Әділ АХМЕТОВ. Әлем алыптарының текетіресі

13 Шілде, 2018 226 0

АҚШ-тың сыртқы саясат сардары кіші Джозеф Найдың 2002 жылы жарық көрген «Америка билігінің жұмбақ қайшылығы. Жаһанның жалғыз алпауыты неге жеке билік құра алмайды?» (Joseph S.Nye, Jr. «The Paradox of American Power. Why the world’s Only Superpower Can’t Go It Alone») атты өт­кір монографиясы күллі әлемнің наза­ры­на бірден іліккен болатын. Ал сол ғалым­ның 2015 жылы жарық көрген «Америка ға­сыры аяқталды ма?» («Is the American Century Over?») атты жаңа туындысы алдыңғы еңбектің жалғасы сияқты кө­рін­генімен, шын мәнінде, бүгінгі  таң­дағы Америка Құрама Штаттары мен оны өкшелеп келе жатқан өзге де ір­гелі мемлекеттердің әлемдегі  орны мен бол­ашақ болмысын жан-жақты си­пат­тай­ды. 

Сонымен қатар соңғы туын­ды­да экономикалық әлеуеті мен тех­но­ло­гиялық және әскери қуаттылығы жа­ғы­нан АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұрған алпауыт Қытай ғана емес, Жа­по­ния, Еуропа одағы, Ресей, Үндістан се­кілді мемлекеттер де әккі саясаткер на­за­рынан тыс қалмаған. Сондықтан аты әлемге әйгілі Гарвард университетіне қарасты Кеннеди Мектебінің деканы әрі президент Билл Клинтон дәуірінде АҚШ-тың Барлау кеңесінің төрағасы бол­­ған Джозеф Най  Америка Құрама Штат­­тарының соңғы бір ғасырдан ас­там за­манда ғылыми-технологиялық, эко­но­микалық әрі әскери басымдық тұр­ғы­сынан, әлемдегі ең қуатты да қауһарлы мем­лекет болып келгенін жасыр­майды. Дей тұрғанмен, бүгінгі сәуегей саясаткерлер тобы таяу болашақта АҚШ-ты Қытайдың басып озатынын жиірек айта бастағаны да рас. Сондықтан  әлемдік геосаясат саңлағы Джозеф Найды енді «Шынымен-ақ солай ма? Экономикалық тұрғыдан болсын, географиялық және әс­кери тұрғыдан болсын, жұмсақ күш тұр­ғысынан болсын Америка секілді ал­пауыт державаның ғасыры неге келмес­ке кетіп бара жатыр? Олай болса, алып Қытайдың екпінді қарқыны екі дер­жаваның арасындағы сөне бастаған  қырғи-қабақ соғысты қайта тұтатпай ма? Мұның ақыры немен тынады?» сияқты көкейкесті риторикалық сауалдар жиірек мазалағаны байқалады. Осы орайда тілге тиек болып отырған ай­тулы автордың соңғы туындысы тек жо­ғарыда аталған сауалдардың ғана емес, бүгінгі әлемдік геосаясаттың күн тәр­тібінде тұрған өзге де өзекті мәсе­ле­лер­дің түйінін өте дәлелді тарқатады. Бұл тұрғыдан келгенде, автор ең алды­мен өз кітабының атауында тұрған Аме­ри­ка ғасырының қай кезден басталатынын анықтап алуға тырысқан. Өйткені кейбір сарапшылардың ойынша, АҚШ ғасыры XIX ғасырдың соңында, яғни Аме­риканың әлемдегі ең алпауыт индус­триялық державаға айналған кезінен бас­талған секілді. Өйткені сол кездерде АҚШ экономикасы көлемі жағынан әлем экономикасының төрттен біріне жуықтаған болатын және бұл сипат Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезеңге дейін жалғасқан. Сосын, әлгі алапат соғыстың соңына қарай, әлемнің бас- ты экономикалары тұтастай дағдарысқа ұшырап қалғанда, АҚШ экономикасы әлем экономикасының тең жартысына теңелген. 

Алайда соғыстан кейінгі жылдары әлсіреген мемлекеттердің жағдайы бірте-бірте түзеліп, экономикалары қай­та қалпына келе бастайды. Бұл кезде АҚШ-та соғысқа дейінгі деңгейіне қайта ора­лады. Ал 1945-1970 жылдар арасында АҚШ-тың әлем экономикасындағы үлесі едә­уір азайғанымен, Джозеф Найдың пай­ым­дауынша, Америка ғасыры деп тек ХХ ғасырды атауға болады. Алайда қайсыбір сарапшылар Аме­ри­ка ғасырының басталу кезеңі мен кілт аяқталуын Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтанған 1914 жылмен ғана шектейді. Өйткені АҚШ-тың әлгі соғысқа араласуына байланысты оның сртқы саясатын да экономикасын да, демократиялық құндылықтарын да бірден әлсіреткен болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін индустриялық басымдық пен қуат­ты­лық жағынан әлемде тек бес ай­мақ, атап айтқанда АҚШ, Кеңес ода­ғы, Британия, Еуропа және Жапония мем­ле­кеттері ғана өзге елдерден алда болатын. Сондықтан АҚШ-тың мүддесі де сәйкесінше өзгеріп, әлгі елдердің үшеуімен одақтасып, Кеңес одағының қуаты мен идеологиялық ықпалын барынша ауыздықтауға тырысқан болатын. Соның салдарынан Американың қарулы күштері күні бүгінге дейін Еуро­пада ғана емес, Жапония мен Кореяда да қалып қойды. 

Автордың пайымдауынша, 1945 жылдан 1991 жылға дейін жаһандық күш-қуат теңгерімділігі биполярлық си­патта болды. Өйткені АҚШ пен Ке­ңес одағының экономикалық қуаты және идеологиялық ықпалы өзге мемлекеттерден басым болатын. Сосын, олардың екеуі де ядролық қару бәсе­ке­сінде теңгерімді деңгейде еді. Алай­да 1989 жылы Берлин қабырғасы құ­лап, 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап қал­ған­дықтан, Америка Құрама Штат­та­ры бір­ден әлемнің ең алпауыт мем­ле­кетіне айналып шыға келген-ді. Кейбір сарапшылардың Америка ғасырының басын сол кезеңмен байланыстыратыны да сондықтан. Өйткені ол заманда Америка Құрама Штаттарының әскери теңіз флоты  жаһандық сипат алып, өзімен бәсекелес 17 мемлекеттің жи­­ынтық флотының қуатына теңескен-ді. Ол кезде АҚШ-тың әуе күштері мен космос және кибер-ғарыш саласы да бүкіл әлемде үлкен басымдыққа ие бола­тын. Сәйкесінше, сол замандағы Американың әскери бюджеті де сол са­ла­ға бөлінген жаһандық бюджеттің тең жартысына жуықтаған-ды. Джозеф Найдың пайымдауынша, 1945 жылдан кейін АҚШ-тың эконо­ми­ка­лық ресурстары басым болғанымен, саяси-әскери  өлшемдер тұрғысынан кел­генде әлем биполярлық сипатта бол­ды, өйткені Кеңес одағының күш-қуаты Американың қауқарынан еш кем емес-тін. Сондықтан да Америка Құрама Штат­тары Кеңес одағы күйреген 1991 жылға  дейін бірполярлық әлемдік тәр­тіп­ті орната алған жоқ-тын және мұ­ның өзге де іргелі себептері бар-тын. 

Біріншіден, Еуропа ол кезде әлемдегі ең іргелі экономика болатын. Сөйте тұра, Еу­ропаның ең алпауыт елі, Германия эко­­номикасынан АҚШ-тың экономикасы төрт есе үлкен болғанымен, Еуропа ода­ғының жалпы ішкі өнімі АҚШ-тан ар­тық­тау еді. 

Екіншіден, Еуропа одағының 500 миллионға жуық халқы америкалық 300 миллионнан әлдеқайда басым болатын. Үшіншіден, жан басына шаққанда АҚШ азаматтарының табысы Еуропа одағынан жоғары болғанымен,  адами капитал, технология және экспорт тұр­ғы­сынан Еуропа одағы АҚШ-пен бәс­е­ке­ге дайын еді. 

Төртіншіден, 2010 жылғы қаржы нары­ғында туындаған дағдарысқа дейін кей­бір сарапшылар еуро таяу жылдары әлем­дік резервтік валютаға айналып, дол­ларды алмастыруы әбден мүмкін деген ойда болатын. 

Бесіншіден, әскери бюджет тұрғы­сы­нан, АҚШ-пен салыстырғанда Еуропа одағы қорғаныс саласына екі есе аз қара­жат шығаратынына қарамастан, оның қа­рул­ы әскер саны АҚШ-тан басымдау-тын. 

Алтыншыдан, еуропалық Британия мен Франция ядролық қарудың иесі бола тұрса да, Еуропа Африка мен Таяу Шы­ғыс­тағы басқыншылық әрекеттерге жаппай араласа бермейтін. 

Жетіншіден, Еуропаның жұмсақ кү­ші, атап айтқанда тартымды мә­де­ниеті, озық демократиялық құнды­лық­­тары мен институттары, озық бі­лім-ғылым ошақтары, инновациялық тех­нологиялары, медицинасы, ауыл ша­руа­шылығы, бір сөзбен айтқанда, күл­лі экономикалық жүйесі оның айна­ла­сындағы мемлекеттерге үлгі болып саналғандықтан, соңғылар Брюсселдің тө­ңірегіне топтпасуға мүдделі еді. Өйт­кені қатты күш, атап айтқанда халық­ара­лық қатынастардағы кейбір алпауыт мемлекеттердің тек әскери күшке басымдық беріп, өзге мемлекеттерді мәжбүрлеу секілді озбыр саясатқа иек артып, өзге елдердің ішкі істеріне қол сұғуы өзгелерді  өзінен алыстатқаны да жасырын емес. Сегізіншіден, Еуропаның Халық­ара­лық қаржы қоры мен Бүкіләлемдік сауда ұйымындағы рөлі АҚШ-тан кейінгі екін­ші орынға ие болып, өте маңызды рөл атқарды. Тоғызыншыдан, киберәлемдегі транс­ұлттық компаниялардың бәрі де  Еуропамен санасуда. Оныншыдан, Еуропаның әлемдік сауда нарығындағы үлесі 17%-і құраса, АҚШ-тың үлесі ол кезде 12%-ке ғана те­ңелген еді. Солай бола тұрғанымен, жұмсақ күш­тің құрамына жататын  әлемдегі ең озық 100 университеттің ішінде Еуро­па­ның үле­сі 28 университетпен шектелсе,  АҚШ 52 университетімен екі есеге жуық ба­сым­дыққа ие болатын. Оның үстіне демографиялық тұр­ғы­дан, бүгінгі Еуропа өте қауіпті сынақпен бет­пе-бет келіп тұр. Өйткені 1900 жылда­ры Еуропа халқының саны әлем хал­қының төрттен бірін құраса, енді одан да азайып, 2060-жылға қарай бұл көрсеткіш тек 6%-і ғана құрайтын болып отыр және соңғылардың үштен бірі 65 жастың үстіндегілерге ғана тие­сілі болмақ. Сосын, әскери салаға бө­лінетін әлемдік қаржы тұрғысынан, Еуропа АҚШ-тан кейінгі екінші орынды, яғни 15%-ке иелік етеді. Ал АҚШ-тың үлесі – 35% немесе Еуропадан екі есе үлкен. Сәй­кесінше, Қытайдың үле­сі 11%-і, ал Ресейдің үлесі тек 5%-і құрай­тын­дық­тан, соңғы елдің үлесі АҚШ-пен са­лыс­тыр­ғанда жеті есе кем екені де көзге ұрып тұр.  Кино өнімдерін шығаруда да Америка Еуропадан алда тұр. Бүгінде Еуро­пада көрсетілетін американдық кинофильмдерден түсетін пайданың 73%-і құ­райтыны әлгі пікірдің нақты дәлелі. Жоғарыдағы статистикалық есеп-қи­сапты Джозеф Най жайдан-жай көл­денең тартып  отырған жоқ. Ол статистика жоғарыдағы сәуегей сарапшылардың «Америка ғасыры аяқталып келеді немесе оны Қытай басып озады» сияқты пайымдарының мүлде шындыққа жанаспайтынын дәлелдеу үшін келтіріліп отырғаны күмән тудырмайды. Джозеф Найдың Жапония, Қытай және Ресей мемлекеттерінің ке­ле­ше­гі­не қатысты түйіндеген төмендегі пай­ым­­дары да мән беруге тұрарлық. Мә­­селен, осыдан 30 жылдан астам бұ­рын жапондықтардың жан басы­на шақ­қандағы табыстарының аме­ри­ка­лық­тардан асып түскендігі көптеген америкалықтарға үрей туғызған көрінеді. Себебі сол кездегі кейбір ғалымдар тобы Жапония бастаған Тынық мұхит блогы АҚШ-ты ығыстырып шығарады да, бұл үдеріс, өз кезегінде, АҚШ пен Жапония арасында соғыс өртінің тұтануына әкеліп соғады деген сияқты  сәуегейлікке жол берген болатын. Ал кейбір сарапшылар тіпті Жапонияның ядролық державаға айна­латынын да болжап қойыпты. Мұндай көзқарастар, негізінен, сол кез­дегі Жапония экономикасының уа­қытша қарқын алуымен байланысты бол­ған. Алайда Жапония экономи­ка­сы 1990 жылдары орын алған әлжуаз сая- си шешімдердің салдарынан кейінгі 20 жыл бойы дағдарыстан шы­ға алмай қалғандықтан, 2010 жылы Қы­тай экономикасының долларға шақ­қан­дағы жалпы көлемі Жапония эконо­ми­ка­сынан басып озған болатын. Со­лай бо­ла тұрғанымен, ол кездерде Қытай эко­номикасының қуаты Жа­по­ния­ның жан басына шаққандағы эко­но­ми­ка­сы­ның алтыдан бірін ғана құ­рай­тын. Кейінгі жылдары Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің қолға алған шараларының арқасында бұл елдің экономикасы қайта жанданды. Сондықтан да бүгінгі таңда Жапония әлемнің үшін­ші іргелі ұлттық экономикасы дәре­же­сінен айырылған жоқ және оның ин­дус­триясы жаһандағы ең жоғары тех­нологиялы индустрия болып қала бер­мек. Әрине, алып Қытай ядролық дер­жава әрі әскер қолы ең көп ел бол­ға­нымен, Жапония Азиядағы ең зама­науи қару-жарақпен жабдықталған  әскери қуатқа ие болып отыр. Алайда Жапония демографиялық  тұрғыдан ауқымды сынақпен бетпе-бет келетін сияқты, өйткені  сарапшылардың топшылауынша, 2050 жылға қарай Жа­пония халқының саны бүгінгі 127 мил­лионнан 100 миллионға дейін тө­мендейтіні күтіліп отыр. Оның үстіне бұл ел иммиг­рантар қабылдамайтын ел­дердің қатарына жатады. Солай бола тұрғанымен, Жапония ха­лық­тың өмір сүру сапасы жөнінен әлем­­дегі ең жоғары стандартқа ие. Со­ны­мен қатар  бұл ел ең кәсіби адами ка­пи­та­лымен белгілі. Сондай-ақ мұнда қо­ғам тұ­рақтылығы, ауа мен ауызсу та­залығы, технологиялық басымдық пен жоғары еңбек өнімділігі де тұрақта  сақ­талып келеді. Жапонияның тағы бір басым­ды­ғы оның әрі дәстүрлі, әрі тартымды мә­дениетінде жатыр. Сонымен қатар Жа­понияның шетелдерге беретін көмегі мен халықаралық ұйымдарға көрсететін қолдауы да оның жұмсақ күшін нығайта түсуде. Солай бола тұрса да, Джозеф Най Жапонияның АҚШ-қа қай тұрғыдан да бәсекелес бола алмайтынын алға тартады. Себебі жер көлемі тұрғысынан АҚШ-тың Калифорния штатымен ғана ша­малас бұл ел географиялық тұрғыдан бол­сын, демографиялық тұрғыдан болсын АҚШ-қа тең келе алмасы анық. Аталмыш туындыда Ресейге де жет­кілікті назар аударылған. Өйткені 1950 жылдары американдықтарда Ке­ңес одағы оларды шынымен-ақ басып озады деген қорқыныш болғаны рас. Ол заманда Ресей географиялық тұр­ғы­дан әлемде бірінші орынды иеленсе, демографиялық тұрғыдан үшінші орын­ды және экономикалық тұрғыдан екін­ші орынды иеленетін. Мұнай мен газ­ды Сауд Арабиясынан да көбірек өндіретін. Әлемдегі ядролық қарудың тең жартысына жуығы да осы елде еді. Кеңес одағының әскер саны да, ғалым­да­рының саны да АҚШ-тан басым-тын. Оның үстіне Никита Хрущев билік ба­сында тұрған кезде коммунизмнің ар­тық­шылығы аспандата дәріптеліп, тіпті Кеңес одағы Американы 1970 немесе 1980 жылдары басып озады деп ұран­дату жаппай дағдыға айналған-ды. Ал 1986 жылы билікке келген М.Горбачев, керісінше Кеңес одағының эко­номикасының барлық көрсеткіштер бойын­ша әлжуаз екенін жария еткен-ді. Айтса айтқандай-ақ, алып Кеңес ода­ғы 1991 жылы бір сәтте күйреп қал­ғаны жасырын емес. Бұл күйреуден соң Ресей бір сәтте халқы мен экономикасының жар­ты­сынан айырылды. Ол ол ма, жұмсақ күш­ке жататын бұрынғы коммунистік идео­логия да келмеске кеткен-ді. Ресей, со­ны­мен қатар ядролық қаруын сақтап қал­ғанымен, бұрынға жаһандық екінші орнынан бір сәтте айырылып қалған-ды. Сондай-ақ Ресейдің 2,5 триллион долларға тең ішкі жалпы өнімі енді АҚШ-тың дәл сондай көрсеткішінің жетіден біріне ғана теңеліп қалды да, халқының жан басына шаққандағы табысы мен сатып алушылық мүмкіндігі де АҚШ көрсеткішінің үштен біріне ғана теңелген-ді. Джозеф Най дәл осындай терең салыс­тырмалы сараптаманы Үндістан мен Бразилияға қатысты да жасай ке­ліп, негізгі назарын ең соңында алып Қы­тайға аударады. Өйткені Niall Fer­gu­­son сынды тарихшы «ХХI ғасырға Қы­­тай иелік ететін болады» деп ашық айт­­са, кітап сөрелерінен «Қытай әлемді би­ле­генде: Батыс әлемінің ақыры жә­не жаңа Қытайдың дүниеге келуі» се­кіл­ді кітаптар да сатылымға шыға бас­та­ған-ды. Оның үстіне, 1990 жылдары жүргізілген әлеуметтік зерттеулер бой­ын­ша, АҚШ халқының тең жартысы XXI ғасырда Қытай Америкамен әлем­дік билік үшін таласатын болады де­ген сенімде болатын. Өйткені бұл кез­де Қы­тайдың экономикалық даму ди­на­ми­касы өте жоғары болатын. Бұл бірін­ші­ден. Екіншіден, Қытайдың территориясы АҚШ-пен теңесетін. Үшіншіден, Қытайдың халқының са­ны жағынан Америкадан төрт есе басым-тын. Төртіншіден, Қытай армиясының саны жағынан әлемде бірінші орында бола­тын және 250 ядролық оқтұмсықты зымырандарға ие болатын. Бесіншіден, Қытайдың космос және киберкеңістіктегі мүмкіншіліктері де жеткілікті еді. Алтыншыдан, Интернетті қолдану­шы­лар саны жағынан Қытай бірінші орынға шыққан-ды. Жетіншіден, Қытайдың дәстүрлі мәде­ниетімен қатар Конфуций фи­ло­софия­сымен сусындаған ел екенін де олардың артықшылығына балайды. Солай бола тұрғанмен, Джозеф Най енді өз оқырмандарына Қытайдың осал тұстарын да көлденең тартуды ұмытпайды. Біріншіден,  Қытайдың жұмсақ күш ресурстары жөнінен, атап айтқанда кино индустриясының Голливуд пен Үндістанның Болливудынан артта екенін еске салады. Екіншіден, Қытайдың универ­си­тет­те­рінің деңгейі АҚШ университеттеріне жете алмайды деген дәйек келтіреді. Үшіншіден, Қытайдың коммунистік сая­си жүйесін сынға алып, бұл мем­ле­кет­тің соғысқа дайындық жасап жат­қанын және экономикалық даму ди­намикасының жоғары болғанына қарамастан, АҚШ, Германия сияқты мемлекеттердің әлемдік брендтерімен салыстыруға келмейтінін, сол сияқты трансұлттық компаниялар саны жағынан да АҚШ-тан артта келе жатқанын тілге тиек етеді. Төртіншіден, Қытай валютасының  доллармен салыстырғанда бәсекелес бо­ла алмайтынын, сонымен қатар Қытай эко­­номикасының ауқымды екеніне қара­мас­тан, технологиялық тұрғыдан АҚШ-тан әлсіз екенін көлденең тартады. Бесіншіден, Қытай экономикасында мемлекет үлесінің үстем екенін де сын­ға алады. Алтыншыдан, қарулы күштерінің қуаты мен әскери бюджеттің көлемі жағы­нан да Қытайдың АҚШ-қа теңесе алмай­тынын еске салады. Сондай-ақ бүгінгі таңда АҚШ алыс-жақын шетелдерде 240 мың әскер ұстаса, Қытайда ондай басымдық жоқ деген дәйек келтіреді. Бір сөзбен айтқанда, Джозеф Най АҚШ-тың қатты күш болсын, жұмсақ күш болсын, технология болсын, заманауи экономикалық қуат болсын Қытайдан басым тұрғанын дәлелдеп бағады. Бірақ Джозеф Най өз елінің ар­тық­­­шылықтарын қанша мақтаса да, Американың құндылықтарының Қытайға құндылық болып саналмайтынын мүлде ескермейді. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» деген осы болар, сірә. Сосын, сұңғыла саясаткер АҚШ-тың ең осал буыны оның мемлекеттік қарыздарының шаш етектен екенін онша ашып айтпайды. Сондықтан да бүгінгі таңдағы АҚШ-тың мемлекеттік қарызының 21 триллион екенін мүлде есептен шығаруға болмайды. Өйткені бұл – абсолюттік рекорд. Демек, кез келген мемлекетті  дефолтқа тірейтін ең қатерлі фактор оның шамадан тыс мемлекеттік қарызы екені – дау туғызбайтын шындық.  

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі

Дереккөз: https://egemen.kz/article/171712-adil-akhmetov-alem-alyptarynynh-teketiresi

 

Тегтер: әділ, ахметов, геосаясат, мақала, дереккөз

Пікір қалдыру