«Рухани жаңғыру» жобасы: Мәңгілік ел алыптары». Еркеғали Рахмадиев

02 Тамыз, 2019 116 0

Қазақтың көрнекі композиторы, симфониялық күй жанрының негізін салушы Еркеғали Рахмадиев 1932 жылғы 1 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау елді мекенінде дүниеге келген. Оның шығармалары – «Қамар сұлу», «Дала таңы», «Алпамыс», «Дайрабай», «Құдаша-думан» симфониялық күйлері, «Аманкелді», «Толғау» симфониялық поэмалары, «Аястан» кантатасы және «Балқаштағы кеш» хорлық поэмасы Қазақстанда ғана емес шетелдерде де жақсы танымал.


Еркеғали Рахмадиев – КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, Мемлекеттік консерваторияны сегіз жыл, Қазақстан композиторлар Одағын 27 жыл бойы басқарды, КСРО композиторлар Одағының хатшысы, ҚР Мәдениет министрі болды.

Оның басшылығымен опера студиясы жаңа серпінмен дами бастады. Сол жылдары республикадағы алғашқы орган орнатылды. Е.Рахмадиевтің бастамасымен консерваторияда арнайы қыл қобыз класы ашылып, оған оқытушылық қызметке белгілі халық музыканттары шақыртылды. Осы кезеңде консерватория елден тыс танымал бола бастады, әр түрлі музыкалық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық байланыста болды.

Еркеғали Рахмадиевті классик, өткен ғасырдың екінші жартысында музыка өнерінде жарқырап көрінген Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджанов сынды қазақ композиторлары - «алыптардың» соңғы өкілі деп атайды.

2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі және мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Еркеғали Рахмадиевті жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады.

Елбасы кітапханасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа композитор сыйға берген қолтаңбасы бар екі кітап сақтаулы. Біріншісі – авторы Майра Сүлейменова болып табылатын «Рахмадиев» кітабы. Басылымға Рахмадиевтің композитор, азамат және жар ретіндегі естеліктері енген. Ол өмір сүрген жылдарының биігінен қазіргі заманға бағасын береді. Артық мақтау сөздер қоспай қарапайым тілмен өмір туралы әңгімелейді. Сонау өткен ғасырдың қырқыншы жылдары дүниеге келген ауыл баласының өз еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында шығармашылықтың шыңына қалай шыққандығы туралы айтады, ол шын мәнінде даңққа жетуге еңбек сіңірді. Бұдан басқа, композитордың отбасы, ұстаздары, достары және әріптестері ортасында түскен архивтік суреттері кітаптың тартымдылығын арттырады.

Екінші басылым – Болат Бодаубайдың «Тұлға» кітабы. Роман-кітап автордың қайраткер Е.Рахмадиевпен соңғы 4-5 жыл бойы жақын араласқан кездерінде жазып алынған сұхбаттарынан тұрады. Бұл - 385 беттен тұратын егжей-тегжейлі әңгімелер, өмір, қызмет, әріптестері, бір жағынан қиын да әрі қызықты кезеңдер, бірегей тұлғалармен танысулары мен кездесулері туралы естеліктер.

Еркеғали Рахмадиев ғұмырының соңғы жылдарында Елбасының шақыруымен Қазақстан елордасына көшіп, табысты еңбек етті. Заманының көрнекі композиторы Е.Р.Рахмадиев 2013 жылы 83-ке қараған шағында дүниеден озды. Ол өмірінің соңына дейін әріптестеріне, жас ұрпаққа талантымен, тәжірибесімен, білімімен барынша бөлісті. Ұлы композитордың еңбек өтілі 72 жылды құрады. Ол жұбайы Клара Рахмадиевамен бірге 55 жыл  өмір сүріп, үш бала, 9 немере тәрбиеледі. Еркеғали Рахмадиев Қазақстан тарихына біртума дарын иесі, туған елінің патриоты және өз халқының сұлулығын, даналығы мен рухани кеңдігін жырлаған өнердің хас шебері ретінде енді.  

 

 

Тегтер: ЕркеғалиРахмадиев, Елбасы, композитор, күй

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.