Министр: Халықтың несиесін өтеу үшін 105 млрд теңге қажет

27 Маусым, 2019 368 0

NewsROOM+. Қаржы министрі Әлихан Смайылов президент Жарлығы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының кепілсіз несиелер өтеу үшін қанша қаражат жұмсалатынын айтты.

«Аталған санаттағы азаматтардың несие бойынша борышын өтеу үшін 105 млрд теңге қажет. Оның 88 млрд теңгесін республикалық бюджеттен тартамыз. Бюджетті пысықтау аясында алдағы аптада нақты сомалар аталады. 17 млрд теңгені проблемалық несиелер қорынан арнайы облигацияларды шығару арқылы тартпақпыз. Сонымен қатар, өсім мен айыппұлдар бойынша несиелік борыштардың 70 пайызы қаржылық мекемелердің есебінен жүргізілетінін ескеру керек», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, ол "Қазақстандықтардың несиелері бойынша айыппұлдар мен өсімдерді алып тастау банктерге салмақ түсіре ме?" деген сауалға жауап берді.

«Негізгі борышты өтеу мемлекет тарапынан болады. Жаңа айтылғандай, республикалық бюджеттен 88 млрд теңге көзделеді. Оның ішінде, тағы 17 млрд теңгені мемлекет тарапынан облигация шығарып тартамыз. Сонымен, 105 млрд теңге мемлекет тарапынан келеді. Ал айыппұлдар мен өсімдер бойынша 75 пайызы расында да, қаржы ұйымдары тарапынан өтеледі. Бұл жұмысты Ұлттық банк банктермен және шағын қаржылық ұйымдармен бірге келісім бойынша жасайды. Айыппұл - ол процент. Банктердің өздері қойған проценттері. Бұл банктерге ешқандай салмақ түсірмейді», - деді министр.

Оның айтуына қарағанда, екінші деңгейлі банктер мен қаржылық ұйымдарда қарыз несиесі өтелетін азаматтардың тізімі бар.

«Иә, әр банкте, шағын қаржы ұйымдарында жоғарыда аталған әлеуметтік топқа кіретін адамдардың нақты тізімдері бар. Сондықтан, олар осы тізімдер бойынша жұмыс жүргізетін болады», - деді ол.

Сондай-ақ шара барысында Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова нақты қандай санаттағы азаматтардың қарызы өтелетінін тағы еске салды.

«Бұл жағдайда біз нақты Жарлыққа байланысты жұмыс жүргізуіміз керек. Санаттарды айтар болсақ, ең біріншіден, көпбалалы отбасылар. Олар - төрт немесе одан да көп балалары бар отбасылар. Осындай отбасылардың несиесі бар ма - база бойынша қаралады. Екіншіден, асыраушысынан айырылған жағдайға байланысты төлем алатын отбасылар. Яғни, қазір біздің мемлекетте 600 мыңға жуық асыраушысынан айырылған отбасы бар. База бойынша олардың қанша несиесі бары қаралады. Келесі, мүгедек балалары бар отбасылар, 18-ден асқан, бірақ бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар және ең аз қамтамасыз етілген отбасылар, яғни атаулы әлеуметтік көмек алатындар. Осындай отбасылардың да несиесі база бойынша қаралады», - деді ол.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков осы санатқа жататын азаматтардың банк табалдырығын тоздыруының қажеті жоқ екенін айтады.

"Осы Жарлықта белгіленген тұлғалар тізімі бойынша еңбек министрлігінен ақпарат алғаннан кейін біз Ұлттық банк ретінде мемлекеттік несие бюросымен, банктермен бірлесе отырып, барлық шамаларды салыстырып, түйістіреміз. Осы санаттағы адамдардың 1 маусымдағы жағдайы бойынша 300 мың теңгеден басталатын деректерін, сондай-ақ 1 шілдеге дейінгі айыппұл мен өсімпұлдардың соңғы саны бойынша ақпаратты аламыз. Бағдарламаның шарттары жасалып, тиісті сомалар өтелгеннен кейін, біз Ұлттық банк ретінде бұл жағдай кредиттік бюроның деректерінде әсер етпейтінін бақылаймыз. Менің ойымша, негізгі жұмыс – ұкімет тарапынан Ұлттық банктікі болмақ. Сондықтан қазір банктерге барып табан тоздыру керек емес", – деді ол.

Оның айтуынша, бұл жұмыстардың бәрін атқаруға шамамен екі ай уақыт кетпек.

Дереккөз: holanews.kz

Тегтер: ӘлиханСмайылов, кредит, несие, төлем

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.