Астана тұрғындары лифт картасын Telegram арқылы толтыра алады

19 Шілде, 2018 492 0

Елордада Telegram әлеуметтік желісі арқылы лифт картасын толтыруға болады. Бұл туралы «Astana Innovation» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Біз Telegram мессенджеріндегі астаналық чат-бот арқылы лифт карталарындағы баллансты толтыру мен төлеуді жүзеге асыру қызметін іске қоспақшымыз. Оған https://t.me/smartastana_bot сілтемесі арқылы кіруге болады», - деді О. Сартаев.

Сондай-ақ, ол лифт карталарын толтыру процесіндегі келеңсіздіктер мен қиындықтарға тоқталды.

«Үйге келген кезде көбіне лифт картамыздағы баланстың таусылып қалғанын байқаймыз. Жанымызда жақын жандар немесе тағы бір карта болса жақсы ғой. Ал, болмаса жаяу баруға тура келеді»,- дейді ол.

Оның айтуынша, енді әрбір карта қолданушысы Smart Astana чат-боты арқылы өз теңгерімін тексеріп, оны толтыра алады. Төлемді банк картасы немесе ұялы телефон бірлігі арқылы жасауға болады.

«Бәрі жеңіл – ұялы телефонда бірлік болса болды. Ол арқылы лифт картасына бір жол жүрісінің сомасын аударса да болады. Сіз осылайша ешқандай кеңселерге мұқтаж емессіз, бәрі мобильді нұсқада болмақ», - деді төраға.  

Сартаевтың жазбасына сәйкес, қазіргі таңда үш лифт компаниясы қосылыпты. Олар: «Елорда-сервис», «Сарыарқалифт», «ЕсілЛифтПром» мекемелері. Тағы 8 компания қосылу үстінде екен.

Бұған қоса, ол келешектегі жоспарларымен бөлісіп, Telegram әлеуметтік желісі арқылы жасалатын істердің көбейетінін жеткізді.

«Telegram мессенджері бойынша қызметтерімізді ары қарай да дамытқымыз келеді. Чат-бот дегеніміз – биллинг жүйесі болып табылады. Біз алдымен мұндай қадамды лифт карталарына жасағымыз келді. Алдағы бір-екі айда чат-бот арқылы тағы басқа да бірнеше төлем сервисін қосамыз. Қазір елордалық чат-ботты жасанды интеллект ерекшелігіне үлестіріп жатырмыз. Чат-бот үйрену үстінде. Сондай-ақ, алгоритмді есіне сақтап жатыр. Алдағы уақыттарда ақылды әрі жайлы қызметтер болмақ», - деп түйіндеді «Astana Innovation» АҚ басқарма төрағасы.

Еске сала кетейік, елімізде соңғы кезеңдерде Telegram мессенджері бойынша атқарылатын электрондық қызметтер мен мемлекеттік қызметтер аясы кеңеюде. Мәселен, Telegram-ботында Денсаулық сақтау министрлігінің үш қызметі іске қосылған. Олар: емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру. Сонымен қатар, @EgovKzBot Telegram-бот арқылы қолжетімді сервистер мен қызметтердің саны 10-ға жетті. Олар: мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама, сотталғандығы болуы не болмауы туралы анықтама, жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларда қатысуы туралы анықтама, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтаманы алуға болады. Бұдан басқа базалық зейнетақы төлемінің мөлшері туралы ақпаратты алуға және әлеуметтік мәртебесін тексеру мүмкін болып отыр.








Тегтер: телеграм, астана, лифт, карточка

Пікір қалдыру