Түркістан әлемдік деңгейдегі шаһар ретінде дамытылады

13 Шілде, 2018 588 0

Бүгін Түркістан облысының орталығында сәулетшілер мен археологтар, тарихшылар мен суретшілер бас қосты. Өз салаларында елімізге белгілі 40-қа жуық азамат дөңгелек үстел барысында Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жайын сөз етті. Бұл туралы  Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Түркістан қаласындағы жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебев облыс орталығына айналып отырған шаһарды экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени жағынан дамыту басты мақсат екенін атап өтті.

«Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалды. Оның басты бағыттарының бірі туристік  индустрияны дамыту болып белгіленді. Жобаның негізгі идеялық мәні – Түркістан қаласын Түркі әлемінің тарихи астанасы контексінде «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдерге ұсыну. Сонымен қатар, түркітілдес халықтардың сәулеттік, этнографиялық және ұлттық гастрономиялық бағыттарын танытып, қаланы түркі әлемінің мәдени орталығына айналдыру болып табылады»,-деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, жалпы жоба 99,6 гектар жер аумақты қамти отырып, үш кезеңде іске асырылатын болады. Бірінші кезеңде Түркия тарапынан салынған мешіттің оңтүстік шығыс бетіндегі  61,8 гектар жер аумағына «Этоносаябақ» салу көзделсе, екінші кезеңде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қарсы бетіндегі 12,3 гектар жер аумағында «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтары мен сол елдердің тарихын сипаттайтын нысандардың құрылысын жүргізу. Ал үшінші кезеңде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің 88,7 гектар аумағындағы бекініс қорғаны мен арбатты және оның  бойындағы ғимараттарды жаңғырту.

Отырыста Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология  институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, професор Бауыржан Байтанаев, Интеллект-эксперт» әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, професор, академик Саттар Мәжитов, әдебиет сыншысы, жазушы, тарихшы ғалым Құлбек Ергөбек, ҚР құрметті сәулетшісі, саясат ғылымдарының кандитаты Ғабит Садырбаев, тариз ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановтар сөз алып, Түркістанды дамыту бойынша өз ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі Түркістан туризм саласы бойынша Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп,  мәртебесін асқақтататынын жеткізді. Сонымен қатар, ұтымды ұсынысқа қолдау білдірген барша жиынға қатысушыларға шынайы алғысын айтты.  




Тегтер: Түкрістан, даму, туриз, қала, әлемдік

Пікір қалдыру