Көлеңке

05 Шілде, 2019 351 0

ӘР ПЕНДЕ КӨЛЕҢКЕСІ ТУРАЛЫ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ МАМЫТБЕК ҚАЛДЫБАЙҒА АЙТҚАНЫ.
Мезгіл сәске түс. Жол жиегінен Баукеңе телефон соқтым. Тұтқаны жеңгей көтерді.   
–Келем десең, өзің біл, қарағым. Саған есігіміз  ашық қой.
Тротуар бойлап, ой құшағында асықпай жүріп келем. Көз алдымда Баукеңнің ұйықтайтын шағын бөлмесі. Онда Баукеңнен басқа ештеңе жоқ. Серігі темекі, радио /өз-өзімнен мәз бола күліп алдым/. Ал көп кісілердің бөлмесінде бәрі бы
ып, үйіліп тұрады. Бәрі әдемі, әсем. Өкініштісі, солардың ішінде Баукең секілді өзі жоқ.
Басыма бір әңгіменің идеясы келді. Тақырыбын ,,Бауке, сіз өмірден не алдыңыз?,,, немесе ,,Көлеңке,, деп қойған жөн сияқты.
Баукең бір жарқ етіп жанды ғой. Сол оттың күшімен, шұғыласымен халқымыздың жауынгерлік қасиеттерін әлемге танытты. Сол оттың күшімен Отанымызды жаудан қорғады.
Меніңше, Баукеңнің тағдыры кім-кімге де көп ой сыйлайды. Ол кісінің өз өлшемі бар, ол біздің өлшемге сай келе қоймайды. Олай дейтінім, сыртынан әртүрлі пікір айтып, таласып жүрген кісілерді талай кездестірдім. Олар өзге ұлт өкілдерімен сұхбаттасқанда:,, Біздің елімізден батыр Бауыржан Момышұлы шыққан, ол Москваны жаудан қорғаған, біздің ұлттық намысымызға көлеңке түсірмеген, оны басқалардың көлеңкесінен сақтаған, тағы басқа,,–деп мақтанып, аузын толтырып сөйлейді. Сөйтіп, Баукеңнің арқасында өзін бір көтеріп тастайды. Ал Баукеңнің оты сөніп бара жатқанда, олар бір бұта отын, бір уыс таскөмір әкеп қосты ма?…
Шынымды айтсам, қанша еліктеп, ұмтылсам да, қанша жігерленсем де, мына өмірде Баукең сияқты жарқырап жану маған бұйырмаған екен. Бұл менің шын өкінішім.  Әйтсе де Баукеңнің көлеңкелі бір жерлеріне тұмсығын тығып алып, жанып тұрған отты көрмейтін, көруге шамасы жетпейтін жандардан іргемнің аулақ екеніне мың мәрте шүкіршілік етем…
Осы тәріздес ой құшағында ішке ендім. Баукең  аласа, шағын журнал столы жанындағы жұмсақ орындықта ,,Жұлдыз,, журналын оқып отыр екен. Көзінде көзілдірік. Амандық-есендік сұрасқаннан кейін әңгіме арнасын ,,Көлеңке,, тақырыбына қарай аңдаусыз бұрып жібердім.
–Дүниеде көлеңкесіз нәрсе болған да емес, болмайды да!– деді  Баукең даусын қатайтып.– Көлеңкесіз нәрсе жоқ дегеннің астарына түсін. Мұндай сөзді өзім білетін халықтардың ешқайсысынан кездестірген емеспін. Мен мұны бала кезімде ауылдағы бір шалдың аузынан естідім. Ол шалдың аты– Нұрақ. Әкемнен кемінде жиырма жас үлкен болу керек.Аулымыздың екі кісісі дауласып, шатақтасыпты. Сол дауға әкем қолымнан жетектеп ертіп барды. Қандай шатақ екенін білмеймін. Әйтеуір ауыл екі ұдай боп бөлініп, ырың-жырың. Бір жағы айыпкерді ақтаса, екінші жағы қаралайды.
Төрде Нұрақ шал отыр. Еңгезердей, ақ сақалды, ірі кісі екен. Басы үлкен, басы емес, бөркі үлкен. Менің назарым сол бөркіне ауса керек.
Екі жақ айтарын айтып шаршады ма білмеймін, бір кезде үндемей тоқтады. Нұрақ бәріне жағалай қарап:
–Болдыңдар ма?– деді.
–Болдық, ақсақал, сіздің аузыңызға қарап отырмыз.
–Ал менің аузыма қарасаңдар, бір-ақ сөз айтайын. Ол ит–көлеңкесіз ит/ Баукең даусын көтере, жиркене сөйледі/! Соған бола ауылды ырың-жырың ететін нелерің бар?! Менің аузыма қарасаңдар, айтарым осы!
Нұрақ шалдың сол сөзін бүгін ойласам, ,,көлеңкесіз,, дегені өзі былай тұрсын көлеңкесі жоқ, түкке тұрмайтын біреу дегені екен.
Үлкен кісі кеткен соң қалғандар да орындарынан тұрып тарады. Екі жақ та сенікі дұрыс, не теріс демеді. Бәрінің үні өшті.
Кейіннен не сөйлескенін, не айтқанын білмеймін. Ал бірақ ,,көлеңкесі жоқ,, кісі ертесіне ауылдан біржола құрыды. Оны ұрып-соқпапты. Екі жағы қаражат жинап беріп:
–Ал енді жаның бар да жөніңді тапқын. Бұдан былай біздің ауылға, ауданға, облысқа жол шегуші болма. Жерім, елім бар, жұртым бар дегенді ұмыт, біз де сені ұмытайық,– дейді. Это смертельный приговор.
Ұрған жоқ, сабаған жоқ. Ол кісі содан қайда барды, қайда болды, тұқым бар ма, пәлен-түген дегеннен осы уақытқа дейін хабарсызбын.
Баукең темекі тұтатып тартып:
–Көлеңке дегеннің түрлі мағынасы бар,– деді маған түсініп тыңда дегендей қабағын түксите қарап.– Көлеңкесі жоқ деген сөз баспанасы жоқ, ағайын, туысы жоқ дегенді де білдіреді.
–Ойбай, сендердің көлеңкелеріңде күн көріп жүрмін ғой,– дейді қазақ. Ал енді көлеңкесіз деген өте қорқынышты сөз. Жапа-жалғыз, ешкімі жоқ/ақша, дүниесі бар шығар, ол өз алдына/, көлеңкесіз деген мораль жағынан өте ауыр.
Көлеңке–образды ұғым. Кейбіреулердің ,,сен пәленшенің көлеңкесінде күн көріп жүрсің,, дейтіні де бар. Оның мағынасы бөлек, әрине.
Бір қатынның байы өлгендегі жылағаны есімде. Көзі алақандай, қара қатын екен.
–Күнім-ай, айым-ай, қорғаным-ай, берекем-ай,– деп жоқтап жылап отыр. Бір кезде ,,көлеңкем-ай,, деп жылады.
Қазір ойласам, оның ,,көлеңкем-ай,, деп жоқтауында үлкен мән бар екен. Мысалы, күн шыжып тұрған жазғы шілдеде адамның, жан-жануардың іздейтіні көлеңке ғой. Это удоволь-
ствие, защита.
Жоқтау дегенді зерттеу керек. Оның сөзінде көп даналық бар. Қазақтың жоқтауы өз алдына бір жанр. Сен қолың тигенде бұл жанрды зерттеп, байқап көргін. ,,Пәленше өлгенде әйелі, қызы бүйтіп жоқтапты,, деген әңгіме халық арасында көп. Қазақтар өлген кісінің қырқына дейін жоқтау айтып отыратын.  Осы жанрды біз жете зерттемей келеміз.
Өлген кісінің жақсылығын образды түрде айтып беру– үлкен өнер. ,,Күнім-ай, көлеңкем-ай,, дей келіп, мархұмның жақсы қасиеттерін жіпке тізгендей бейнелеп беру– ақылдылықты, ақындықты, тапқырлықты керек етеді
Ауылымда Айдын деген шешем болды. Ол кісіні әбден қартайған шағында көрдім. Жас кезінде әжептеуір болған шығар, оны білмеймін. Сайлаубай, Таубай, Дәуітбай деген балалары бар еді.
Дәуітбайдың бәйбішесі қайтыс болды. Жоқтайтын кісі жоқ. Сонда Айдын шешемнің өзі жоқтады.
Баукең қара жамылып, қайғырып жылап отырған әйелдің мұңлы, зарлы даусына салып, басын шайқай, теңселе, екі қолымен екі бүйірін ұстап:,, Қарағым-ай, қарағым-ай!,,– деп әндете бастады.
–Қозы келгенде алдынан шығып қуанған,
Бұзау келгенде екі білегін сыбанған,– деп келінінің жақсы істерін тізіп жатыр.  Сайлаубай деген ұлы  ауылының бір қызымен жасырын тіл табысқан көрінеді. Соған құдай біледі мархұм болған келінінің көмегі тисе керек. Айдын   шешем келінінің жақсы істерін тізген соң бәрін қамтиын деген болу керек, бір кезде:
–Сайлаубайға пәленшенің қызын табыстырған қарағым-ай,– деп соқпасы бар ма?
Үй іші толы ауылдың үлкен кісілері,  әлгі қыздың әкесі  де отырған. Сақал-шашына ақ кірген, тұлғалы кісі еді. Не дерін білмей тіксініп, сазарды да қалды. Әкем:
–Тәйт! Өшір үніңді, шық үйден!– деп жекірді. Айдын шешем қарасын батырды. Екі жақ та не кешірерін, не кешірмесін білмей отырып қалды.   
Бұдан  шығатын  қортынды, жоқтауды да біреулер біліп, біреулер білмей жоқтайды. Келінін мақтаймын деп құпия сырдың бетін аңдаусыз ашқан Айдын шешем секілді жоқтай алмайтындар да болған.
Абайдың Оспан, Әбдірахман өлгендегі жазғандары нағыз жоқтау өлең. Абай баласының періште бейнесін тамаша жасаған. Жоқтауды көбіне әйелдер айтады. Оны олар өздері шығарады, немесе біреу шығарып береді. Әйелдердің жоқтауынан бізде бар ма, жоқ па, білмеймін. ,,Қыз Жібек,, жырында:
–Өлгені Төлегеннің рас болса, Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?– деген жолдар бар. Осы жолдарда ғана жоқтау сарыны сезіледі. Ол тағы аяғы, қайырмасы ғана. Бұл жырда да, операда да әлі сақталып келеді.
Көп жоқтау халық арсында белгісіз күйге ұшырап, ұмытылып жатыр. Сен уақытың болса, іздеп, зертте.
Бұрын:
–Ойбай, пәленше өлгенде жоқтамады, тым-тырыс отырды,– деп сын қоятын. Ал егер жақсы жоқтау болса, ,,пәленшенің жоқтауы,, деп елдің бәрі жаттап алатын.
Жоқтауды жинап, зерттеу керек. Бұл әлі жойылмаған қазына. Мұражайда жоқ болса, ауылға бар, шал-кемпірлер кімді қалай жоқтағанын біледі, сұрасаң, айтып береді.ъ
Жоқтау да үлкен өнер деп жоғарыда айттым ғой. Оған да дайындық керек. Ел жиналғанда былай жоқтайсың деп  үйретеді, жаттықтырады.
Бұл дәстүр өзінше жерлеу жыры, қаралы жиын. Жақсы жоқтауды естіген ел ,,ойпыр-ай,, деп таң қалатын, ойланатын. Бір жағынан мұның тәрбиелік те мәні бар.
Жоқтау– қазіргі некролог. Ол кезде қазақта газет болған жоқ.
Жоқтау өлген кісі туралы жырлайды, ал некролог өлген кісі туралы жазады. Екеуі мазмұны жағынан ұқсас.
Баукең маған ұзақ, сүзіле қарап:
–Бұл әңгіме неден шығып кетті?– деді таңырқай.
–Көлеңкеден.
–Е, дұрыс, негізгі тақырыптан онша ауытқымаппыз. Түсінсең, жоқтау да көлеңкенің қыр-сырын танып, біліп, бағалауға көмектеседі. ,,Суықта жылытушы едің, ыстықта көлеңкелетуші едің,, дегендегі көлеңке мүлде басқа мағынаға ие.
Тұнжырай ойға ене отырып:
–Менің  кемістігім  жоқ,  күнмін,  аймын деген қып-қызыл есуастық!– деді.– Жарық дүниеде  өмір  сүріп  жүргендердің  кемістігі  болмауы  мүмкін  емес. Кемістігім  жоқ десе, ол өмір сүрмегені.
Әрине, әркім-ақ кемістігім болмаса деп ұмтылады. Қолдан келсе, бәрінің періштеге айналғысы бар…
Туғанда көлеңкем болса, өмірімде де, өлгенімде де көлеңкем болады деп әнеукүні айттым.– Баукең аздап езу тартты.– Мен елден ерек емеспін, барлық иірімдеріммен өмір сүремін…
Кейбіреу өзінің емес, өзгенің көлеңкесін көргіш, сынап-мінегіш келеді. Бұл неліктен?
Мен үндемедім.
–Әй, жауап қатсаңшы?!
–Өзіңіз айтыңызшы?
–Бұл тоқмейілсуден, өзін жұрттан ақылды, білгіш санаудан. Мұндай адам тек менің айтқаным дұрыс, шындық тек мен жағымда деп ойлайды. Сөйтіп нағыз ақымаққа айналады. Бұл өте қауіпті. Керісінше, көлеңкесін көріп, мойындай білген, одан құтылудың жолын іздеген адам ақылды. Түсінген жанға көлеңке–ой, түсінбеген жанға көлеңке–ор. Ұқтың ба?
–Ұқтым.
–Ұқсаң айт, көлеңкесі аз адамдар кімдер?
–Кішіпейіл жандар.
–Дұрыс. Оларға барлық уақытта сенуге болады. Себебі олар адал жандар. Ал адал жандар өзін өзі зор, өзін өзі қор санауға қарсы.
Баукең ойын іштей түйіндегісі келгендей біраз үнсіз қалып, қайта сөйледі.
–Мінсізбін деп ақымақтар ғана ойлайды. Ол жай нәрсе. Бәріміз де күнәһармыз. Ал бірақ кемістігін түзетсе, түзетуге ұмтылса, онда ол азаннан кешке дейін, былтырдан биылға дейін мінсізбін деп айта алады.
Кемшілігін мойындай біліп, оны түзей білген адам–адам… Мысалға сені алайық. Бірінші, екінші, үшінші кемшілігіңді өзің мойындағын. Мойындамасаң, мен айтып бере аламын. Түсіндің бе?
–Түсіндім.
–Кемшіліксіз адам кездеспейді,– деген Энгельстің сөзіне Маркстің қызы қарсы шығып, ренжісіп қала жаздаған.
–Менің әкем және сіз коммунизмнің мінсіз адамы үшін күреспедіңіздер ме?–депті. Сонда Энгельс:
–Қымбаттым, мінсіз адам болған емес, болмайды да. Себе-
бі, әр адам–индивидум. Біздің ғылымымыз негізінен қоғам туралы ғылым. Коммунизм қоғамы–адамгершіліктің қоғамы, бірақ онда есуастар болмайды деп Маркс те, мен де айтқан емеспін. Айтпақ түгілі ойлаған да емеспіз. Біз өз ғылымымызда есуастық пен қылмысты тудыратын қанаушылыққа, капита-лизмге қарсы күрестік. Біз ешқашан да қоғамдағы мінсіз адам туралы айтқан емеспіз, біз мінсіз қоғам құрылысы туралы айт-қанбыз. Бұл жөнінде сіз қателесесіз. Кемістікті адамдар феода- лизм, капитализм қоғамына қарағанда әлдеқайда аз болады, өз жетістігімен, өз кемшілігімен адам коммунизмде де адам күйінде қалады. Болашаққа  үзілді- кесілді  рецепт  бере  алмаймыз. Сізсіз де біздің қарсыластарымыз аз емес.
Маркстің қызы ақылды екен:,,Бұдан былай мен таласқа қатыспаймын,, – деп қатесін мойындапты.
Баукең орнынан тұрып, бөлме ішін кезе бастады.
–Көлеңкемді  көрсетпеймін  дейтін  кісілер қып-қызыл ақымақ. Олар көлеңкемізді көрсетпейміз деп қанша тырысқанымен қалай көрсеткенін  байқамай қалады. – Жаныма жақын келіп,  түсін дегендей қаһарлана қарап қойды. –Көлеңкені көре білу керек, көлеңке әртүрлі. Жаманның көлеңкесі мен жақсының көлеңкесінің айырмасы  жер мен көктей! Жақсы да, жаман да көлеңкесіз болмайды. Әлде бола ма?
Мен үндемедім.
–Оны түсінбесең, ағаш та, өсімдіктер мен малдар да, тау мен  тастар да көлеңкесіз болмайды. Олар күннен әулие емес! Әріберіден кейін күннің де көлеңкесі бар.
Әрине, жаңа айттым ғой, көлеңке әртүрлі болады. Біреудің көлеңкесінде біреулер жан сақтайды, өмір сүріп, өсіп-өнеді.  Біреулердің көлеңкесін саялаған кісілер тұқым-тұқиянымен құрып кетеді.
Баукең орнына кеп отырып:
–Кемістігім жоқ деген кісі ақылды емес,– деп екі саусағын қатар көрсетті.–Кемістік пен қасиет екеуі былай қатар жүреді. Тамырын алсаң– кемістік  те халықтан шыққан, тамырын алсаң қасиет те халықтан шыққан. Сонда кемістік пен қасиеттің қатар жүруі – жаратылыс екеуін қатар алып салыстырсын деген. Егер екеуі қатар жүрмесе, онда кемістік кемістік, қасиет қасиет болмас еді. Кемістік қатар жүрмесе, қасиетке баға бере алмайсың, оны қасиет істей алмайсың. Қасиет қатар жүрмесе, кемістікке баға бере алмайсың, оған ақылың жетпейді. Екеуінің қатар жүруі дұрыс.
Әдебиетте идеальды деген сөз бар. Қарағым, көңліңе келсін келмесін, бұл жай сөз. Кемшіліксіз қаһарман жоқ және болуы да мүмкін емес. Мұны мен оқырман ретінде айтып отырмын. Идеальды, кемістіксіз қаһарман жасаған әдебиет дәстүрін ақымақ дәстүр деп ойлаймын. Көне грек, испан, француз, орыс классикалық шығармаларын алшы, оларда кемістіксіз қаһармандар жоқ. Лев Николаевич Толстойдың кейіпкерлеріне ой жүгіртші, бәрінде өздеріне лайықты кемістіктер бар. Пушкинде де солай.
Олар жетістігін суреттей отырып, мынандай кемістігі де бар еді дейді. Осы дәстүрді мен өміршең дәстүр деп білем. Мысалы, Пушкиннің кемістігі болған жоқ деп айтып көріңдер? Ол–данышпан, бірақ кемістіктері бар. Соны Лермонтов түсініп, кінә тағады. ,,Ақын ажалы,, деген өлеңін оқы. Онда ол Пушкинді  мақтай бермейді. Мақтап-мақтап кеп:,, Жан шошынар, ой тұншығар сол ортаға бардың қайдан?,,– дейді. ,,Ұсақ ғайбат қорлығына, төзе алмады ақын жаны,, деген жолдар да бар. Солар арқылы қатын өсекке шамданып қалдыңыз деп Пушкинге  кінә тағады.
Данышпан Абайдың да өзіне лайықты кемістігі бар. Оны өзің ойлан, мен айта бермейін.
Кемістігі жоқ –адам бақытсыз адам деп айттым ғой. Кемістік пенен жақсылық қатар жүрмесе бақыт жоқ.
Кемістік пен жетістік жеке адам мен  қоғам өмірінде де қатар жүреді. Онсыз даму жоқ. Бұл менің ойым емес, шырағым, бұл Энгельстің ойы. Мен ол кісінің  шығармаларын  оқып отырып, осылай түсіндім. Дұрыс түсіндім бе, теріс түсіндім бе, оны өздерің біліңдер.
Энгельстің ,,Отбасы, жекеменшіктің және мемлекеттің шы- ғуы,,  деген шығармасы ұлы шығарма. Мен Америка ашып отырғаным жоқ, түсінгенімді айтып отырмын.
Ақымақтар болмаса, ақылдылар қайдан шығар еді? Слава богу у нас существуют  дураков, поэтому у нас появились умные. Түсіндің бе?
Жоқшылық болмаса, баршылық қайдан шығар еді? Баршылық жоқшылықтың азабын көргеннен кейін шығады. Дұрыс па? Әдепсіздік болмаса, әдептілік қайдан шығар еді. Әй, мынау дұрыс емес деп әдептілік шыққан.
Мұндайларды айта берсең, толып жатыр. Маркс қызының сұрағына:,, Бақыт дегеніміз–күрес,, деген ғой. Жауабы өте дұрыс, ойы қызық. Мұны тек таптық күрес туралы айтылған деп жүрсіңдер. Отбасында күрес жоқ па? Туған-туысқаның арасындағы күрес ше? Келінмен үнемі тату тұрамыз, ауыз жаласып жүреміз десең, мен сенбеймін. Кейде бір әке, бір шешеден тусақ та алакөзденіп қаламыз
Махатма Ганди Индияға көсем болған кісі. Сол кісінің: ,,Познание Вселенной начинается с своей родной деревни. Очень жаль, если оно там кончается,,– деген сөзі бар. Сол кісіден бұрын қазақ,,Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің,, деп айтқан екен.
Баукең темекі тұтатып тартып, көк түтінді будақтата отырып:
–Көлеңкенің де көлеңкесі болады. Оны түсініп, дұрыс көрсете білу керек,– деді жігерлене үн қатып.– Көсемнің де көлеңкесі бар! Неге десең, ол да пенде ғой.
Әрине, біреудің кемістігі көп, біреудің кемістігі аз. Шын адам алдымен өзін өзі сынауы, абайсызда жіберген қатесіне қап деп өкініп, оны түзеуі керек. Ол да оңай емес.
Болдым, жеттім деу–үлкен қателік. Мақтаншақтық, өркөкіректік сол қателіктен шығады. Істеген қатені мойнына алу– ерлік, мойнына алмау– қорқақтық.
Өмірде қатесін түсініп, мойнына алғандар азырақ. Менің айтқаным пайғамбардың сөзі деу–ақымақтық.
Біз жас ұрпақты жақсы дәстүр негізінде тәрбиелейміз. Жақсылықтың қанатында әріберіден кейін жамандар да ұша алады. Қиындыққа кім болса сол шыдай бермейді. Алдымен өзіңді ұстай біл.
Адам ,,тұйыққа тіреліп тұрмын, не істеймін?,, деп іштей  арпалысады. ,,Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді,, деген нәрсе өлем деме, өзіңді өзің жеңе біл, кімнен әулиесің, намысыңа тырыс, өлсең де, намысыңды жоғалтпай өл деген сөз.
Бір мысал. Наполеон туды құшақтап құлап жатқан орыс офицерін көріп, атының тізгінін тартып тоқтайды. Қолымен нұсқап:
–Міне, сұлу өлім!– деп қасындағыларына ала көзімен қараған екен. Бұл қарастан сен не ұғасың?                                        
–Өлсең, ерлікпен өл…                                                    
–Ақылың бар ма?!–деп Баукең кілт ашуланып, сөзімді аяқтатпай бөліп жіберді.–Оның ала көзімен қарауында өлім туралы емес, ерлік туралы, яғни ,,мына жігіттей ер бол!,,деген ой бар…                                                                   
Баукең ызғарлы да қатал пішінге еніп, маған көңлі толмағандай сыңай танытып, біраз үнсіз, тесіле қарап отырды.
Ішімнен:,,Сөзге бекер-ақ араласқан екем,,–деп өзімді өзім кінәладым.
–Бұдан артық не керек, соңғы демі біткенше қаруын қолынан түсірген жоқ дегендей ол жаудың солдаты болса да құрмет  танытты емес пе?
Өлтіре білу– парыз. Ол өз алдына, өле білу де–ерлік!
Баукең аз-кем бөгеліп:                             
–Сынған аяғымның қақсай бастағанын қарашы? Е, мейлі, жұмыс істемесең, өмір сүріп не керек?– деді  қинала қабақ шытып.–Жұмыс–нан табу үшін ғой. Ал менің наным бар, жетеді дегенім азаматтыққа жараспайды. Қолдан келгенше қоғамға пайдалы жұмыс істеу керек.                                    
Бір жиналыста:,,Я считаю своим гражданским и священным долгом до последнего дыхания верно служить Советскому союзу. Я гражданин СССР,, дегем.                                                       
Бұл–ант. Бұл антты беріп отырған он бестегі бала емес, жетпістегі шал. Шал болсам да халқымның ары үшін өртіңе де, суыңа да бармын. Ұқтың ба?                                                       
Мен үндемедім.                                                               
–Қаншама атағы болса да:,,Ойбай, мына  жерде  сүрініп  қалыппын, мына жерде  жығылып  қалыппын,, –  деп ойламаса, қиын.
Әр адамның басындағы жақсылық пен кемістіктің қайсысы басым, ол өз алдына әңгіме, ол тарихи мәселе. Партияның сын, өзара сын деген талабы бар. Ол дұрыс талап. Әйтсе де өзара сын бізде нашар. Бір мақтансақ, ертең құздан  құлап  оңбай  қалатынымызды білмей дарылдап кетеміз.
Әркім өз орнын білуі керек. Өз орнын білу үшін ойлану керек. Мен, мен деу есерсоқтық. Немене сенен басқа адам құрып қалды ма дегенді жұрт естіртіп айтпаса да, ішінен ойлайды ғой. Оны қою керек.
Жақсы, жаман болсын сенің ұжымың бар. Ұжым–мектеп.  Оның өзінде әртүрлі, әр сырлы адамдар болады. Олардың әрқайсысы өз ұжымының, өз басшысының талап-тілегіне өзінше қарайды. Біреуге жаққаны біреуге жақпайды.
Өз ұжымының бас бармағы, әлде ортан қолы, не шынашағы ма, бәрібір әр адамның қоғамымызда орны бар. Оның қоғамымыз туралы/басын көрсетті/ мына жағында ойы жатады. Мысалы, екі завод, екі фабрика ұжымын салыстырсаң, кей кезде бір-біріне ұқсамайды. Әр ұжымда келіспеушілік, қарама-қайшылық аз емес, толып жатыр. Бұл табиғи заңды
Бүгін абайламай айтып қап, ертесіне өкінетіндері де бар.
Кейбіреуі ,,менікі дұрыс,, деп белсенді-селсенді болып жүр. Онсыз мүмкін де емес. Абайламай сөз айтты деп кінәлауға болмайды. Оны айтқан ол емес, айттырған ұжым, оның басшылары.
Елдің аузына қақпақ сап қоясың ба? Абайлап сөйлеуді құдай әркімге берген емес.
Баукең маған шүйіле қарап:
–Кемістігім жоқ дейсің, сонда сен періштемісің?!– деді даусын қатайтып.– Хе-хе-хе. Кемістігім жоқ дейтіндер нағыз оңбағандар!
Пенде болған соң отбасың, жора-жолдастарың болады. Олардың әсері, ықпалы бар.

Әй, шырағым, өмір дегенді түсінгін, ілгеріде айттым ғой, жетістік пен кемшілік болмаса, ешкім ойланбайды. Кемістігіңсіз жетістігің түкке тұрмайды.

Қалайша сенің өміріңде бәрі сәтті, ал басқалардыкенде сәтсіз. Сенде де сәтсіздіктер бар ғой. Солай емес пе?

–Солай.

–Ешуақытта бәрі сәтті, бәрі тәтті болмайды. Үнемі тату тұратын туыстар да жоқ. Кім ,, бізде бәрі сәтті, бәрі тәтті,, десе, ол–жалған.

Бұл жағынан сен алысқа жүгіріп мысал іздемей-ақ қой. Екеуміздің қарым-қатынасымызға жиырма жылдан асты ғой, шырағым. Кемістігімді сен менен жақсы білесің. Өйткені, кім

кімнің де көлеңкесі сырт көзге тез шалынады. Бірақ сен оны қалай көресің, оны қалай түсінесің, ол мүлде басқа мәселе.

Кемістікті ,,неліктен бұлай, қалайша осылай болды?,, деп түсіну керек. Бір кездесуде сөйлегенімде былай деппін:

–Біздің ұрпақтың да кемістіктері болған. Сол кемістіктердің өтеуі оңайға түскен жоқ. Бұл  пәленді істедік, түгенді істедік дей келіп айтқаным ғой.

Баукең темекі тұқылын күлсалғыш ернеуіне қисайта қойып, шашын кейін қарай жатқыза тарады.

–Сен маған: ,,Сіздің өміріңізде қателер болды ма?,,– деген сұрақ қойғын!- деді бұйыра сөйлеп.

–Сіздің өміріңізде қателер болды ма?

–Менің өмірімде, қарағым, көп қателер болды. Мен 207 рет ұрысқа қатысқан адаммын. Оларды қатесіз өткіздім деп айтуға аузым бармайды! Қателеспедім, қате жіберген жоқпын дегендерге мен сенбеймін. Қарсыластар ешуақытта бір-біріне сырын айтпайды. Әрқайсысының мақсаты– мынаны қай жерде қателестіремін, қай жерде сүріндіремін деген мақсат. Бұл–соғыстың заңы. Мен сол мектептен, мектеп аз болар, сол университеттен өткен кісімін.

Сәл бөгеліп:

–,,Құдай жасты береді  ақымаққа,, – деді  әндете.–  Бұл  менің емес, халықтың сөзі. Мысалы, Лермонтов, Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров отызға жетер-жетпес, Пушкин отыз жеті жасында, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов қырықтан аса өлген. Бұдан да басқа мысал көп. Олардың бәрінен мен көп жасадым. Әрине, мен олар емеспін, бірақ олардан өзгешелігім де бар…

Олар көргенді мен көргенім жоқ, мен көргенді ол кісілер көрген жоқ. Сол себепті әрқайсымыздың ұғымымыз, сезіміміз әртүрлі, шырағым. ,,Құдай жасты береді ақымаққа,, дегеннің тамыры қазақтың ,,көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра,, деген нақыл сөзінде жатыр.

Көпті көру–тәжірибе деген сөз. ,,Көп көрген–нұсқа, көп істеген–ұста,,. Мен, шырағым, мұны бекер айтып отырған жоқпын. Мен көп жасаған кісілерді де көрдім.. Көп жасаған мен көпті көргенннің айырмасы жер мен көктей екен…

Қайта темекі тұтатып, тартты.

–Кейбіреудің бір жылда көрмегенін кейбіреу бір күнде, он жылда көрмегенін он сағатта көреді екен. Оларға мен бұрын түсінбеппін, оны жасым ұлғайғанда ғана байқап, түсініп отырмын. Кей жағдайларды есіме алып, ,,қап, олай емес былай болу керек еді ғой,, деп өкініп отырмын.

Өткен өтті, кеткен кетті, шырағым. Оларды қайта оралту мүмкін емес. Оған мен түсінем. Бірақ та өкініш салмағы қар-

тайғанда ауыр болады екен…

Әрине, мен қатал жағдайда көп қателескенім жоқ. Ал жай өмірдегі қателерім аз емес. Оның кейбіреуі есіме түскенде ,,қап!,, деп қатты өкінемін. Бұларды түзеуге мүмкіншілік жоқ. Өкінішім, білсең, сонда…

Табиғат маған бәрін аямай-ақ берген екен. Менің қателерім, ойласам, жақсылықтарымнан он есе асып жатыр. Мадақтағанды да, мақтағанды да естідім. Неге мадақтайды, неге мақтайды деп ойлансам, кемістігім аз көрінбейді. Соған өте қынжыламын…

Оларды түзеуге енді жас, уақыт жағынан шамам жетпейді. Оны да мойындаймын.

Қателескен жоқпын деушілерді мен түсінбеймін. Қателеспейтін  пенде жоқ, қателеспейтін басшылар да болған емес. Маған сенбесең, тарихқа жүгінгін. Қателеспеймін деген нәрсе қып-қызыл тәкаппарлық. Мысалы,  Петр Бірінші мен қателеспеймін деп айтқан емес. Ол кісі шведтердің королі Карл ХХІІ-мен соғысты ғой. Бір жеңілгенінде қолын көтеріп:

–Карл, жарайсың!– деген екен. Бұл, сенің ерлігіңді таныдым деген сөз ғой, түсінсең.

Карл де ақылды кісі болу  керек,  ,,Петр өстіді,  мен  қайттім?,, деп оң қолын көтеріп:

–Петр, сен де жарайсың!–  депті.– Мен  өз  әскеріме  шабуылды тоқтат деп бұйрық беремін. Не істеуді өзің біл!– Қолын бір сілтеп бұрылып кетіпті. Петр Бірінші де әскеріне атысты тоқтатыңдар деп әмір етіпті. Елшілер:

–Енді қайттік?–деседі.

–Осымен бүгінгі ұрысты бітірейік, жөндеп сөйлесейік,– деп екі жағы келіссөз жүргізеді. Бұл–ерлікті мойындау деген сөз. Петр Бірінші шведтерді ұстазым деп жайдан-жай айтпаған…

Баукең темекі түтінін үрлей:

–Шырағым, мен ұлы қолбасшы емеспін, мен мемлекеттің ұлы саяси қайраткері емеспін. Бар-жоғы полковникпін.

Сен мені үйімде ғана көріп жүрсің. Басқа жақты қойғанда менің осы үйімдегі қателерім де аз емес. Соғыс кезінде қателерім көп болып еді, демалысқа шыққан соң бәрі ойдағыдай-тойдағыдай деуге аузым бармайды. Сен жазушысың, психологсың, көріп жүрсің. Мен өзімді қателері жоқ кісілердің қатарына қоспаймын.                                       

Құдай адамға нысапты бермеген екен. Адамда нысап жоқ. Кейде шүкір-мүкір дегеннен аулақ боп кетесің, алғаның аздай тағы да алсам дейсің. Нысапсыздық сол болады

Жастардың бір ерекшелігі бар. Олар ашық, сенгіш келеді. Олар бізді, жазушыларды әулие санайды, мұнысы–адасушылық. Себебі, олар жарық жағымызды ғана көріп, көлеңке жағымызды  көрмейді. Сол себепті жастарға обал. Біз оларға жарық жағымызды ғана көрсетіп жүрміз. Көлеңке жағымызды көрсетуге ерлігіміз жетпейді.

Әрине, алдаудың түбі саяз келеді. Жастар бүгін түсінбегенмен ертең, не бүрсүгіні түсінеді, бүрсүгіні түсінбегенмен келесі жылы түсінеді. Жасыратыны жоқ, бізді қайсы бір ағаларымыз алдағысы да келді… Алдағандары да бар… Бұл өте қайғылы…

Баукең темекі тұқылын күлсалғышқа тастап, журнал столының үстінде жатқан қалам, қағазды қолына ап, түрегеп тұрған жалаңаш әйелдің суретін салды. Оны түзу сызықпен қырынан тік екіге бөлді. Ол бөліктің біріншісін жарық, екіншісін көлеңке жағы деп атады.

–Мені алжыған шал деп  отырсың  ғой.  Кімнің  алжыған,  алжымағанын бір құдай біледі. Сендер адамның бетіне, сырт тұлғасына яғни жарық жағына қарап қана қортынды жасайсыңдар,–деді шамдана сөйлеп.– Ал көлеңке жағына көңіл бөлмейсіңдер. Білсеңдер, барлық құпия көлеңке жағында жатыр. Ол–шындықтың темір сандығы. Адамның құпия сыры жарқылдаған сырт тұлғасында емес, миында, жүрегінде яғни көзге көрінбейтін көлеңке жағында.

Жарық жағы–жарнама. Жарнама деген не? Ол– қызықтыру деген сөз. Тарту үшін елдің бәрін қызықтыру керек. Мұны сен түсінемісің?

 Мен үндемедім.

–Мидың терісі, шашы, сүйегі бар. Ми көрінбейді ғой. Кім көріпті?

Баукең басын, кеудесін көрсетіп:

–Жүректің қанша қалқаны бар? Емшек, ет, май, бұлшық ет дегендерді  қайда  қоясың?!–  деді  қатты дауыстап.– Ол аздай қабырға, төс сүйегі бар. Сонда жүректің қорғаны бесеу ме? Есеп жасашы?

Адам  бір-бірінің  сырын  білмей  қателеседі,  себебі оның жарық жағына мәз болып, көлеңке жағын көре алмайды.

Баукең қайтадан басы мен кеудесін көрсетті.

–Барлық мәселе мына жақта! Ал сендер жылтыраған сұлу бетте, сырт көріністе дейсіңдер!

Жарық жағынан жүректің бір шеті ғана көрінеді. Соған мәз болып, ,,жүрегін сездім,, дейсің. Несін сездің? Оны сезем десең, көлеңке жағын көре біл.

Тарих, өмір туралы да осыны айтамын. Бұл схемадан алысқа кете алмайсың. Кетіп көрші?!  Бұл  табиғи  схема.  Мұнда ешқандай дөрекілік жоқ.

Адамдарды түсінуің– олардың көлеңке жағын көре білуіңе байланысты. Біз өмірде де, әдебиетте де, ғылымда  да осы екі жағын шатастырамыз. Басты қатеміз осында.

Көлеңке жағымызды ашып көрсете алмай келеміз. Бұл мәселе классиктеріміздің өзінде  де толық шешімін тапқан емес, таппайды да.  

Ги де  Мопассан,  Проспер  Мериме,  Гоголь  көлеңке  жағымызды көрсетуге әрекеттенді, бірақ мұны олар толық жүзеге асыра алмады. Перденің шетін ғана ашты.

Әртүрлі жағдайға байланысты кемістікке жол бере бермеу керек деген принцип өте дұрыс. ,,Жаман мұрын сасық иіске үйір,, дегеннің керін келтірмей жас ұрпақты жақсы дәстүр негізінде тәрбиелеуіміз керек. Сол себепті көлеңкені қалай, қай жағынан көрсеткен жөн деген мәселе бәрімізді ойлантса керек.

Баукең аз-кем кідіріп, қайта сөйледі.

–Біздің қазақ–ақылды халық. Оның көлеңке туралы тағы бір сөзі бар. Түсіне білгенге ол да терең сөз. Қазекең ,,Көлеңкеңнен қашып құтыла алмайсың,, депті. Соны айтып қарқ-қарқ күлеміз. Ол түсінбеушілік. Бұл сөзде қанша философиялық, психологиялық, табиғи тереңдік жатыр.

Біз осы күнде сын, өзара сын деп жүрміз ғой. Ол түк емес, сынның төркіні, негізі– ,,көлеңкеңнен қашып құтыла алмайсың,,. Бұл терең, дана сөз. Мұның мәні өзіңе өзің сын көзбен қарай біл, абайлап сөйле, аяғыңды аңдап бас деген сөз ғой, ә? Мен солай түсінем.

Аулымыздың бір ақсақалы есімде. Жасы сонда сексенде болу керек. Аты Шұғал еді. Әкем атын атамай жәке дейтін.

Сегіз, тоғыздағы кезім. Шұғал ірі, сақалды кісі еді. Жартысы ақ, жартысы қара сақалы кіндігіне түсетін. Әкеме/жамағайын інісі ғой/ қатты сенеді екен.

–Әй, Момынтай, бері кел!– деді.

–Иә, жәке.

–Мұртым өсіп кетіпті, мұртымды басып бергін. Қайшың бар ма? Кеше быламық ішіп отырғанда мұртыма жабысып, есімді шығарды.

–Ойбай, жәке, қазір.

Әкем жүгіріп барып ұстарасын, қайшысын әкелді.

Шұғал орта дәулетті кісі еді, он екі ұлы болды. Соңғы ұлына әйелі толғатып, босанайын деп жатса:

–Иә, құдай, он бір ұл бердің, енді бір қыз бергін,– деп тілеген екен.

Баукең бар денесімен селкілдей күлді.

–Е, құдай, он бір ұл бердің, енді бір қыз бер,– деп үйдің сыртында отырып тілек тілейді. Іштен бір әйел сүйінші сұрап, жүгіріп шығады.

–Кім туды?

–Ұл туды.– Сонда Шұғал:

–Құдай тағала-ау, не жазығым бар еді? Бір тілегімді бермедің ғой,– деп жылап жіберіпті. Елдің бәрі қуанып, күліп жүргенде, Шұғал еңіреп жылапты. Әкем:

–Шүкір етіңіз, кімді беру, кімді бермеуді құдай өзі біледі,– деп тастапты. Сыйлайтын інісі, басқа кісілер тәйт деп айта алмайды ғой. Ол кісі әкемді Момыш демей Момынтай дейтін. Өле-өлгенше Момынтай, Момынтай деп кетті. Өзі кішкентайынан  еркелетіп өсірген екен.

Бұл жолы ашуланып, ,,тәйт!,, деп айқайлапты. Ол кісі,,тәйт!,,– дегенде елдің бәрі  таң қалып қарапты. Бір жағы бұл алжыған шалдың мұнысы несі, он екі ұл рекорд  емес пе деп ойлапты.

–О, құдай-ау, не жазығым бар еді?– деп шал  күңіренеді.–Шүкір, он бір ұл бердің, енді бір қыз берсең, нең кетер еді? Ұлдарымды үйлендіремін/үлкендері үйленді ғой/. Қыз сұрап отырғаным, енді қыздың да қызығын көрейін деп едім. Осы жолы қыз болар деп күткен ем. Тағы да ұл беріпсің ғой,– деп наразылық білдіріпті.–Қыз бергенде қуанып, бойжеткізіп, той істеп, ұзатайын деп едім…

Осы асыл ойлы атам, бірде әкеме қатты ренжіпті. Ол кезде әкем ауылда  старшын/ осы күнгі селолық кеңестің төрағасы/ екен. Болыс елге салықты сала береді. Алған кісіде ешуақытта нысап болмайды, тағы алсам, тағы алсам дейді.

Болыс деген нағыз өзімбілермен есерсоқ! Оязға, приставқа пара беріп, тілін алдырады. Қылыш асынған біреу келе жатса, қорқады.

Сонда әкемнің бір әлсіздігі болыпты. Әнеукүні салық, бүгін тағы салық, ел төлей-төлей сансырайды.

–Бұл неткен таусылмайтын салық? Әнеукүні ғана төледік емес пе? Өзің құрисың ба, салығың құри ма?!– деп ел шулайды. Әкем болыстан қорқады, айтқанын орындамаса, сабайды. Ана жақтан болыс қысып, мына жақтан жұрт көнбей, әкемнің зығырданы қайнайды. Екі оттың ортасында қалу оңай ма?

–Менің тілімді алмадыңдар, кеттім!– деп атына мініп шаба жөнеледі.

–Әй, Момынтай!– деп Шұғал шал айқайлапты.–Қайт!

Ол кезде үлкенді сыйлау–дәстүр. Және Шұғал қажыға барған кісі екен. Бір жағы ағасы, бір жағы қажы, әкем сүйретіліп қайтып келеді. Басқалар ,,Шұғал қазір Момышты ұрады, әкесін танытады,, деп күтеді.

–Иә, қажеке, мыналарға өстіп айтып едім, көнбеді. Болысқа не деймін?– деп әкем туыстарын кінәлай сөйлейді.–Болысқа масқара етті, бұларды мен көрмеймін!

–Әй, шырағым, Момынтай,– дейді Шұғал шал. Бәрі тыңдап тұр.

–Туысқан емессіңдер, мені қолдамадыңдар, бездім сендерден!–депті ашу үстінде әкем.

–Немене қайта-қайта салық!– деп ел шулапты. Шұғал шал тыңдап отыр.

–Туыс деп жүрсем… Сендерден бездім.

Әкемнің осы сөзі Шұғалға ұнамапты.

–Әй-и, Момынтай! Абайлап сөйле, қарағым. Көлеңкеңнен қашып құтыла алмайсың!

Баукең рахаттана күлді.

–Это убийственное слово. Отырғандар да үндемей қалыпты. Әкемнің де аузына  құм құйылыпты.

Шұғал қайтыс болған. Бір әңгімелесіп отырғанда әкем шалды құрметтеп есіне алып, өзін өзі сынай:,,Шұғал осылай деген еді, балам,, – деп айтып берген болатын.

–Әй, туысқаннан безіп қайда барасың?– деудің орнына қалай образды сөйлеген. Сөйтіп әкем таяқ жеген екен.

Шұғал жазушы, ақын болған кісі емес. Эта народная мудрость. Бұл бүгінгі өмірге де жарайды. ,,Асқақтама, қанша көтерілсең де, қашсаң да, көлеңкеңнен құтыла алмайсың,,. Мұны кім айтты? Ауылдың кәдімгі көп жасаған  қара шалы айтты.

Бұл, шырағым, қазір есіме түсті. Қанатты сөз ғой, ә? Тағы қатардағы емес қанатты сөздің ең күштісі. Бұл біздің бүгінгі сын, өзара сынның пірі болады.

Біз отырған бөлмеге күн сәулесі түсе бастады. Баукең терезе жаққа ойлана қарап:

–Кемістігіңді сезсең, ақылың кіреді,– деп сөзін ары қарай жалғады.– Кемістіктің бір жақсы қасиеті– ,, қап!,, дегізіп өкіндіреді, ұялтады.,,Қой, бұдан былай мұны істемеймін,, дегіздіреді. Кемістігін сезбеген ақымақ күйінде өледі. Әй, шырағым, жаманшылық болмаса, біз жақсылықтың не екенін түсінбес, білмес едік. Жақсылықты жамандық арқылы біліп жүрміз.

Бұл– өмір деген нәрсе, шырағым. Көлеңкесіз өмір жоқ. Әрине, біз жақсылық жеңсін дейміз. Ол үшін өз көлеңкеңді өзің көре, сезе білуің керек…

Баукең ұзақ ойға батып, әлден соң, басын жоғары көтеріп, маған тура қарап:

–Көлеңке дейтін нәрсе, бейнелеп айтсам, мұхиттың толқынындай,– деді салмақты тіл қатып.– Мұхиттың толқыны біздің планетадағы үлкен оқиға.  Неге десең, біздің жер мұхиттың үштен бір бөлігі ғана. Қалғандары су.

Жақында газеттен оқыдым. Мүхит тереңін өлшеуге Американың 32 жасар капитаны әрекет жасапты. Өзі ақылды капитан болу керек. Демі бітер алдында:,,Жан-жағым күйреп барады. Бәрі қайтыс болды. Қош болыңдар,,– деп үлгерген. Мұхиттың толқындары болаттан жасалған қорғанысты тыңдамаған, талқандап жіберген. Түсіндің бе?

Мен үндемедім.

–Түсінсең түсін, түсінбесең қой, мен көлеңкені мұхиттың толқынына бекер теңеп отырғам жоқ.


Маxат Садықтың фейсбук парақшасынан

Тегтер: көлеңке, әңгіме, БауыржанМомышұлы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.