«Пре­зиденттің ата-анасының үйі деп ешкім ойламайды»: Қазақстандық қыз Зеленскийдің ата-анасының үйінде қонақ болды

02 Шілде, 2019 1096 0

NewsROOM+. Таяуда қазақстандық журналист қыз Аида Хаметжанова Украина Президенті Владимир Зеленскийдің ата-анасының үйінде қонақта болып қайтты. Осыған дейін «Хабар» арнасының Украинадағы тілшісі болып келген ол қазіргі таңда фрилансерлік қызмет атқарып жүр. (Фрилансер – әртүрлі компанияларға немесе әртүрлі тапсырыс берушілерге жұмыс істейтін тәуелсіз маман).

Оның Киевте тұрып жат­қанына бес жылдан астам уақыт болыпты. Әуелде «мұнда екі жыл ғана жұмыс істеп, Қазақстанға қайтамын» деген жоспармен барған журналист қыз Украинаның саяси, қоғамдық өміріне қызығып қалып қойғанын жасырмады. Біз одан Зеленскийдің ата-анасымен болған кездесу туралы айтып беруін сұраған болатынбыз.

– Аида, Украина Президентінің ата-анасы қазақ қызын қалай қарсы алды?

– Қазақ қызын өте жақсы қарсы алды. Киевтен кешкі сағат 22.00-де шығып, таңғы 6.00-де Кривой Рог деген жерде болдым. Екі қаланың ортасы шамамен 400 шақырым.

Ол кісілер есіктерін тарс жауып, телефонды көтермей қойса да болар еді, бірақ «сен алыстан келіп отырсың, жолаушыларға жоқ деп айта алмаймыз» деп мені жылы қабылдады. Алғашқы қойған: «Қалай Президент тәрбиелеу­ге болады?» – деген сауалыма олар: «Біз Президент емес, адам тәрбиеледік», – деп жауап берді. Отасқандарына 42 жыл болса да бір-бірінің қо­лынан ұстап, бір-біріне өте жылы қарайды екен. Осыдан соң «психикасы дұрыс, өмірге құштар бала тәрбиелеудің ең бір қарапайым жолы – отбасыдағы махаббат» деп тү­сіндім. Әке-шеше бір-біріне дауыс көтермейтін, барлық мәселені үнемі қалжыңмен шешіп отыратын, өмірге көзқарастары дұрыс отбасыда тәрбиеленген баланың психикасы да орнықты болады деген ойды мен журналист ре­тінде ғана емес, ата-ана ре­тінде де түйдім.

Әкесі Александр Семенович сабақты дұрыс оқымағаны үшін ұлының өзінен өмі­рінде бір рет таяқ жегенін де жасырмады. «Ұлым мүлде бас­қа бағытты қалады. Менің тәрбиедегі ең негізгі ұстанымым – балаға кедергі кел­тірмеу. Егер де ол бір істі қа­лап тұрса, рұқсат беріп, бетін қайтармаған дұрыс», – деп жауап берді. Жалпы, бұл бізге де керек нәрсе екен деп ойладым. Себебі кейде ұл-қыздарымыз «жүземін» десе «билейсің», «билеймін» десе «жүзесің» деп өзіміздің орындалмай қалған армандарымызды балаларымызға артып жататынымыз жасырын емес қой.

– Ол кісілер қандай адамдар екен? Өзің не байқадың, не түйдің? Олардың қазақтарға деген көзқарасы қандай?

– Зеленскийдің ата-анасына бару – бұл менің өз ше­шімім. Алдын-ала хабарласып, ескерткен жоқпын. Бәрі аяқ астынан болғанын қаладым. Себебі украин жур­налистері бірнеше рет хабарласып, сұхбат ала алмаған жағдайлар болған. Мен сол үйге кірген тұңғыш журналист шығармын деп ойлаймын.

Кездесу барысында олардың өте қарапайым отбасы екенін білдім. Зеленскийдің әкесі – профессор, техника саласының маманы, Қазақстан, Ресей, Монғолия ел­дерінің тау-кен өндіріс орындарында, шахталарында жұмыс істеген. Бұл кісілер үшін материалдық байлық онша маңызды емес екен. Өйткені үйдің іші де, ондағы жиһаздар да қарапайым. Пре­зиденттің ата-анасының үйі деп ешкім ойламайды. Әкесі өте көңілді, қалжың айта білетін, езуі жиылмайтын адам екен. Ұлына әртістік қанмен берілген нәрсе болса керек. Ұлы көлік алып бермек болған кезде одан бас тартыпты. Әкесі «Lanos» маркалы ескі көлікпен жүр. Бұл кісілер шетелге демалғанды да аса ұната бермейді екен.

«Шетелге баруға асықпаймын, мен әлі Украинаны то­лық аралап көрген жоқпын», – деп айтады. «Бізге мейрамханадан тамақтанудың қажеті қажеті жоқ, әдемі көйлек киіп, қыдырып жүретін жаста емес­піз», – дейді.

Украинадағы Президент сайлауына дейін және одан кейін Зеленскийдің өзінен де сұхбат алғанмын. Зелен­ский­дің қазақтарға деген көз­қа­расы өте жақсы, «біздің қазақтармен ортақ дүниеміз көп» дегенді айтқан. «КТК»-да (КВН) қазақтармен бірге көп сайыс­қа түскен ол біздің ел туралы жақсы біледі.

– Владимир Зеленский билік басына келгелі Украинада не өзгерді?

– Зеленскийдің Президент болғанына әлі жүз күн болған жоқ. Жүз күн болған кезде арнайы баспасөз конференция­сын жасап, елде қандай өзгеріс болып жатқанын баян­дайтынын айтты. Дегенмен қандай да бір өзгерістер мен реформалар бір айда атқарылатын жұмыс емес. Оның үстіне Жоғарғы Радада Зеленскийдің айтқандарын құптамайды. Өйткені онда әлі бұрынғы Президенттің ке­зіндегі депутаттар отыр. Қа­зіргі күні Украинада Президент пен депутаттар арасында, жаңа команда мен ескі команда арасында қақтығыс байқалады. Көп заң қабылданбай жатыр. Негізі Зе­ленскийдің маңына өте мықты мамандар жиналған де­седі. Мысалы, дәрігер Комаровский оның медицина жөніндегі кеңесшісі. Кома­ровскийді тіпті қазақтар да жақсы біледі. Енді нақты қандай реформа болады, Украина қалай өзгереді, оны алдағы уақыт көрсетеді.

– Бүгінде билік пен халық арасындағы байланыс қандай?

– Украинада шахтерлардың айлығы, ғылым саласына бөлінетін ақша, медицинаны реформалау, балалар дәрісі, тарифтің көлемін түсіру, әлеуметтік көмекті көтеру деген сияқты түрлі мәселелер үнемі көтеріліп тұрады. Бұл жерде ешкім үйде тыныш отырмайды. Халық өзінің құқығын біледі. Билік халықты тыңдай бастады. Жоғарғы Рада, Үкімет үйінің алдында өте қымбат маркалы көліктерді аз көреміз. Өйткені билік аздап қорқа бастаған, бай болса да байлықтарын жария қылмайды. Ақырындап халық пен билік арасында байланыс орнай түскен. Өйтпеске болмайды, өйткені жауынгер украин хал­қы үйде шыдап отырмайды, миллиондап алаңға шығады. Бұл жерде жүз мың, екі жүз мың деген әңгіме жоқ, бұлар шықса бүкіл қала болып шығады. Басқа да аймақтардан адамдар келіп мемлекет алдына өз талаптарын қоя алады.

Жалпы, Украина халқы сая­си сауатты. Әлеуметтік көмек қалай, қай жерде беріледі, тарифті қалай дұ­рыс есептеу керек, Украина қай салада мықты, қай қала қандай деңгейде, Прези­денттің әл-ауқаты, оның балалары туралы ақпарат – барлығын жақсы біледі. Метрода кітап оқып отырған адамдар көп байқалады. Журналистері де бүркенбейді, сұрақты ашық қояды. Мұн­дағы БАҚ құралдарында асыра мақтау деген жоқ.

– Сұхбат үшін рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан – М. БИБОЛ.

Дереккөз: zamana.kz

Тегтер: Зеленский, Украина, журналист

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.