Мемлекеттік сыйлықтан құр қалған жазушы Дулат Исабековқа шүйлікті

03 Шілде, 2018 176 0

«Бибі-Ана» қорының президенті Бибігүл Иманғазина Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия жұмысына наразылығын білдірген екен. Автор 90-жылдардың басында «Жасөспірімдерге арналған жылдың үздік кітабы» деген бәйгеге ие болған «Тауқымет» атты романының жаңа нұсқасын биылғы жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған. Алайда, өзінің айтуынша, аталған шығарма комиссия мүшелерінің назарынан мүлде тыс қалған және оның өзіндік себептері де бар көрінеді деп KYN.KZ Жас Алаш газетіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бибігүл Иманғазина кітабының мемлекеттік сыйлықтан құр қалуына жазушы Дулат Исабековты айыптап отыр. Ол бұл туралы былай деп жазды: «Тауқымет» жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын кітабына айналған кітап қой. Кітаптың аяғындағы «Жалғасы бар» деген сөзге бола  «Тауқыметім» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылмады. Ертерек аяқтауға менің уақытым болмады. Еліміз енді ғана егемен болып, мүгедек аналар түгіл, аяқ-қолдары балғадай азаматтарымыз абдырап жатқанда «Тауқыметті» оқыған мүгедек аналардан «Шіріген ұн, шіріген күріш жеп отырмыз» деген хаттар толастамай келіп жатты. Ақыры жазушылық жайына қалып, асырауында балалары бар мүгедек аналарға арнап қоғам құрдым да, сол қоғамның жалшысы болып кете бардым. Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия мүшелерінің бірі, менің ата жауым Дулат Исабеков: «Бұл кітапты мен «Жазушы» баспасында директор болып отырғанда шығарған болатынмын, одан бері қанша жыл өтті, сондықтан Иманғазинаның «Тауқыметін» талқылауға ұсынудың да қажеті жоқ», – депті Дулаттың бұл сөзі өтірік.

Арада 24 жыл өтсе де, Дулат Исабеков өзгермеген екен. «Жауды аяған жаралы» деген. Сол кезде ешкімді тыңдамай, Дулат Исабековті соттатып жіберуім керек еді.

«Атымнан ат үркеді», «Мен президенттің қабылдауында болғанымда» деп бөсіп жүрген Дулат Исабековтің халықтың алдына шығып ақыл айтқанын естіген сайын, бар шындықты «Тауқыметіме» кіргізбегеніме өкініп жүрген едім. Алла тағалам кезінде өзімді үш жыл бойы зар еңіреткен Дулаттың сазайын бермегенімді маған кешірмесе керек, не болмаса осы жолы есемді қайтаруға тағы бір мүмкіндік беріп отырған болуы керек.

Барлығын басынан бастап айтайын. Он жыл көрші болған кәсіпкер досым Жақсылық Арзымбетов «Тауқыметімді» баспаға тапсырмас бұрын, қолжазбамды оқыған болатын. Оның неге жарыққа шықпай жатқанына  қайран қалып жүретін. Ақыры Жақсылық менің кітабым шығарылуы үшін «Жазушы» баспасына 600 000 сом аударған. Бұл ақша сол кездегі есеппен 10 автокөліктің құны еді. Келісімшарт бойынша кітабым сегіз айдың ішінде шығуға тиіс еді. Алайда ақша баспаның есепшотына түскеніне екі жылдан астам уақыт өтсе де, баспа директоры Дулат Исабеков «қағаз жоқ» деуден жалықпады. Мен сол кезде асырауында балалары бар мүгедек аналардың қоғамын құрып, қарбалас шаруамен қолым тие бермейтін. Анда-санда барып, Дулат Исабековтен ақшаны қайтаруын талап ететінмін. Ақша қайтарылмады, ақыры мен сотқа жүгінуге мәжбүр болдым. 1994 жылдың 17 тамызында сот «взыскать с издательства «Жазушы» в пользу Имангазиной Бибигуль 7 миллионов 210 тысяч 099 тенге. За нанесенный моральный ущерб 3 миллиона тенге. Всего 10 миллионов 210 тысяч 099 тенге» деген шешім шығарып берді. Соттың шешімін орындаудың орнына Исабеков енді менің досым Жақсылықты жағалады. Елге белгілі ағаларымыз маған телефон соғып, «Бес баспа сатылса да, ондай ақша жиналмайды, ол баспаның табалдырығымен Әуезов, Мүсірепов ағаларың жүрген, кітабың шығады, «мировое соглашениеге» қолыңды қойшы, айналайын» десті. Мен «Исабеков директорлықтан кетсе ғана қол қоямын» дедім. Арада үш күн өтпей Исабеков жұмыстан қуылды. Исабеков 1994 жылы директорлығынан босады, менің «Тауқыметім» 1995 жылы шықты. Ал директорлықтан босаған адам қалай менің кітабымды шығарып береді екен?!

Бірақ мен қайткенде де Мемлекеттік сыйлықтың айналасында болып жатқан келеңсіздіктермен күресемін. Кітабымның әрбір жолын салыстыруларын талап етемін. Заң бар, оқырмандарым бар… Мыңдаған адамның тағдырына араласып жүрген мен еш уақытта ешқандай қиянатқа көнген емеспін. Мемлекеттік сыйлықтың тағдырын шешетін комиссия мүшелерінің кітапты оқымағандарын дәлелдеп бере аламын.

Тауқымет! Таусылмайтын тауқымет! Алла сұрағанымды беріп, өзін ақтап алды. Ал адамдардың бірінің мойнына бірі салып жатқан тауқыметтерінің ұшы-қиыры көрінер емес…


Дереккөз: http://kyn.kz/2018/07/03/%D0%BC%D0%B5%D0%BC%D0%BB%D0%B5%D0%BA%D0%B5%D1%82%D1%82%D1%96%D0%BA-%D1%81%D1%8B%D0%B9%D0%BB%D1%8B%D2%9B%D1%82%D0%B0%D0%BD-%D2%9B%D2%B1%D1%80-%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D2%93%D0%B0%D0%BD-%D0%B6%D0%B0%D0%B7/

Тегтер: мемлекет, сыйлық, жазушы, әдебиет

Пікір қалдыру