Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпова дүниеден озды

14 Шілде, 2018 13523 0

Қазақстанның халық әртісі, "Отан" орденінің иегері Зәмзәгүл Шәріпова 86 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Sputnik Қазақстан порталы хабарлап отыр.

Зәмзәгүл Шәріпова 1931 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол Алматының Жоғарғы киноактерлер мектебін бітіріп, "Қазақфильм" киностудиясында және қазақ радиосында еңбек етеді. 1953жылы М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданды. Сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет еткен актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия мен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден аса рөл сомдады.

Шәріпова ұлттық классика мен заманауи драматургияда Әуезовтің "Айман-Шолпанында" Айман, "Қарагөзінде" Қарагөз, Мүсіреповтің "Ақын трагедиясында" Ақтоқты, Мұхамеджановтың "Жат елде" драмасында Ева Браун, Тәжібаевтың "Көңілдестерінде" Дәмеш, Байсейітов пен Шаңғытбаевтың "Беу, қыздар-ай!", "Ой, жігіттер-ай!" комедияларында Нұрсұлу, Жүнісовтің "Ажар мен Ажалында" Ажар, Исабековтің "Әпкесінде" Қамажай, А.Бекбосынның "Соңғы сезімінде" Ана, Буляковтың "Отыз ұлың болғанша…" комедиясында Сәлима рөлдерін сахналады.

Ал әлемдік классика мен заманауи драматургияда Шекспирдің "Отеллосында" Дездемона, "Ричард Ш"-де Королева, Горькийдің "Күннен туғандарында" Елена, Дельмардың "Өкінішті өмірінде" Анита, Зориннің "Варшава әуендерінде" Гелена, Метерлинктің "Соқырларында" Соқыр әйел, тағы да басқа көптеген рөл орындады.

Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны Әуезовтің "Қарагөз" трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Бұл рөл актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болды, оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүмкіндігі мол екенін танытқан рөлдерінің ішінде ерекшесі Жүнісовтің Ажар мен Ажалындағы Ажар болды.

Шәріпова киноактриса ретінде де танымал. Ол режиссер Шәкен Аймановтың "Дала қызында" Нұржамал, "Біз осында тұрамызында" Дина, режиссер Әбусейітовтің "Өмір жолында" Хадиша, Шәріптің "Заманай мен Аманайында", Сондай-ақ режиссер Мәмбетовтің "Абай" телефильміне түскен.

Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін Шәріповаға Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР халық әртісі құрметті атақтары берілді. "Құрмет белгісі, "Халықтар достығы" және тәуелсіз Қазақстанның "Отан" ордендерімен, сондай-ақ бірнеше дүркін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Тегтер: Театр, әртіс, актриза, Шәріпова

Пікір қалдыру