Өнеге (әңгіме)

02 Шілде, 2019 224 0

ӨНЕГЕ

Әкеміз Мұқатай Күлжанұлының 100 жылдығы мен

анамыз Әденқызы Тұрмыстың 80 жылдығына арналады



Бауке атандың, жастығына қарамай,

Мырза болдық, бар ма, жоқ па санамай.

Өте берсін осылайша өмірің,

Отбасыңнан шаттық дәурен тарамай!


Дөкөй апа ел жұртына атандың,

Үлкендерден әумин деген бата алдың,

Аман болсын боталарың ер жетіп,

Алды болғай, өзің теңдес қатардың!


Мұқатай Күлжанұлы


Мен өте ерке едім. Үйдің кенжесі болғаннан ба, әкем мен шешем ешқашан бетімді қайтарған емес. Ата-ананың қолында аяулы болып өскен ерке қыз бір күндері ұясынан ұшты. Енді табалдырықты аттап, «келін» деген ерекше атаққа ие болды.

«Қыз – жат жұрттық», «Қыз – өріс» деп қазақ айтады ғой, әр қыз баласы өзінің түскен шаңырағына сыйлы болуы, өз бақытын еселей түсуі, өз ата-анасының алған тәрбиесі мен келіп түскен ортасының тәліміне байланысты дер едім. Аллаға шүкір, өнегелі ата-ананың қызымын, үлгілі отбасының келінімін.

1995 жылы 21 жасымда келін атанып, ақ босағамды аттадым. Жатжұрттық қыз баласы, жаңа орта, жаңа шаңырақ астына келіп түссем де, ата-енем келген күннен-ақ келін деп қарамады, қызындай қабыл алып, жақсылығымды асыра білді. Енем дүниеден ерте өтті. Ол кісінің берген өмірлік тәлімі, ақыл-кеңестеріне баға жетпес.  Қарапайым  күнделік  тірлікте  жасайтын  шаруаның қыр-сырынан бала тәрбиесі, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет- ғұрпы, рухани тәрбиеге дейін бойыма дәріптеген. Бүгінгі таңда ел алдында «Дөкейапа» атануым да осы тәлім-тәрбиенің жемісі дер едім.

Оған қоса, енем менің әкемді өте қатты сыйлап өтті. Айдабол болған соң, «бауырым» деп жақын тартатын өзіне. Құда-құдағи деп емес, жақын бауырындай өте тату-тәтті тығыз араласатын. Нағашылары көп уақыт келмей қалғанда, атам өлең шығарып, ол кезде Айғаным кішкентай, оған жаттатып Бірлікке барғанда осы өлеңдерін айтқызатын:


Қашан келеді Нағашымның көмірі?

Бізге қалай қарайды екен көңілі?

Тоңсамдағы бір Алладан сұраймын,

Ұзақ болсын жан атамның өмірі.


Сіз мені ұмыттыңыз ба, Нағашы апа?

Өкпелеп қылығыңа болдым қапа.

Апам мені сүйеді Аяком деп.

Атам отыр аймалап боташым деп.

Қамқоршым көп «жаса» деп берген бата.


Сәлем айт Бірліктегі нағашыма.

Пеш қызбайды қара таудың ағашына.

Сағындым көмір емес өзіңізді.

Зар болып бір көруге қараңызға.


Атам туралы айтсам, ол кісі ел жұртқа сыйлы, қазақи болмысты, қысылғанда талайы келіп арқа тұтқан беделді жан еді. Шырайы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі ер, өзіне ғана тән ұтқыр да, ұшқыр сөз тұрпаты мен ағайынның ақылшы, қамқоршысы бола білу болмысын бойында қатар ұштастырды. Қашан болсын, келген қонақты құшағын кең жайып қарсы алушы еді.

«Әлгі қымызың қайда, етіңді пісір» – деп, келген жанға барын салғызатын. Содан болар, жомарттықтың салдары: дастарханымыз үнемі толы еді. Енем де айтушы еді, «келген қонақпен үйге ырыс-береке келеді», – деп. Адамның жасаған әрбір ісі өзіне еселеніп қайтып келетін өмір заңы, ата-енемнің ортасына сыйлы болуы да сол жақсылықтың арқасы деп білем.

Әрдайым ұрпағының ата жолымен жүріп, ар тазалығына, еңбекқорлыққа, Отан алдында адал болуларына мән беретін. Үй ішінде шаруа жасап жүріп, әсіресе, келген кісілерге шәй құйып отырғанда, атамның әңгімелерін тыңдап отыратынмын. Әрбір оқиғаны әрқашан жаңа қырынан әңгімелейтін. Оған қоса, детальдарды, деректерді еш ұмытпайтын. Үйге кісі келген сайын, ол кісімен бірге атамның әңгімесіне өзім де тамсанып отырушы едім.

Атам өмірдің қиын қыстау кезеңдерін басынан кешіргенін, жоқшылыққа да мойынсұнған кездері болғанын айтып оты ратын еді. Бірақ ешнәрсеге қарамастан, өмірге деген қарым-қатынасы  еш  өзгермеген.  Уақытпен  күресуге,  не  уақытқа қарсы жүруге ұмтылмаған атам уақытпен жарыса өмір сүрді. Өмірі біз үшін мәңгі үлгі-өнеге. Қазір ойлап қарасам, 21 жыл атаммен бір шаңырақ астында өмір сүрген екенбіз.

Әлі есімде,1997 жылдары Бауыржан Ақсу колледжінде оқып жүргенде, үй шаруасында үнемі маған көмек ұшын беретін. Сол уақытта атам 80-нен асса да, менімен бірге мал жайлап, шөп салып, су тасып барынша көмегін тигізетін. Бие байлап,  сиыр сауатынбыз. Өз қолымен күбіні ыстауға деп қайыңда жарып беретін, өте еңбекқор болатұғын. Мамандығы агроном болғандықтан, жасына қарамастан бізбен бірге таңнан кешке дейін бақшада жүріп, жұмыс істегенді жақсы көретін. Одан шыққан жемістерді жан-жаққа таратқанды жаны сүйетін. Дәм татсын деп көршілерге, туыстарға тарататын. Тауға шығып бүлдірген тергенді, табиғат аясында серуендегенді жақсы көретін. Қасиетті Баян жеріне, өзінің туған өлкесіне ерекше сүйіспеншілікпен қарап отырып, өлең жазушы еді. Ол өз елін, жерін, бар болмысымен сүйетін жан еді. Сол шуағын айналасына да таратып, осындай дархан жердің ұрпағысыңдар, ел игілігіне адал қызмет етіңдер деп айтушы еді.

Айғаным, Мұхамед, Жәнібек  деп  балалардың  аттарын атам өзі қойған. Немерелері десе жанын беретін. Немерлеріне деген ықыласын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Атам мен енемнің  көзінше  балалар  әке,  шеше  деп  көрмеді.  Олардың барлығы да Аталарының   балалары.  

«Менің дәрігерлерім, емім – сендерсіңдер» – деп, Махон «мезим-форте», Жоник «ношпасы» болды. Бауыржан екеуміз қонаққа кетсек болды, атам зейнетақысынан аздап алып шығып, тек сол «мезим-фортесі» мен «ношпасын» дүкенге жіберіп, өздері біз келгенде мәз мейрам болып, тәттілерге тойып отыратынды.

Кейде   балаларға   дауыс   көтерсек,   бізге   ренжіп,   тіпті кейбір кездері Баян жаққа жол тартып кететін. Әрдайым бала тәрбиесінде сабырлықпен, ақылмен шешуді жөн көретін. Ешқашан ашуға салынып, дауыс көтергенің көрмеппін. Өте байсалды, балажан еді.

Балалар ауырып қалса, «құлыным сол, садағаң кетейін» – деп үнемі қатты уайымдайтын еді. Отбасымыздағы ең ауыр кездердің бірі есімде. Мұхамед ауырып, Бауыржан екеуі Алматыда  ауруханада  болатын.  Ал  мен  Жәнібекке  аяғым ауыр, денсаулығыма орай Павлодарда бірнеше ай ауруханада жатқан едім. Сол кезде Атам да қатты уайымға салынып, барлығымыздың жағдайымызды ойлап қатты қапаланған кезі болды. Әйтсе де, маған іштегі уайымын білдіртпей, күн ара қалымды біліп, жай-күйімді сұрап отыратын. Ауырыңқырап қалсам, көңілімді аулап, «Ботам-ау не қажет» деп,  қызындай еркелетіп жүруші еді.

Жәнібектің дүние есігін ашқанын естіп жазған хатын сақтап қойған едім. Сол хаттан  бір үзінді келтіре кетсем:

«Жан ботам, мен Аллаға ризамын! Құдай жарылғап, сен аман-есен аяқ-қолыңды бауырыңа алып, дүниеге келген құлынтайым маған қаншама қуаныш әкелді.

Түнгі үштен бастап телефон тоқтаған жоқ. Бауыржан ештеңе айтқан жоқ, тек күле береді. Мұхамед хабарды естіп, ұйықтап қалыпты. Астанадан бес қайтара сөйлесті. Баяннан, ауылдан қайта қайта звондап жатыр. Бақаға бүгін келме дедік. Атын Жәнібек қойдым. Оны өзім Нұрланға айтқан екем. «Бауыржан кішкентайлы болса, атын Жәнібек қоямын» деп Бауыржанға айттым. Бірліктегі, Баяндағы туысқандарға хабарладым.

Құлыным, саған не жазарымды білмей отырмын. Бетіңнен сүйдім, құлыным, тез көтеріл. Айжанға айт не керегін, бәрі болады. Жәнібекке сәлем. Құлағына сыбырла. Ердан сәлем айтты. Заказымды орындаған, төлеймін дейді».

Осы бір хат арқылы-ақ атамның немереге, балаларына, келініне деген ыстық ықыласы, ерекше сезімін аңғаруға болады. Жәнібек туғаннан кейін немерелер ішіндегі ер баланың саны басым түсті деп қуанатын. Ердан сол хабарды естіп, ерекше қуанып, сәлем айтуы сол еді.

Қазір  ол  кісілер  болмаса  да,  үнемі  сағынышпен  еске алып, әрбір мерекеде ұрпақтары басымыз қосылып, зор ықыласпен еске алып отырамыз. Өткен күнге көз тастап қарасам, ол кісінің әрбір ісі байыпты, байсалды болғанын аңғарамын. Енемнің «әкелеріңнің жағасын таза ұстаңдар» деген аманатына берік болу үшін барымды салдым. Аппақ киім кигенді жақсы көретін атам, балаларға да ақшыл киімдерді киіңдер, таза, ұқыпты болып жүріңдер деп жиі айтатын. Өте тиянақты, жинақы, салмақты адам еді.

Жастайынан Айғаным, Мұхамед пен Жәнібекті жақсылыққа үйретуге, жамандықтан жиренуге,   бойларында   жастайынан   мәдени   құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыра білуге баулыды. Балаларға «біреуге жақсылық жасасаң, Алла саған өзі рахмет айтады» деуші еді. Кішкентай балапандар бүгін дардай азаматтарға айналды. Қарап отырсам, сол атамның сөздері көкейлерінде сақталғанын байқайтын болдым. Сыртта жүрсе де, атам мен енемнің берген тәрбиелерінің арқасында еліміздің елеулісі болуға ұмтылатындарына ризамын. «Тәрбие тал бесіктен», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дейді ғой. Балалардың тәрбиесіне ризалығым шексіз. Әке мен шешеге деген құрметті көрген олар, қазір сол құрметпен бізге қарауда.

Бүгін елге әйгілі, өнегелі үлкен әулеттің келіні болып отырмын. Бір атаның балалары әрдайым жұдырықтай бір болып, бір жеңнен қол, бір жағадын бас шығарған тату-тәтті болуына  атам  мен  енем  жол  салып  кеткен.  Осыдан  болар ұрпақтарының қай-қайсы болсын «Қара шаңырақ» десе, ішкен асын жерге қояды.



Күлжанова Əсемгүл Советқызы,

келіні



Тегтер: өнегеәңгіме, КүлжановаƏсемгүлСоветқызы, бала, тәрбие

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.