«Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны мен жасампаз идеялары» семинар-тренингі

06 Қыркүйек, 2019 73 0

Бүгін Тараз қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны мен жасампаз идеялары» семинар-тренингін өткізді.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжановтың қатысуымен өтті. Ол оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, оқуда озат болуларына, өмірде жоғары жетістіктерге жетулеріне тілектестігін білдірді.

- Биылғы жыл Жастар жылы болып белгіленді. Биылғы жылдың сәуір айында өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз үшін ең қиын болған жылдарда мен мыңдаған жас қазақстандықтарды әлемнің үздік университеттеріне жібердім. Бүгінде озық білім беру жүйесін Қазақстанда қалыптастырамыз. Оның өзегі Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университеті болмақ», -деп атап өтті. Ал, Елбасымыздың сарабдал саясатын жалғастырушы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде «Менің міндетім – сіздерге өздері­ңіздің ең үлкен арман­дары­­ңызды жүзеге асырып, жеке «табыстар тарихын» қалып­тас­­ты­ру­ларыңызға барлық мүмкін­дікті туғызу. Біздің жастарымыз мақсаткер, еңбек­сүй­гіш, креативті, сондықтан Қазақ­стан-ның болашағы сенімді қолда», - деген болатын, - деді Ә.Рахымжанов.

Тараз қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Тимур Нуркешов іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, оқушылар үшін тренингтің маңыздылығын атап өтті:

- Елбасының идеялары мен бастамалары әлемде танылған. Солардың жарқын көрінісінің бірі – еліміздің барлық өңірлерінде құрылған Назарбаев Зияткерлік мектептері. Осының арқасында бүгін сіздер еліміздің озық оқу орнында білім алудасыздар. Бүгінгі семинар-тренингтің сіздерді рухани байытып, одан әрі даму үшін жаңа да құнды білім береріне сенімдімін.

Семинар барысында Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, өңірдің білім беру және ғылым саласының қызметкерлері  «Елбасытану» элективті курсын өтіп, «Көшбасшылық қасиеттерді дамыту» тренингіне қатысты. Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері дайындаған семинар материалдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызмет жолына негізделген. Осындай семинар 4 қыркүйек күні Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейде де өткен болатын.

- Көшбасшылық қасиет, өз идеяңды қорғауды үйрену, шешім қабылдап, оны табанды түрде жүзеге асыру – кез келген адамға қажет дағдылар. Әдетте көп нәрсені жеке басыңнан өткізіп, үйренесің, ал бүгінгі семинардан аса мол құнды ұсыныстар мен кеңестер түйдім. Елбасының бізге қойған талабы өте биік. Оған жету үшін аянбай еңбек ету керек, - деп санайды оныншы сынып оқушысы Еркебұлан Төлекбаев.    

- Тұлғаны дамыту – білім беру үдерісінің басты мақсатының бірі. Мен балаларға ұсынылған жан-жақты және танымдық маңызы мол ақпараттары үшін семинар ұйымдастырушылары мен дәріскерлеріне алғысымды білдіремін. Бұл үлкен тәрбиелік нәтиже береді деп ойлаймын, - деді өз ойымен бөліскен Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицей ұстазы А.Аширова.              

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірбаяны мен жасампаз идеялары» семинар-тренингі 3 қыркүйекте Жамбыл облысында басталған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты Елбасы кітапханасының жылжымалы көрме жобасы аясында ұйымдастырылды. Қордай және Шу аудандарында көшпелі экскурсиялар өткізілді.

Тараз қаласында кітапхана, архив, музей саласының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметкерлерге және ғылыми қоғамдастыққа арналған аймақтық кәсіби сессия мен ғылыми-практикалық семинар болды. Ал кеше, 5 қыркүйекте Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде аталған жобаның ашылу салтанаты өтті.   

2017 жылғы қарашада бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» жылжымалы көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғасады.

Тегтер: елбасы, кітапхана, тараз, көрме, жамбыл, облыс

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.