Экономикалық цифрландырудың тиімділігі қандай?

12 Шілде, 2018 270 0

Экономиканы цифрландырудың нәтижесінде 2010-2016 жылдары дамыған елдердің ІЖӨ (ішкі жалпы өнімі) 4,3 пайыздан 5,5% пайызға көтерілген. Ал, дамушы елдердегі бұл көрсеткіш 3,6 пайыздан бір жарым есе артып, 4,9 пайыз мөлшерді көрсеткен. «Үлкен жиырмалықтағы» елдердің көрсеткішіне үңілсек, соңғы 5 жылдың ішінде 4-тен 5 пайызға жеткен. Әлемдік көрсеткіштерді сүзе отырып байқағанымыз цифрлық экономикадан Ұлыбритания 12,4 пайызбен көш бастап тұр.

International Data Corporation ұйымының сарапшыларының осыдан екі жыл бұрын жариялағанболжауларынша әлем елдерінің цифрлық экономиканы трансформациялауға жұмсайтын қаржылары жыл сайын өсіп, 2019 жылы 2,1 трлн АҚШ долларына жетіп бір-ақ тоқтамақ.

2017 жылдың желтоқсанында елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, 2019 жылға бір жыл қалғанын ескеріп, жоғарыда жазылған мақала тақырыбының төңірегінде біраз сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

«Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингінің Басқарма Төрағасы Руслан Еңсебаевтың осы жылы наурыз айында келтірген деректеріне сүйенсек, ІЖӨ тұрғысынан қарағанда экономиканы цифрландыру келесідей 12 негізгі бағыттар бойынша жүзеге аспақ:

        Astana Hub аясында Халықаралық технопарктер мен стартаптар құру;

        4.0 индустриялық технологияларын енгізу, «Интеллектуалды кен орындарын», құру модельді фабрикалар жұмысын жүзеге асыру;

        Paper free қағидасын ендіру;

        Интеллектуалды транспорт жүйесін құру;

        Электронды сауданы дамыту;

        «Бір терезе» түсінігінің негізінде шағын және орта бизнес үшін цифрлық платформа құру;

        Тауарларды маркілеу барысында көлеңкелі айналымды азайту үшін ақпараттық жүйелерді дамыту;

        Қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту үшін кешенді шараларды жүзеге асыру;

        Open API, Big Data секілді ашық платформалар мен жасанды интеллектті дамыту;

        Телекоммуникациялық инфраструктуралар мен кең жолақты интернетті жеткізіп оны одан әрмен жүзеге асыру;

        Кедендік және салықтық әкімшілікті жетілдіру, электрондық мағлұмдауға (декларацияға) көшу;

        Smart City компоненттерін іске асыру.

Экономикалық сала цифрландыруға өткен жағдайға ол – әлеуметтік салаға да оң әсерін тигізбек. Сапалы білім мен денсаулық сақтау және инвестициялық ортадағы эффект ұзақ мерзімдік келешекте біз жоғарыда сөз еткен дамыған елдермен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан салыстырғанда өз нәтижесін көрсетеді.

Қазіргі алдын-ала экономикалық болжамдар бойынша экономиканы цифрландырудан болатын тікелей эффекттің нәтижесінде елімізде 2025 жылға қарай 1,7-2,2 трлн теңге қосымша құнды құрауға мүмкіншілік береді. Оқырмандар үшін нақтырақ айтар болса, Қазақстан 2025 жылға қарай жалпы және жеке инвестицияларды 4,8-6,4 есе қайтарып алуды көздеп отыр. Демек, бұл ел азаматтары мен тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің оңалуына оң әсер етеді деген сөз.

Дәл осы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын ерінбей бір оқып шықсаңыз, еліміздің экономикасының басым бағыттары дамып, экспорттық әлеуетіміздің артуына мүмкіншілік ашылғалы отырғанын байқайсыз. Сонымен қатар, әлем елдері әлдеқашан өтіп кеткен жергілікті электронды сауда айналымының дамып, ел тұрғындарына ешқайда бармай-ақ, сауда-саттық жасап, тіпті қажет болса, пайда табуларына мол мүмкіншілік қарастырылмақ.

Сондай-ақ, жоғарыда сөз болған 12 бағыттың ішіндегі ең соңғысы Smart City компоненттерін іске асыру барысында, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалалары «ақылды қалаларға» айналмақ. Оның әрбірінде тұрғындарға бар жағдай жасалып, қауіпсіздік қарастырылып, экология мәселесі де ескерілмек.

Еуропалық «ақылды қалалардан» үлгі алған Smart  Сity негізінен алты бағытты басты назарға ұстауда: Ақылды экономика, Ақылды басқару, Ақылды өмір, Ақылды мобильділік, Ақылда адамдар мен Ақылды орта.

Ел тұрғындарының 50 пайыздан астамы қалада тұратынын ескерсек, бұл бағыт энергоресурстар мен коммуналдық жүйелерге және жолға кететін шығындарды, жол-көлік апаттарын барынша азайтуға үлес қосады.  

Бағдарламаны әзірлеушілер 2022 жылға қарай Қазақстандағы барлық қалалар Smart-қа өтіп, қалалықтар «ақылды қалаларда» тұрады деп сендіруде. Несі бар, кешегі көшпенді халықтың ұрпағы дамыған 30 елдің қатарына еніп, «ақылды қалада» тұрса айып па? Сондықтан болар, «Цифрлық Қазақстанға» сенім көп...


Уәли ЖҮМӘСІЛ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер: цифрлық, қазақстан, астана, зерде, жаңалықтар, холдинг, цифр, сан

Пікір қалдыру