Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі


Тегтер: рүстемов, нұрбах, қазақстан, дипломатия, астана

Пікір қалдыру