Елбасы кітапханасының көшпелі экскурсиясы Шу ауданында

04 Қыркүйек, 2019 27 0

Бүгін, 4 қыркүйекте Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты қор көрмесінің көшпелі экскурсиялары Шу қаласының С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде өз жалғасын тапты.

Оның шымылдығын ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов жергілікті тұрғындарды көрме жобасымен қысқаша таныстырды: – Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясының аясында  сіздерге арнап «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасына тақырыптық экскурсиялар дайындады. Сіздерге арнайы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен тәуелсіз Қазақстанның даму тарихынан сыр шертетін деректі фильмдердің көрсетілімі өтеді. Аудан тұрғындарының назарына Елбасы кітапаханасының музей қоры мен Елбасының жеке архивінен жасақталған «Елбасы және жаңарған Жамбыл өлкесі» фотосуреттер көрмесі де ұсынылып отыр.

Шу ауданы басшылығының атынан Жарылқасын Айтақов Әмірхан Рахымжановқа алғыс хат табыстады:  – Жобаның халыққа, әсіресе жастарға пайдасы зор. Тәуелсіз елде дүниеге келген жаңа буын мемлекет тарихын білуі тиіс. Қазақстанның абырой-беделі – Елбасы даналығы мен халық еңбегінің жемісі. Бұл мұраны қастерлеп, кейінгі ұрпаққа жеткізген абзал, - деді ол.

Елбасы кітапханасының директоры Ә.Рахымжанов С.Сейфуллин атындағы орта мектептің қорына құнды басылымдардың жинағын тарту етті. Олардың қатарында Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері, Елбасы туралы жазған отандық, шетелдік жазушылардың кітаптары мен қоғам, саясат, экономика, мәдениет салаларына қатысты өзекті әдебиеттері бар.

«Тарихи таңдау. Бастау», «Тарихи таңдау. Өрлеу», «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсиялары «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясына негізделеді. Олардың аясында Қордай ауданының тұрғындары сирек кездесетін бейнематериалдардың, фотосуреттер мен архив құжаттарының, жәдігерлердің бірегей кешенін тамашалады. Бұл материалдар кезінде ҚазКСР Министрлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы болған Н.Ә.Назарбаевтың еңбек жолын комсомол-металлург кезінен бастап ҚР Тұңғыш Президенті атанған кезеңіне дейін баяндайды. Келушілер отандық және шетелдік спортшылардың Н.Ә.Назарбаевқа тарту еткен сыйлықтары мен марапаттарымен де танысты.

Аталмыш экскурсиялар кеше, 3 қыркүйекте Қордай ауданы тұрғындарының да назарына ұсынылған болатын.

Көшпелі экскурсиялар Елбасы кітапханасы көрме жобасының аясында ұйымдастырылады. Ауқымды жоба ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шараларды қамтиды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Елбасының шешуші рөлін жүйелі баяндайтын «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесі бұл жобаның ең маңызды іс-шарасы болып отыр.

2017 жылғы қарашадан бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғаспақ.

Тегтер: елбасы, кітапханасы, жамбыл, облыс, шу, ауданы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.