Талдықорған қаласында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделген семинар-тренинг өтті

25 Маусым, 2019 402 0

NewsROOM+. 25 маусым күні Талдықорған қаласында «Library-practicum» форматында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделген семинар-тренинг өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды newsroom.kz Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы, оның ішінде Талдықорған қаласы билік органдарының жетекшілері мен қызметкерлеріне арналған семинар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында өтті. Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова кездесу қатысушыларын Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен таныстырып, семинар-тренингтің ерекшелігіне тоқталды.

– Алматы облысы – жаңа жобамыз, зияткерлік өніміміз, «Library-practicum» форматындағы семинар-тренингімізді өткізіп отырған екінші өңір. Аталған жоба тыңдаушылар назарына алғаш рет Қызылорда облысында ұсынылған болатын. Бұл Елбасымыздың бағдарламалық мақалалары мен халыққа арналған жолдауларының тұжырымдық негіздерімен таныстырып қана қоймай, қатысушылар семинарға алдын ала дайындалады. Елбасы кітапханасының ғалымдары, ғылыми қызметкерлері тыңдаушыларға жергілікті өңірге тән өзекті мәселер мен жобаларды ұсынады. Біз күнделікті өмірден орын алып жатқан оқиғаларды зерттеп, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мониторинг жүргіземіз. Бүгін Сіздер дәріскерлер мен бапшылардың көмегімен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы идеяларға сүйеніп, өңірлеріңіздің мәселелерін шешуге қажетті дағдыларды машықтана аласыздар, - деді ол.

Ботагөз Қайыпова Елбасы кітапханасының атынан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облыстық филиалына Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері мен Елбасы туралы кітаптардан құралған басылымдар жинағын тарту етті. 

40 мемлекеттік қызметкер қатысқан семинар-тренингті Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев пен Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова жүргізді.


Семинар барысында қатысушылар қала мен ауылдың өзекті мәселелері туралы баяндамаларын таныстырып,

кейін көтерілген мәселелерді шешу жолдарын ұсынды және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мәнмәтінінде өңірді мәдени және әлеуметтік дамыту жобаларын таныстырды.

Сондай-ақ, олар интерактивті ойын тренингіне қатысып, пікір алмасты.

– Бүгінгі іс-шарада көкейімізге бұрыннан түйіп жүрген сұрақтарымызға жауап алдық.

Дәл осындай үлгідегі тиімді, тәжірибелік семинарлар көп болса екен.

Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, - деді семинар қатысушысы,

Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы Динара Қоқанова.

Іс-шара соңында семинар-тренинг қатысушыларына сертификаттар табысталды.

Тегтер: Елбасыкітапханасы, Алматыоблысы, семинар-тренинг, «Руханижаңғыру»

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.