Тау тұлғалы Тәжібаев: Психолог және дипломат

24 Маусым, 2019 193 0

NewsROOM+. Биыл еліміздің сыртқы саясат ведомствасының құрылғанына 75 жыл. Атаулы дата қарсаңында, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің баспасөз қызметі мен «Түркістан» Халықаралық газеті бірлесе отырып, 1944 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер халық комиссариаты ретінде құрылған мекеме басшылары туралы сериялы мақалаларды жариялап отырмақ. Сонымен тізімді бастап тұрған Төлеген Тәжібайұлының тағылымды ғұмырынан бастасақ. 

1910 жылы Сырдария губерниясында (қазіргі Түркістан облысы) туған Т.Тәжібаев 1917 жылы ата-анасынан жастай айырылып, теміржолшы И.Ф.Кабановтың қолында өсіп, Шымкент педагогикалық техникумын, Мәскеудегі Н.Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясын бітірген. Орайы келгенде айта кететін жайт, ол қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби психолог-ғалым, Ленинградта психология ғылымдары бойынша кандидаттық және докторлық қорғаған, профессор және Қазақ КСР-і Ғылым академиясының академигі. 

Дипломатиялық қызметін 1944 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер халық комиссариатының комиссары ретінде бастаған Төлеген Тәжібайұлы аталған қызметті 1953 жылға дейін абыроймен атқарады. Дегенмен, оның дипломатиядағы жолы түрлі бұралаңға толы болғаны анық. Себебі, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы Н.А.Скворцовтың қолы қойылған тағайындау туралы бұйрықтан соң, Қытай консулымен байланысқаны үшін деген сылтаумен оған сөгіс те берілген. Абырой болғанда араға жыл салып, аталған сөгіс бойынша арнайы бұйырақ шығып, іс жеке іс-қағаздарынан алынып тасталады. Аталған мақаланы жазу барысында, мұрағат құжаттарымен танысып отырып, Төлеген Тәжібайұлының өз ісіне берілген маман екенін байқауға болады. Себебі, жеке құжаттарында оны іскер басшы, талантты ұйымдастырушы екені жазылған. Осы орайда, жаңадан құрылған комиссариаттың жұмысын жолға қою және оны алып жүру секілді бітпейтін кеңсе жұмыстарында министрдің психолог мамандығы көмекке келгені даусыз секілді. Тарихқа үңілетін болсақ, Төлеген Тәжібаев сыртқы саясат ведомствасын комиссариат ретінде қабылдап, министрлік ретінде тапсырғанға дейін 1944 жылдан 1953 жылға дейін абыроймен атқарыпты. 

Айта кететін жайт, ол «Жалпы психология» атты тұңғыш оқулықтың және «Психология и педагогаческая психология К.Д. Ушинского», «Абай Құнанбаев жастарды тәрбиелеу туралы», «Философские, психологические и педагогические взгляды Абая Кунанбаева», «Просвещение и школы Казахстана во второй половине ХІХ века», «Педагогическая мысль в Казахстане во второй половине ХІХ века» секілді іргелі еңбектердің авторы. 

Төлеген Тәжібаев қазақ тілінде психология ғылымы терминдерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Оның К.Ушинскийдің, Л.Выгодскийдің психологиялық көзқарастары туралы зерттеулерінің зор ғылыми маңызы болды. Одан бөлек, Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірдің, оқу-ағарту ісінің дамуы және мектептер тарихын, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардың философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастарын жан-жақты зерттеумен айналысты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы оқу-ағарту ісімен қатар, педагогикалық ой-пікірлердің дамуы жөніндегі зерттеулері көлемді, әрі маңызды еңбектер қатарынан саналады. Бүгінде оның қазақстандық педагогика мен психология теориясының дамуына қосқан үлесі баға жетпес, ғылыми еңбектері жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу саласындағы ғылыми зерттеулерде бүгінге дейін оқу құралдарының қосымшасы ретінде қолданылып келеді. 

Қазақ КСР ғылым академиясының академигі Төлеген Тәжібаев Қазақ КСР педагогика қоғамының Президенті, жоғары және арнаулы орта білім Министрлігінің педагогика және психология саласындағы ғылыми-әдістемелік кеңесінің Төрағасы секілді тағы да басқа қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылған. Сыртқы істер министрі лауазымынан кетісімен, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР-і Мәдениет министрі қызметтерін атқарғанымен тағдыр оны қайтадан дипломатияға алып келді. 1957-1961 жылдары Үндістандағы КСРО елшілігінің кеңесші-өкілі дипломатиялық қызметін жоғары деңгейде атқарған оның еңбегі туралы белгілі қазақ жазушысы Қапан Сатыбалдинның «Айналайын Үндістан» деп аталатын жолсапар жазбасында жарасымды жазылған. Төлеген Тәжібаев үнді елінде белгілі кеңес Елшілері П.К.Пономаренко және И.А.Бенедиктовпен тізе қосып тер төкті. 1961-1964 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасының профессоры әрі меңгерушісі қызметтерін атқарған оны сұм ажал өмірден ерте алып кетті. Артында өшпес мұрасы, дипломатиялық және ғылым жолындағы даңқы қалды. Жоғарыда біз жазған еңбектерінен бөлек, Мемлекет тарапынан Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.

Бүгінде немересі – Асқар Ерлікұлы Тәжібаев Қазақстанның Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Орнында бар оңалар деген осы болар? 

2010 жылы тау тұлғалы Тәжібаевтың 100 жылдығына орай, ақпан айында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қазақтың көрнекті педагог-психологы, республикадағы педагогика ғылымының тұңғыш докторы, профессор Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілді. Мерейтойға арнап, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Төлеген Тәжібаевтің еңбектері мен шығармаларының толық жинақтарын шығарды. Сол жылы маусымның 10-ы күні академик Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Жоғары білім берудің қазіргі мәселелері: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласында академик-ғалымның ескерткіші ашылды. 

2020 жыл Төлеген Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толады. Таулар алыстаған сайын биіктейді дейді қазақ мақалы. Сондықтан, психология мен дипломатия секілді адам жанының тамырын нәзік баса білген бірегей маман иесінің бұл мерейтойы да атаусыз қалмайды деп сенеміз. 

Олжас БЕРКІНБАЕВ, журналист, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Тегтер: ТөлегенТәжібайұлы, психолог, саясат, дипломат

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.