Әзірбайжан Республикасы Әлеуметтік зерттеулер орталығында дөңгелек үстел өтті

26 Маусым, 2019 329 0

NewsROOM+. Ағымдағы жылдың 25 маусымында директор Әмірхан Рахымжанов бастап барған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының делегациясының қатысуымен Әзірбайжан Республикасы Әлеуметтік зерттеулер орталығында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, newsroom.kz хабарлайды.

Саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов кездесу қатысушыларына Елбасы кітапханасының қызметі туралы айтып берді және қос мемлекет лидерлерінің достығы негіз болған елдер арасындағы терең де көпжылғы байланыстың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан мен Әзірбайжан – бауырлас мемлекеттер. Гейдар Әлиев президенттік қызметінің алғашқы жылында Қазақстан астанасында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы екіжақты тұрақты және достық қарым-қатынастардың негізін қалады. Бізді ортақ түркі тамырымыз, ортақ мәдениетіміз бен рухани мұрамыз тығыз байланыстырады. Былтырғы жылдың мамыр айында Қазақстан астанасында орналасқан Елбасы кітапханасында Гейдар Әлиевтің 95 жылдығына орай қазақ тіліне аударылып шығарылған «Еліне жол ашқан» кітабының тұсаукесері өтті. Басылымның алғы сөзін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жазған болатын», - деді Ә. Рахымжанов.

Әлеуметтік зерттеулер орталығының Басқарма төрағасы, Әзірбайжан Милли Меджлисінің (Парламент) депутаты Захид Орудж қысқа хабарламасында Орталықтың басты міндеті мемлекет пен халық арасындағы өзара байланысты дамыту деп атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстан-әзірбайжан қатынастарының тарихи қырын ерекше атады.

«Нұрсұлтан Назарбаев өңірде бейбітшілік орнатуда үлкен рөл атқарды. Қарабақ қақтығысының бастапқы кезеңінің өзінде Назарбаевтың бітімгірлік мақсатпен Әзірбайжанға келуінің куәсі болдық. Кейін қарым-қатынастарымыз дами түсті, экономикалық, саяси, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері бойынша да байланыстар орнықты. Осы жылдар ішінде ынтымақтастығымыз тереңдеді, ал қазір біз түркі тілдес елдер арасында қарым-қатынастарымызды дамытудамыз», - деп атап өтті З.Орудж.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Әзірбайжан Республикасы Әлеуметтік зерттеулер орталығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Келісуші жақтар бірлескен ғылыми-зерттеу, білім беру, шығармашылық жобалар мен бағдарламаларды, қоғамдық маңызы бар іс-шараларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы кітапхананың, архивтің, музейдің, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені.

Кітапхана Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерттеуді, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеялары мен бастамаларын еліміз бен шет елдерде ілгерілетуді көздейді.

2019 жылғы ақпан айында ашылған Әзірбайжан Әлеуметтік зерттеулер орталығы қоғамдық қатынастардың даму серпінін жүйелі зерттеу мен талдау, өзгерістерді және олардың қоғамға ықпалын болжау, заманауи ақпараттық технологиялар мен ғылыми әдістерді қолдану арқылы қоғамдық пікірді зерттеу үшін құрылған.

Тегтер: Елбасыкітапханасы, Баку, Әлеуметтікзерттеулерорталығы, дөңгелекүстел

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.