«Елбасының тарихи миссиясы: Жананданған әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

06 Қыркүйек, 2019 101 0

6 қыркүйекте М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Елбасының тарихи миссиясы: жаhанданған әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Оған Тараз қаласы мен шетелдік (Германия, Португалия, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б.) жоғарғы оқу орындарының мұғалімдері, студенттері, магистранттары мен докторанттары, сарапшы мамандар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Іс-шара Жамбыл облысында 3 қыркүйекте іске қосылған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.

Оған Тараз қаласы мен шетелдік (Германия, Португалия, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б.) жоғарғы оқу орындарының мұғалімдері, студенттері, магистранттары мен докторанттары, сарапшы мамандар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференцияның модераторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов кіріспе сөзінде Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан Жамбыл өңірі – құдіретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, туын тіккен киелі мекен екенін, сондай-ақ, Жамбылдың қасиетті жері – әрісі Бәйдібек батырды, Ұлы жүздің бас биі Төле Әлібекұлын, Балуан Шолақты, ән мен жырдың кені Кенен Әзірбаевті, қылқобызды құйқылжытқан Ықылас Дүкенұлын, берісі жыр алыбы Жамбылды, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлын, әлем таныған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай перзентті тәрбиелеп өсірген Әлжан анамызды және басқа да ұлт ардақтыларын дүниеге әкелген қасиетті өңір екендігін атап өтті. Ол бүгінгі конференцияның басты мақсаты – әлемге елімізді танытқан тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тарихының 30 жылға жуық айтулы кезеңінде сан түрлі сынақ пен маңызды шешімдерге толы  қайраткерлік қадамын, оның ішінде жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі көреген саясаты мен дегдар болмысын жан-жақты ашуға бағытталғанын атап, алғысөзді Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке берді. 

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов:

- Жамбылдақтар әрдайым Елбасының қамқорлығы мен ерекше назарын сезініп келеді. Н.Ә. Назарбаевтың сан дәуірдің куәсі болған көне шаһарымызға «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» деп баға беруі – біз үшін үлкен мәртебе. Біздің облыс экономикасының барлық салаларындағы жетістіктеріміз – Тұңғыш Президенттің нақты айқындалған саясатымен тікелей байланысты. Бүгінде Елбасының есімі Егемендік, Тәуелсіздік, Қазақстан, Отан, Бірлік сияқты ұлы ұғымдармен үндес айтылады. Бұл заңды да. Себебі, біздің барлық жетістіктеріміз, еліміздің  жаңа замандағы  қайта жаңғыруы, рухани, экономикалық еркіндігіміздің тірегі – Елбасының есімімен тікелей байланысты екендігі даусыз. Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі мен толайым табыстарын айшықтауға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның Әулиеата жерінде өтуі – біздер үшін үлкен мәртебе. Шара барысында елі сүйген Елбасының тәуелсіз қазақ елін қалыптастырудағы ерен еңбектері мен сан түрлі қырлары жан-жақты ашыла түсетініне сенімдемін, - деді А.Мырзахметов.

Халықаралық конференцияның негізгі баяндамасын жасаған Әмірхан Рахымжанов:

- Қазақ хандығының әр жылдары ел билеген хандарының күні-түні ойлаған басты мәселесі халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді, олардың бірі осы миссияны ұтымды орындап, ел іргесін бекем ұстаса, басқаларының тұсында елдің берекесінің кетуіне жол берілді. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын тұтас қазақ елі аңсаған ата-баба арманын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік тұсында түгелдей орындады. Нұрсұлтан Назарбаев экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етті. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргізді.  Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізді. Қазақстанды өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танытты. Елімізді жоғарыда аталған жетістіктерге жетелеген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің қарсаңында еліміз үшін ғана емес, барша әлем үшін  қажетті басты құндылық – жаһандық әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық екенін анық білді және еліміз тәуелсіздік алмай тұрып, осы бағытта аянбай қызмет етті. Ақиқаты, Елбасымызға елімізді бейбітшіл мемлекет жолына бағыттау оңай болмағанын естен шығармауымыз керек, - деп түйіндеді.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметгали Сарыбеков өз сөзінде әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөліне жан-жақты тоқтады.

- Елбасының бастамалары бірінші кезекте Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға және оның беделін арттыруға оң әсерін тигізді. Тұңғыш Президенттің арқасында Қазақстан бүкіл әлемде ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі  көшбасшылардың біріне айналды. Ол егеменді Қазақстанның және бүкіл әлемнің тарихына XXI ғасырдың басындағы әлемдік ауқымдағы беделді және көрнекті мемлекет қайраткері ретінде лайықты енді, – деді М.Сарыбеков.

Конференцияның пленарлық отырысында алыс-жақын шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері баяндамаларын оқыды. Олардың қатарында Вильдау техникалық қолданбалы ғылымдар университетінің (Германия) профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Питер Эндерс, «Кыргыз Тарых Коому» халықаралық қоғамдық ұйымының президенті, тарих ғылымдарының докторы, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің (Қырғызстан) профессоры Тынчтыкбек Чоротегин, Браганс политехникалық институтының (Португалия) профессоры, PhD докторы Руи Педро Де Санто Лопес бар.

Германиядан келген профессор Питер Эндерс «Қазақстан мен Германия: жаһандық әлемдегі қауіпсіздік» атты баяндамасында Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып Германия мемлекеті танығанына, сонау 1992 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сол кездегі Германияның вице-канцлері, Сыртқы істер министрі Ганс-Дитрих Геншермен болған кездесуінен бастау алған Қазақстан-Германия дипломатиялық қатынастарына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, неміс ғалымы тарихымыздың бір екенін, Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін қазақ даласына күшпен қоныс аударылған немістердің тағдыры туралы айтты. Сол жылдары қатты сырқаттанып, қазақтың қымызының арқасында құлан-таза айыққан мал дәрігері Рудольф Шторхтың Германияға қайта көшкеннен кейін қымыз өндіретін компания ашқанын да атап өтті. Берлин мемлекеттік кітапханасының жанынан ашылған Қазақ мәдениет және әдебиет орталықта қазақстандық авторлардың көптеген шығармаларын оқуға болатындығы конференция қатысушылары үшін тың жаңалық болды. 

Қырғыз ғалымы Тынчтыкбек Чоротегин «Түркі, қыпшақ мемлекеттері, Қазақ хандығы және Н.Ә.Назарбаевтың саяси тәжірибесіндегі олардың мұрасы» атты баяндамасын «Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан халқының мәдени-ғылыми тарихын объективті және терең зерттеу қазіргі қоғамға Еуразия этностарының тарихындағы біржақты, асығыс жасалған тәсілдемелермен күресуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саяси тәжірибесі көшпенді және Еуразияның басқа да халықтарының тарихын объективті зерттеуді кешенді қолдауда Қазақстанның заманауи тарихшыларының түрлі мектептеріне маңызды тірек болады», - деп қорытындылады. 

Португалиялық ғалым Руи Педро Де Санто Лопес баяндамасында сандық сауаттылықты арттырудағы жоғары білімнің іргелі рөліне және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Ол «Ақпараттық қауіпсіздік маңызды болып табылады. Адамдарға толық сенімділік білдіру үшін ол толық және дұрыс сипаттамалы түрде, және де қолжетімді де анықтауға болатындай түрде болу керек. Жеке өмір қауіпсіз болып, кез келген кибератаканың барлық түріне төтеп бере алатындай болу керек», - деді. 

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және жаһандық қауіпсіздік мәселелері», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы», «Жастар - жаһандық қауіпсіздіктің маңызды әлеуеті» атты сессиялық отырыстарда жалғасты.

Іс-шара аясында конференция қатысушылары мен қонақтары фотоқұжаттар мен кітаптар ұсынылған «Әлем таныған Елбасы» көрмесімен танысты. Елбасы жеке кітапханасының жинақтарынан алынған 100-ден астам басылым мен Н.Ә. Назарбаевтың жеке архивінде сақтаулы бірегей фотоқұжаттар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси, қоғамдық қызметін бейнелейді.

Жамбыл облысында 3 қыркүйекте басталған ірі ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шаралардан құралған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасы шалғай аудандарда арнайы ұйымдастырылатын көшпелі экскурсияларды да қамтиды. Жобаның басты маржаны - тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Елбасының шешуші рөлін жүйелі баяндайтын қор көрмесі.

2017 жылғы қарашада бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғасады.

Тегтер: елбасы, тараз, қазақстан, жаңалықтар, көрме

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.