Бакуға сапар. Елбасының делегациясы Әзірбайжан президенттік кітапханасында болды

25 Маусым, 2019 334 0

NewsROOM+. Бүгін, 25 маусым күні Әзірбайжанға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов Әзірбайжан Президенті іс басқармасы Президенттік кітапханасының директоры Маил Ахмедовпен кездесті. Кездесу барысында түркі әлемінің лидерлері Гейдар Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаев туралы бейнематериалдар көрсетілімі ұйымдастырылды.

Саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен таныстырды. Ол мемлекеттік мекеменің тек кітапхана ғана емес архивтің, музейдің, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқаратын ақпараттық-идеологиялық кешен екендігін айтты.

«Біздің негізгі міндетіміз – Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерттеу, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеялары мен бастамаларын еліміз бен шет елдерде ілгерілету. Осыған байланысты, біздің Әзірбайжанға сапарымыз ұлттық лидерлеріміздің жасампаз идеялары мен бастамаларын ілегерілету ісіндегі өзара тәжірибемізді байытады деп пайымдаймын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әзірбайжан халқының біртуар ұлы Гейдар Алиевпен жақын достық қарым-қатынас байланыстырады. Гейдар Әлиев президенттік қызметінің алғашқы жылында Қазақстан астанасында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы екіжақты тұрақты және достық қарым-қатынастардың негізін қалады. Бүгінде әзірбайжан-қазақстан қатынастары дәйектілік пен сеніміділіктің жоғары дәрежесімен ерекшеленуде», – деп атап өтті Ә.Рахымжанов.

Өз кезегінде Маил Ахмедов Әзірбайжан Президенттік кітапханасының қызметі туралы айтып берді. Оның айтуынша, кітапхананың 70 жылдық тарихы бар. Оның негізін Баку қаласы көпшілік кітапханасы мен көне кітап қазыналарының бірі болып саналатын саяси ағарту Үйі кітапханасының қорлары құрды. 2006 жылы аталған мекемеге президенттік мәртебесі берілді. Бүгінде сирек кездесетін кітаптар қоры 10 мыңнан астам данадан тұрады.

«2004 жылы автоматтандырылған кітапханалық бағдарлама енгізілді, қазір кітапханаға түскен басылымдар, оның ішінде баспасөз материалдары да толығымен электрондық форматқа көшіріледі. Біз  отандық және шет ел газет-журналдарының 250 түрін аламыз. 2006 жылы кітапханаға сапары барысында президент Ильхам Әлиев кітап қорларының мемлекетік қызметкерлерге ғана емес, сондай-ақ барлық тұрғындар үшін де қолжетімді болуы туралы тапсырма берген болатын. Сол уақыттан бастап көпшілік кітапхана ретінде қызмет көрсетудеміз. Біздің негізгі жұмысымыз – әртүрлі тақырып бойынша, негізінен Әзірбайжан, жалпыхалықтық лидер Гейдар Әлиев тарихы, сондай-ақ елтанымдық тақырыптары бойынша электрондық қорларды, жобаларды әзірлеу», – деп хабарлады М.Ахмедов. Әзірбайжан Президенттік кітапхана директоры қазақстандық тарих туралы кітаптарға қызығушылық танытып, Қазақстан тарихы бұрышын құруды ұсынды.

Елбасы кітапханасы өкілдерінің Әзірбайжанға жұмыс сапары аясында бірқатар ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою, сондай-ақ тәжірибе алмасу үшін кездесулер өткізу жоспарланған.

Тегтер: Елбасыкітапханасы, Баку, Әзірбайжан, ГейдарӘлиев, НұрсұлтанНазарбаев, сапар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.