Құрсақтағы сәбиінің сырқат екенін білген астаналық азамат жүкті әйелін тастап кеткен

11 Қыркүйек, 2019 127 0

Нұр-Сұлтанда әйелінің құрсағындағы сәбидің сырқат екенін білген ер адам оны тастап кеткен. Дәрігерлердің асығыс болжамына қарамастан дені сау нәресте туған келіншек бұрынғы күйеуінің өзімен қайта татуласқысы келетінін айтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Елордалық Мәдина есімді келіншек осыдан төрт жыл бұрын дүниеге алтын асықтай ұл әкелген. Алайда дәрігерлер сәбиі құрсақта болғанда оны айықпас дертке шалдыққан бала деп болжаған.

Мамандардың сөзіне құлақ аспаған ол дені сау сәбиді дүниеге әкелген. Өкініштісі - Мәдинаның жан-жары іштегі сәбидің сырқат екенін білгенде оны тастап кеткен.

"Санжарым қазір төртте. Өте алғыр, көпшіл бала. Елмен тез тіл табысады, құдай тіл-көзден сақтасын. Бұл баланы дүниеге әкелерде дәрігерлер не демеді? Аутист деді, ДЦП болады деді, басқаша айтқанда, өмірге дені сау емес, ақыл-есі кем бала әкелесің деді.

Қай ана баласын жамандыққа қисын? Үмітсіз шайтан деп, өзімді сабырға шақырып, дені сау баланы өмірге әкелетіме сеніп, Алладан дұға етіп жүрдім.

Өкініштісі - сол кезде бұрынғы күйеуім, баланың сырқат екенін біліп, мені жүкті күйімде тастап кетті. Қатты қиналдым, амалсыздан ауылдағы ата-анамның қолына қайтып бардым. Бірақ, құдай менің тілегімді естіп, Санжарым дүниеге сап-сау бала болып келді", - дейді келіншек.

Күйеуімен әлгі оқиғадан кейін ажырасқан ол оның қайта үйленгенін естіген. Алайда екінші некедегі жарынан бала сүйе алмаған ол онымен де ажырасып кетіпті.

"Өмір деген солай болады екен. Екеуміз де бір ауылданбыз, Санжарға төрт жыл бойы келмесе де, екінші әйелінен бала сүйе алмаған соң, енді іздей бастады. Тіпті жаздан бері осындағы пәтеріме жиі келгіштеп, өзін кешіруді сұрап жүр.

Бір жағынан бұрынғы реніш жібермейді, екінші жағынан баламның әкесі. Оған әке керек деп тағы ойлаймын.

Санжар төрт жыл көрмеген әкесін басында жатырқағанымен, қазір бауыр басып қалды. Әкенің орны бөлек.

Ата-анам да бұрынғы күйеуіммен қайта қосылуға қарсы емес. Тек өзім бір шешімге келе алмай жүрмін", - деп әңгімесін аяқтады келіншек.


Тегтер: Нұр-Сұлтан, әйел, бала, сәби, сырқат

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.