Қарауыл қасқыр (Хикаят)

31 Шілде, 2019 258 0

Малшының баласымын. Мектептен кейін жұрттың балалары сияқты оқу іздеп қалаға кетіп қалған жоқпын. Әкеме көмекші болып, атакәсіптің маңайында жүрдім. Менің қалаға кетіп қалмауыма үйдегі жүйрік аттар, аңға шығатын иттерім себеп болды. Оларды қиып тастап кету мүмкін емес еді. Ол кезде мал дәрігерлігін оқимын дейтінмін. Бәрібір сол ауылдан алыстамау болатын бар ойым. 

Біз Аякөз ауданының Мыңбұлақ ауылына қарасты "Қоғалы" деген қыстауда тұрамыз. Жазда жайлауға Асырбайдың жазығына қарай көшеміз. Арғы жағы Бөрілі, Тарбағатай, Өкпеті тауларымен ұштасып кете барады. Бұл жақта қасқыр қалың. Малды солардан қорғау басты міндеттеріміздің бірі. Қыстың қарбалас күндерінің бірі болатын. Әдетте, таңертең малды жайғап болған соң таңғы шәйімізді ішіп, күнделікті тірлікке кірісеміз. Түс кезінде маядан малға шашатын шөпті тиеп әкелуіміз керек. Ол кезде пар өгіз жегеміз. Күніне бес шана шөп тиейтінбіз. 

Тағы осы сияқты күнделікті күйбең шаруа жалғаса береді. Ол кезде әкем совхоздың сиырын бағады. Азын-аулақ меншік қоймыз,  жылқылармыз бар. Қыстың тағы бір таңын атырып, малдың қамына кіріскен кезіміз. Таңертеңгі шәйді ішіп шыққанан кейін базға жақындап қалғанымда иттер тау жаққа қарап үргендерін қоймады. Көрші ауыл жақтан атты кісілер келе жатыр ма, дегендей сайдан құлдилап түсетін өзектегі жалғыз аяқ жол жаққа қарап едім, ешкім көрінбеді. Күн ашық, жел жоқ, айнала тып-тыныш сәт. Сосын, қарсы беттегі тауды көзбен шалып қарап тұр едім, таудың биігінде шоқиып отырған қасқырға көзім түсті. Иттер анда-санда сол жаққа қарап үріп қояды. Шымамен бір шақырымға жуық арақашықтықта отыр, енді. Ал, сол биіктің етегіндегі шатқалда бір сағат бұрын шамасында шөбін шашып, жүзге тарта сиырды қамап кеткенбіз. Бұл шаттың өзіндік ерекшелігі бар. Қызылдан соққан аяз да, оңтүстік шығыстан соққан боран да тимейді. Малға ық талдың арасы және қыста қатпай ағып жататын бұлағы бар. Екі жағы биік жартас. Мал шығып кетеді-ау деген жерлеріне бөгет жасап қойғанбыз. Шатқалдың кез-келген жерінен мал шығып кете алмайды. Әлгі қасқыр дәл сол шатқалдың ең жоғарғы жағында бізге қарап отыр. Ішім қылп ете қалды. Басқа көмекшілер баздың ішіне кіріп кеткен. Енді атқа мініп, айғайға басып, сес көрсету керек. Шатқалдағы малдың жағдайы қалай? Алқынып барып базда тұрған аттардың біріне міне салмаққа жүгірдім. Ерттеулі тұрған дайын ат жоқ, ат ерттеп тұратын уақыт емес. Біреуін жалма-жан жүгендей салып, жайдақ қарғып мініп әлгі қасқырға қарай ит айтақтап тұра шаптым. Сол сәтте қасқыр далаға қарай емес, мал жатқан шатқалға қарай құлдилай жөнелді. Бұл неге өйтті деген ойды таразылап үлгерген жоқпын. Қас қағым сәтте әлгі шатқалдан шамамен бес-алты қасқыр тауға қарай өрлеп барады екен. Не болса да, айғайға басып, көкжалдар қашқан жаққа қарай шаба бердім. Сиырдың арасында тайыншалар да бар еді. Солардың біреуін жарып үлгерді-ау деген күдік ой басып барады. Не де болса, қасқырларды ұзатып қуалай бергенім дұрыс-ау деп астымдағы атты тақымдай түстім. Бағанағы қасқыр отырған биікке жеткенімде олар екі биіктің ортасындағы жазықты кесіп өтіп, қарсыдағы ақжалға қарай өрлеп барады екен. Енді менің ары қарай қуалай беруіме негіз жоқ. Иттер де менен алысқа ұзай қоймады. Оның үстіне омбы қарға түсудің қажеті не? Кері бұрылып, шатқалда жатқан сиырларды араладым. Барлығы дін аман. Қайтсе біреуін тартып кетті-ау деп шетінен аралап қарап шықтым. Одан да аман екен. Үйге келіп мән-жайды түсіндірдім. Алқынған өкпе демім де басылды, күдігім де тарқады.  

Артынан ойлап отырсам, таудың басында шоқиып отырған қасқыр қарауыл екен. Біздің қимылымызды бағып отырған беті. Менің атқа мінгенімді көре салып, шатқалдағы сиырларды жағалап жүрген топқа хабар берген екен. 

Түз тағысының небір айлакерлігін көзбен көрген малшылар мен аңшылардың түрлі қызықты әңгімелерін естіп өскенбіз. Өзім де соның бірнешеуін өз көзіммен көрдім. Мына «Қарауыл қасқыр» деп отырған қысқаша әңгімем соның біреуі ғана. Ол кезде қасқыр деген сөзді аузымызға алмайтынбыз. Үлкендер «қисық ауыз», «итқұс» немесе «Алланың серісі» деп айтып отыратын. Қасқыр деп атын атауға болмайды дейтін. Малшылардың қандай қас жауы болса да, қайсарлығы мен айлакерлігі туралы әңгіме айтқанда бір жағынан қасқырға құрметпен қарап отырған сияқты көрінетін, қызық... 


Қанат Тұрар

Тегтер: қасқыр, әңгіме, қарауыд, аңшы, малшы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.