«Цифрлық Қазақстан» дегеніміз не? Еліміз оған дайын ба?

11 Шілде, 2018 496 0

Осыдан 20 жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиясында ғаламдық технологиялық өзгерістердің белсенді қатысушысы болу туралы тапсырманы еліміздің алдындағы жаңа бағдар етіп бекітті. Себебі, ХХ ғасырдың аяғы, жаңа мыңжылдықтың басы болашақ технологияларға байланысты болып, технологиялық тұрғыдан ел экономикасын дамытуға мүмкіндік берері Елбасы тарапынан анық болжанған еді.

Сондықтан болар 2017 жылдың 12 желтоқсанында ел Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» атты жаңа мемлекеттік бағдарламаны қабылдады. Жаңа технологиялар өз дамуының шарықтау шыңына жетіп, адамдарды ақылды роботтар алмастырып, «жасанды интеллект» туралы сөз қозғалған уақытта елімізде бұл бағдарлама іске қосылады.

Елбасы өткен жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын таныстыру барысында айтылған мәліметтерді ескеріп, еліміздің экономикасын дамыту үшін цифрлық технологияларды қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өтіп: – Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі цифрландыру болып табылады, – деді.

Цифрландыру ең әуелі ел азаматтары үшін жасалып отырған бірегей жоба. Мысалы, қазіргі кездері мемлекеттік органдар қолданып отырған Lotus, ЕСЭДО, documnetolog және chinovnik секілді электронды қызметтер қаншама жанның жұмысын жеңілдетіп отыр. Мысалы, Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 500 шақырымдай қашықта жатқан Бейнеу ауданының тұрғындарына әр қағаз үшін қалаға келіп кетпей, интернетке қосылып, бар шаруаны электронды форматта жүзеге асырған тиімді емес пе?

Сондықтан,  цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілеттігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттырады. Осы ретте ҚР Президенті Н. Назарбаев:

– Мемлекеттің, жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын жолға қою маңызды. Бизнеске цифрлық технологияларды кең ауқымда енгізуі үшін жағдай жасау керек, – деген болатын.

Еліміз цифрландыруға қаншалықты дайын деген сауалға келер болсақ, бұл жерде осы салаға жауапты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевтың Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру барысы, электронды коммерцияны дамыту, VII азаматтық форумның ұсынымдарын іске асыру мәселелеріне арналған кезекті Үкімет отырысындағы деректерін сөзбе-сөз келтіруді жөн санадық. Сонымен, министрдің мәліметінше елімізде интернетті пайдаланушылар саны 2017 жылы 78,8 пайызға жеткен. 2021 жылы тұрғындарының саны 50-ден асатын 6 мың ауылдық мекен интернетпен қамтылады. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердегі тапшылықты оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы іске қосылған.

Бұл деген цифрландыруда аса маңызды рөл атқаратын интернет еліміздің  түкпір-түкпіріне тартылып, тұрғындар заман ағысына ілесе алады деген сөз.

Сондай-ақ, әлі күнге дейін ел аумағында ақпарат таратудың маңызды құралы отандық телеарналарда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және оның жекелеген бағыттарын ақпараттық қолдау бойынша 18 телехабар таратылуда.

IT саласының дамуы - бәсекеге сай болуға, дамыған елдердің қатарынан көрінуімізге ықпал етеді. Экономикалық өсім мен әлеуметтік әл-ауқат та цифрландырудың арқасында артпақ. Сондықтан болар әлемдің алпауыт елдері бұл салаға айтарлықтай көңіл бөлуде. Соның арқасында жаңа технологиялары дамып, адамзаттың жұмысын жеңілдетуде. Бұған қоса, өндіріс өнімін ұлғайту мен шығындарды азайтуға әсер етіп жатыр.


Уәли ЖҮМӘСІЛ


Тегтер: цифрлық, қазақстан, жаңалықтар, экономика

Пікір қалдыру