"Қалаулымдық" Әлібек: Тойды кейінге шегеруге мәжбүрмін

02 Шілде, 2018 272 0

«Қалаулым» жобасы елді бір шулатты. Бірі – жақтады, өзгесі – даттады. Бастысы, жоба нәтижесінде бірнеше жұп отбасын құрып, жартыларын тапты. Сүйіктісін тапса да, әлі шаңырақ құрып үлгермеген қатысушы Әлібек пен оның ғашығы Камила Comode тілшісіне экслюзивті сұхбат беріп, қарым-қатынастары туралы ашық айтты.

Сіздердің таныстықтарыңыз жобадан тыс басталғанын көрермен жақсы біледі. Енді нақтылап кетейікші: қашан? Қайда? Қалай?

Әлібек: Біз 2015 жылдан бері бір-бірімізді сырттай танимыз. Әлеуметтік желі арқылы сөйлескен болатынбыз. Алайда, әңгімеміз ұзаққа созылмады.

Камила: Ал, 2017 жылы инстаграмда «қызықтылар» деген бөлімге жиі шыға бастады. Түрі таныс болғандықтан, парақшасына кіріп қарадым. Есіме екі жыл бұрынғы сөйлескеніміз түсіп, бірінші болып өзім жазып бастадым. Әңгімеміз жарасып кетті. Ол маған жоба бару керектігін түсіндірді. Мен ешқандай да әнші, актриса емеспін. Сондықтан, алғашқыда бұл қадамнан бас тарттым. Кейін сезімізге сенімді болған кезде ата-анамнан рұқсат алып, бірге келдім.

Әлібектің парақшасынан ақ орамал таққан Камиланы байқап қалдық. Сүйінші сұрап, қуануға бола ма? Әлде кезекті пиар ма?

Әлібек: Ол Дәулет деген бауырымыздың бейнебаянынан үзінді еді. Осыдан бір ай бұрын түскен едік. Біз әуелі шағын видео-нұсқасын салғымыз келген. Оқырманды таңқалдырып, көпшілікті алдап, қызық жасау ойымызда болды. Алайда, ондай әзілді барлық адам түсінбей қалады. Сондықтан, өзімізге тоқтау қойдық.

Камила: Бұл суретті түсірілім алаңындағы достарымыз түсіріп алыпты. Кейін Әлібек көріп, парақшасына салды.

Әлібек: Суретті жүктеген соң «алып қаштыңыз ба?», «беташар қашан болды?» деген сияқты сұрақтар толып кетті. Әзірге біз үйленбедік. Бұл тек бейнебаянның бір кадры болатын. Болашақта ол туынды жарыққа шығып, көрермен өз бағасын береді деп сенеміз.

Жоба барысында ұсыныс жасалды. Тойға дайындық басталды ма?

Әлібек: Негізі тойды шілде-тамыз айларына жоспарлаған едік. Бірақ, кейінге шегеруге тура келді. Өйткені, ағам үйленетін болды. Негізі біз үйде екі баламыз. Менің алдымда әпкем бар. Сол кісінің қыркүйек айында ұзату тойы болады. Сондықтан, тойды кейінге шегеруге мәжбүрміз. Күні белгілі болғанда міндетті түрде сүйінші сұраймыз.

Жалғыз ұл болғандықтан үйленген соң қара шаңырақта тұрасыз ба?

Иә, ата-анаммен бірге тұрамыз.

Камила, сіз қаншалықты мұндай қадамға дайынсыз?

Әрине, дайынмын. Бұл тақырыпты біз әу бастан талқыладық. Бұған дейін бірнеше жыл мен өзім пәтер жалдап, құрбыларыммен бірге тұрдым. Еркін жүрдім. Бастапқыда үйрену сәл қиындау болатын шығар. Алайда, ешқандай қорқыныш жоқ. Мен жас қыз емеспін. Тез тіл табысып, барған жерімді бақытты етемін деп сенемін.

Қандай салада қызмет жасайсыздар? Инстаәлемдеріңізге қарасақ, жұмыс жасауға уақыт жоқтай көрінеді...

Әлібек: Мен 16 жасымнан бастап «Қазақфильмде» кастинг саласы бойынша жұмыс жасадым. Әлі сол бағытта қызмет етудемін.

Камила: Мамандығым бойынша ағылшын, түрік тілінің мұғалімін. Жобаға дейін тілдер бойынша қосымша сабақтар өткізген едім. Қазір уақыттың тығыздығына байланысты бас тартуға тура келді. Одан бөлек соңғы бес жылға жуық уақыт стюардесса болып қызмет етемін. Менің жұмысым таңнан кешке дейін кеңседе отыруды талап етпейді. Еркін жұмыс кестесі. Бос уақытымды тиімді пайдалану үшін шаш күтіміне қатысты мамандықты оқып, иегеріп алдым. Меніңше, адамның бос уақыты көп болса – өмірі мағынасыз өтетіндей. Көп ұйқы, бос күлкі, орынсыз әңгімелер – азғырушылар. Мұндай қателікке жол бермес үшін әр күнімді, әр сағатымды дұрыс пайдалануға тырысамын. Үнемі жұмыс жасап, еңбектенгенді жақсы көремін.

Ал, мұндай гиперактивті күн тәртібіне, Әлібек, сіз қаншалықты бейімсіз?

Камила: Бұл сұраққа мен жауап берейінші. Әлібек мені осы әдетімен таңқалдырған. Тәулігіне 3-4 сағат ұйықтаса да ширақ жүреді. Гиперактивтілік Әлібектің ең басты артықшылығы. Мен ағаларымды есіме алсам демалыс күндер түске дейін ұйықтайтын. Ал, Әлібек сағат таңғы 8:00-де тұрып алады. Осы қасиетін мен үйде ата-анама мақтанып айтамын. Себебі, ұйықтап жата бергеннен гөрі осындай еңбекқұмар болған жақсы.

Инстаграмдағы оқырмандарыңыз көп екенін білемін. Жарнама құны қанша?

Әлібек: Біз тек таныстарымыздың өтінішін жарнама жасаймыз. Солай ыңғайлы...

Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейінші. Неге инстаграм арқылы табыс табу туралы әңгіме қозғағанда жылы жауып, сыр ашпауға тырысасыздар? Мысалы, танымал Баян Мақсатқызының өзі де инстаграмдағы жарнаманы ақылы жасайтынын жасырмайды... Бұл – қалыпты жағдай. Инстаграм – табыстың көзі.

Әлібек: Ақшаға құнығып инстаграм арқылы ақша табамын деген ойым жоқ. Бірақ, иә, рас ақылы жарнама жасаймыз. Және белгілі бір бағамыз да бар. 5000-10 000 теңгеге жарнама мүлдем жасамаймыз.

Сонда бір жарнаманың бағасы сіздердің қандай шығындарыңызды өтейді? Не алуға жетеді?

Әлібек: Шынымды айтсам, бұл ауадан келген ақша ғой. Сондықтан, берекесіз болып кетеді. Қалай келеді – солай кетеді. Осы инстаграм арқылы миллиондап табыс тауып, байып жатырмын деп айта алмаймын.


Толығырақ: http://comode.kz/post/vybor-zvezd/alaulymdy-libek-tojdy-kejinge-shegeruge-mzhbrmin/

Тегтер: Қалаулым, шоу, жұлдыз, инстаграм

Пікір қалдыру