Дональд Трамп және Ким Чен Ын Корея шекарасында кездесті

01 Шілде, 2019 171 0

NewsROOM+. 30 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Солтүстік және Оңтүстік Корея шекараларының түйіскен тұсында орналасқан демилитаризация аймағында кездесті. Бұл туралы Орталық Азия Жаңалықтарына сілтеме жасап, newsroom.kz хабарлайды.

Трамп Киммен бірге Солтүстік Корея шекарасынан елдің ішкі аумағына қарай бірнеше қадам жасаған. Ол осылайша Солтүстік Корея аумағына кірген алғашқы АҚШ президенті атанған. Трамп мұны "зор құрметке" теңеген.

Кездесудің бүкіл әлем үшін маңызын атап өткен Трамп Солтүстік Корея жетекшісімен арада "үлкен достық орнағанын" айтқан. Ол Ким Чен Ынды Вашингтонға шақырған.

Ал Солтүстік Корея басшысы Трампты Пхеньянға барса, қуана қарсы алатынын жеткізген. Кездесуден соң екі ел жетекшілері Оңтүстік Корея жағында келіссөз өткізген. Кездесудің белгілі бір бөлігінде әңгімеге Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин де қосылған.

Кездесу екі сағатқа созылған. Соңында АҚШ президенті тараптар ядролық мәселе бойынша екіжақты келіссөздерді жандандыруға келіскенін айтқан.

Трамп пен Ким осымен үшінші рет кездесіп отыр. Америка президенті Солтүстік Корея басшысына жақында ғана шақыру жолдап, Twitter-де "шекарада кездесіп, қол алыса алсақ жақсы болар еді" деп жазған. Трамптың айтуынша, бұған дейін Ким Чен Ынның өзі де мұндай кездесудің пайдалы боларын айтып, келіссөзге ниет білдірген.

Америка тарабы кездесу Корей түбегін ядролық қарусыздандыру бойынша екі ел арасындағы келіссөзді жандандыруға көмектесуі мүмкін деп үміттенеді. Төрт ай бұрын Ханойда болған АҚШ-Солтүстік Корея саммитінде екі ел басшылары арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталған еді. Бірақ Трамп әлі де Ким Чен Ынмен қарым-қатынасы жақсы екенін, "егер ол президент болмағанда Корей түбегі соғыс ошағына айналар еді" деп айтып келеді. Олардың ең алғашқы кездесі өткен жылы маусым айында Сингапурда өткен.

Тегтер: ДональдТрамп, КимЧенЫн, Корея, шекара, Америка

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.