Мақсат Сқақов, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі: Қасым-Жомарт Кемелұлына уақыт қажет!

01 Шілде, 2019 399 0

NewsROOM+. Сайлаудан кейін күндіз күлкіден, түнде тыныш ұйқыдан айрылдық. Бір айналдырды, енді, міне, шыр айналдық. Арыстағы апат көзімізге жас алдырды, қарапайым халықтың бірігіп, қаймана қазаққа көмек қолын созуға итермеледі. Баласынан көз жазып, шарқ ұрған аналардың зары, әке-шешесін таба алмай абдыраған байғұс балалардың жанарындағы мұң қабырғамызды қайыстырып кетті. Бүгінгі таңда біз–халық қақпағы жабылғандықтан бұрқырап қайнап, тасиын деп тұрған қара қазанбыз. Билік қайнап тұрған қазанның қақпағын ашып, отын баяулатып, көбігін ала ма, әлде ... Қойылатын сауал көп.

Сабастастық. Әділдік. Өрлеу. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі үш қағидасы болатын. Твиттерде отырып, барынша жылдам реакция танытуымен көзге түскен аса дипломат Тоқаев мырза билік пен халықтың арасында көпір орнатылатынын және ашық диалогқа әркез дайын екенін де тілге тиек еткені есте қалды. 70 пайыздан астам халықтың дауысын жинап, ауыр жүкті арқалаған жаңа президент өз міндетіне кіріскеніне бір ай да толған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы көк туды сүйіп, ант қабылдағаннан кейін 9 күннің ішінде төрт тілді жетік меңгерген "Болашақтың" түлегі Мақсат Нұрлыбекұлын кеңесші етіп тағайындады.

Көпшілік Мақсат Сқақовты Елбасын аузына қаратқан шешен ретінде таниды.  Арыстағы ағайынның жағдайына алаңдап, абыр-сабыр болып жатқан кезде бізге Мақсат Нұрлыбекұлымен кездесіп, әңгімелесу бұйырыпты. Кездесу кезінде халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алуға тырыстық.

Мақсат Нұрлыбекұлы жайдары, қарапайым адам екен. Жас екен демеді. Қателігімді түзеп, орынды деп тапқан пікірімді қолдап отырды. Әңгіменің басында өзінің негізгі мақсаты мен міндеті туралы айтып өтті.

─ Қазір өзіңіз білетіндей, президент халықпен ашық диалог құруға алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Біздің мақсатымыз – қоғамда өз ой-пікірін айтып жүрген белсенділермен кездесу арқылы халықтың жағдайын бағамдап, саралау және қоғаммен байланыс орнатып, халық пен билік арасында көпір болу. Президент пен халыққа ашық алаң ұйымдастырып беру де - менің міндетім. Осыған дейін бірнеше белгілі азаматтармен кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесулердегі мақсатым – халықтың арасындағы ой-пікірді президентке жеткізу, - деді Мақсат Нұрлыбекұлы.

— Дегенмен, Мақсат Нұрлыбекұлы халық билікке 100 пайыз сенеді деп айта алмасымыз анық. Кез-келген оқиға мен биліктің уәдесіне күмәнмен қарайтындар жоқ емес. Бұған қатысты қандай пікір білдіресіз? Халықтың сенімін арттыру үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс және жасалып жатыр?

— Иә, халық билікке толығымен сенім білдірді деп айта алмаймыз. Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі уәде еткендей, халықпен жақын қарым-қатынас орнатуға тырысып жатыр. Оған дәлел ретінде Арыстағы оқиғаны айтуға болады. Президент Шымкент қаласына барып, Арыстағы зардап шеккен ағайынның  хал-ахуалымен танысты. Мұның өзі "Президент –халықпен бірге" дегенді білдіреді. Бұл оқиғадан кейін көпшіліктің президентке іші жылып, пікірі өзгерді деп сенімді түрде айтуға болады. Қазір билік халықтың сеніміне мұқтаж. Бірақ сенімнің артында мейірім тұрғанын да ұмытпау керек. Тіпті, қарапайым отбасының ішінде мейірім болмаса, сенім де жоғалатыны анық.  Халықтың билікке сенбей, күмәнмен қарауының да өз себептері бар. Мұны да жасыра алмаймыз. Бұған басшылық қызметте отырғандар да өз ықпалын тигізбей қоймады. Қалтасына бес-он тиын артық түскен басшылардың көбісі мұрындарын аспанға шүйіріп, кекірейіп қалды. Қарапайым халықпен тіпті адами тілде сөйлесуден қалғандар да бар. Міне, осындай мәселелердің барлығы бірнеше жыл бойы жиналып-жиналып енді ғана сыртқа шығып жатыр. Соңғы оқиғалар — осының дәлелі. Сондықтан, біздің Президентіміз ашық саясатты ұстанып, елмен тілдесуді қолға алып, алғашқы қадамды жасауда.

— Ал қоғам арасындағы қазіргі президентке қатысты сын айтып жүргендерге қалай жауап берер едіңіз?

— Кез-келген бастамаға уақыт керек екені белгілі. Сол секілді Қасым-Жомарт Кемелұлына да белгілі бір уақыт қажет. Бірден бас салып сынап, мінеу ─ қате. Себебі, президент енді ғана сайланды. Қасым-Жомарт Кемелұлының жасаған алғашқы қадамдары халықтың билікке деген сенімділігін арттырып жатыр.  Несиеге қатысты жарлықтың шығуы да өте жақсы бастама. Бұл да халықтың сенімін оятып, күмәнін сейілтуге өз әсерін тигізетіні анық. Халықтың билікке айтқан талаптары да көбейді. Көптеген адамдар "ақшамызды банк қайтарып берсін, баспана берсін" деген секілді талаптарын айтып жатыр. Жарайды, билік жоқ мүмкін емес деп басын алып қашып жатқан жоқ. Десе де бұл – өте ауыр мәселелер. Мысалы, адамдар несие алар кезде мемлекетпен ақылдаспайды. Әркім өз қажеттілігі үшін несие алады. Бірақ енді бұл мемлекеттің мәселесіне айналды. Ал кеше ғана келген президентке барлығын бірден ретке келтіріп беру керек деп талап қою ақылға сыймайды. Себебі ол ─ Құдай емес. Оның бол дегені, бола салмайды. Біраз уақыт пен мүмкіндік беру қажет. Ол да ет пен сүйектен жаратылған адам ғой. Уақыт өте келе өз күшіне мініп, уәде еткендерін жүзеге асыра жатар. Күту қажет. Бірақ оның бір артықшылығы − бірнеше жыл бойы осы саланың ішінде қайнап, пісіп келе жатқандығында. Ішкі саясаттан да, сыртқы саясаттан да хабары бар азамат.

— Негізінен сайлаудан кейін де халық арасында сайлау нәтижесімен келіспейтіндер болды. Олар өз пікірін ашық айтып, әлеуметтік желіге жазды. Сайлау болып жатқан кездің өзінде әлеуметтік желіде түрлі видеолар тарап, қызу талқыланып жатты. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау кезінде бір адамның бірнеше рет дауыс беруі секілді заңсыздықтардың орын алғанын айтты. Бұл мәселеге қатысты не айтасыз? Жалпы сайлау әділ өтті ме?

— Кез-келген сайлауда олқылықтар болуы мүмкін. Бұл ─ заңдылық. Басқа кандидаттарға қарағанда Қасым-Жомарт Кемелұлының жеңіске жететініне көпшілік сенімді болды. Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Неге? Себебі, ол 40 жылдан бері осы егеменді елдің болашағы үшін жұмыс істеп келе жатыр. Кейбіреулер секілді кенеттен жол-жөнекей пайда болып, сайлауға қатысқан жоқ. Оның басқа кандидаттардан артықшылығы – сыртқы істерді басқарудағы шеберлігі еді. Жан-жағымызда анталап тұрған елдер барын да ұмытпауымыз керек. Бұл елдердің барлығымен жақсы қарым-қатынас орнатудың өзі оңай шаруа емес. Сондай-ақ, кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бұл жағдайда Қасым-Жомарт Кемелұлының тәжірибесі жеткілікті деп есептеймін. Ал сайлау кезінде олқылықтар мен заңсыздықтар болған жоқ деп сенімді түрде айта алмаймын. Дегенмен сайлау әділ өтіп, халықтың 70 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдады дегенге сенемін.

— Арыстағы тұрғындарын қайта өз қоныстарына қайтаруға қатысты наразылықтар туындады.  Олар биліктен Шымкент немесе Түркістаннан баспана алып беруді талап еткенінен де хабардарсыз. Бұған қатысты ойыңыз қандай?

— Тұрғындардың пікірі мен қорқынышы орынды. Арыстағы ағайын "бізді көшірсін" деген талап қоюда. Бірақ олар оп-оңай көшіре салатын 6 адам емес, 60 адам емес, бұл – 60 мың адам. Арыс бір ауыл емес, ол бір қала. Осыны да ескерген жөн.  Әкімдер де, билік те қолынан келгенін жасап жатыр. Әкімдер де «көшіреміз» деп өтірік уәде бере алмайды ғой. Қазіргі таңда бұл өте қауіпті нәрсе. Себебі, адалдық қажет. Сонда ғана халықтың сенімін жоғалпаймыз.

— "Ал жойқын жарылыстан 4 адам қаза тапты" деген ресми ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?

— Қазір әлеуметтік желіде «Арыстағы жарылыстан 200-300 адам қайтыс болды» деген секілді ақпарат тарап жатыр. Бірақ сол ақпарат рас болса, оның туған-туыстары тыныш отыра алмас еді. Шулап, ең болмағанда әлеуметтік желіге жазар еді. Сондай-ақ қайтыс болған адамдардың жаназасы болып, олардың туған-туысы да сұрау салатыны анық. Мен ресми дерекке не үшін сенемін? Себебі олардың аты-жөні белгілі. Жаназасы да өтті. Сол себепті ақпарат сенімді. Ал жалған ақпарат тарату – арандатушылардың ісі. Біз қызуқанды, эмоцияға тез берілетін халықпыз. Кез келген оқиғада эмоциямызды ашық көрсетеміз. Бірақ халық арасында іріткі салып, зиянын тигізетін шындық пен эмоцияның пайдасынан зияны көп.

— Қасым-Жомарт Кемелұлы Арыстағы зардап шеккен тұрғындармен кездескеннен кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Қауіпсіздік кеңесін өткізгені ел есінде. Бұдан кейін халық арасында «Қасым-Жомарт Кемелұлы Нұрсұлтан Назарбаевқа бағына ма?» деген сауал туғаны рас. Бұл жайтты қалай түсіндірер едіңіз?

— Елге қауіп төнген кезде Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді. Нұрсұлтан Әбішұлы - мемлекетқұрушы тұлға. Бұдан бөлек ол – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Ел басына күн туған шақта кеңес ашып, жиын өткізуге толықтай құқығы бар. Біздің қазақтың «президент неге төрде отырмайды?» деген пікір айтуы заңдылық. Себебі, дәстүрде бар дүние. Түсінгісі келетін адам бұл жайтты қалыпты деп есептейді. Ал түсінгісі келмеген адам ілік іздейді. Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі Нұрсұлтан Әбішұлымен ақылдасып, ой бөлісуге ұялмайтынын ашық айтқан. Меніңше, мұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ.

— Маусым біз үшін оңай ай болмады. Күні кеше Атырауда да шу шықты. "Теңіздегі" мұнайшылардың шеруге шығуына қазақ қызы мен араб жігітінің суреті себепкер болды. Дегенмен "Теңізде" қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер де жоқ емес. Бүған қатысты айтарыңыз бар ма?

— Әлеуметтік желідеге сурет шеруге жай ғана себепкер болды деп ойлаймын. Осыған дейінгі көптеген мәселелердің барлығы жиналып қалған. Ал сурет мың салдардың бір себебі ғана болып отыр.

Сондай-ақ, "ауру ─ астан, дау ─ қарындастан" деген бар. Бұл оқиға да біз үшін үлкен белгі. Қазақтың әр жігіті өз қарындасы мен қызына еге болуы керек. Неге? Себебі қыз деген біздің ─ ар-намысымыз. Қасиетті ел ғана қызын қорғайды. Біздің келешек ұрпағымыз текті болуы біздің қыздарымыздың ар-намысына байланысты. Соңғы жылдары қыздарымыздың тәрбиесін уысымыздан шығарып алдық. Ащы да болса шындық осы. Жұртты ақын қылатын да, шешен қылатын да, батыр қылатын да, көсем қылатын да біздің қыздарымыз. Өйткені текті ананың ұл-қызының бойында өмір бойы сол тектілік, ар-намысты биік қоятын ұлтшылдық сақталады. Ал көрінген көк аттының артынан еріп, ар-ұятына кір келтірген қыздардан қандай ұрпақ шығады?! Міне осы мәселеге де қатты көңіл бөлуіміз керек. Қазір ар-намысты биік ұстап, текті ұрпақты өмірге әкелуді мақсат еткен қарындастарымыз жоқ емес, баршылық. Дегенмен, "бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" демекші, бір қыздың өзге ұлттың алдында намысын таптатуы бүкіл қазақ қызына жағылған күйе болып қалды. Шетелдіктердің қазақ қызы туралы ойы өзгерді. Бұған кінәлі кім? Әрбір ата-ана қызын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Бірақ қазіргі қазақ отбасында қызына қырық үйден тыйым салып отырған ата-ананы көп көре бермейміз. Кей қыздарымызға еркіндік береміз деп есіртіп алдық. Қазақ қыздарының "өзім білемінге" салынып, өз өмірім деп жүруі ұлтқа төнген қауіп дер едім. Теңіздегі жігіттердің шеруге шығуы біз үшін сабақ болуы керек.

— Қазіргі қазақ қоғамына не жетіспейді?

— Дәл қазіргі қазақ қоғамы бірлік пен ынтымаққа мұқтаж. Арыстағы ағайынның үй-жайын қазақ халқы бірігіп жасап берді. Бұл — бірлігіміздің жоғалмағандығы. Оқ-дәрі қоймасы жарылғанда у-шу болып жатырмыз. Оңай емес, әрине. Арыстағы жайт бізге берілген сынақ болды.  Әйтсе де, бізді сырттан дәлдеп атар болса, не болады? Бүкіл елде бүлік болып жатса, жағдаймыз не болмақ?! Қазіргі қоғамға бүлікшілер емес, "әр қазақ – менің жалғызым дейтін" ұл-қыздар керек. Сондай азаматтармен ғана біздің елдің іргесі мықты болады. Біз бүлік жасау арқылы алға жылжи алмаймыз. Қазақта "қапиямды аңдығандар қапсыра құшақтаған болып қабырғамды санады" деген аталы сөз бар. Ал біздің қапиямызды аңдып, қабырғамызды санағысы келіп отырған қаншама қара ниетті күштер бар?! Солардың барлығына біз өзіміздің ынтығымыз бен бірлігімізді көрсетсек қана ел боламыз.

– Сұхбатыңызға рахмет! 

Дереккөз: qamshy.kz

Тегтер: МақсатСқақов, президент, кеңесі, сұхбат

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.