Happy birthday Türkistan!

19 Маусым, 2019 272 0

NewsROOM+. 19 маусым күні Түркістан облысының құрылғанына тура 1 жыл толады. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойған күні күллі қазақ жұртынан бөлек, исі түркі әлемінің бөркін аспанға атып қуанғаны анық. Осы орайда, жаңа облыс туралы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін біліп, оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Дер кезінде қабылданған тамаша шешім

Қазақтың бір туар ақыны Мағжан Жұмабаев «ер түріктің бесігі» деп жырға қосқан Түркістанның облыс орталығы болуы тек түркістандықтар үшін ғана емес, тұтас қазақ халқы үшін және түркі әлеміне де аса маңызды оқиғалардың бірі деп білемін. Себебі, осыған дейін рухани астанамыз ретінде аталып келген қалаға енді білдей бір облыстың жүгі жүктеліп отыр. Бұл, әрине, қаланың өсіп-өркендеуіне оң әсерін тигізетін игілікті іс. Соның арқасында кеше күллі түркі әлемінің алтын ордасы болған Түркістанның қайтадан түлеп, түрленетін, Тәуелсіздік тұғырының биіктей түсуіне өзіндік үлес қосатын кезең туып отыр. «Осындай басымдықтарды ескеріп, Елбасының Шымкентке республикалық маңыз беріп, Түркістанды облыс орталығы ретінде қайта құруын тарихи әрі әділ шешім деп есептеймін.

Бұл миллионнан аса халқы бар қала өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес. Бұл – одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көз­деген шешім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Дегенмен, бұл жаңалық тек осы оймен, сыр­тқы форма үшін жасалды деп ойламаймын. Оңтүс­тік­тегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұ­мыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып ж­атыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің ше­кара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуға тиіс. Оған мүмкіндігі, әлеуеті жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңа­лық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болады деп ойлаймын. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы бол­ға­нына қуаныштымыз, әрі қарай жан-жақты дами беретініне сенеміз.

Шымкенттің де бұрынғы биігі аласармай, бұрынғы бағасы кемімей, одан әрі дами түседі. Бұл өңірдің халқы еңбекқор, саудаға бейім, бәсекелестікке қабілетті. Облыс орталығы ауысты деп өкініп жатпағанына сенімдімін. Әрине, аздаған қиындықтар болуы мүмкін. Мәселен, Мақтаарал ауданынан Шымкентке дейінгі қашықтық бұрын 200 шақырым болса, енді жаңа облыс орталығы Түркістанмен арада 400 шақырым жол жатыр. Одан бөлек, бұл облыстың өзендері облыс аумағында біркелкі таралмаған. Түркістан облысы жерінің оңтүстігінен солтүстік-батысына қарай Сырдария өзені ағып өтеді. Сырдарияға Арыс (378 шақырымдай), Келес (241 шақырымдай), Құркелес (98 шақырымдай) өзендері құяды. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік-шығысында Арыс өзенінің салалары: Бадам, Сайрамсу, Ақсу, Жабағылы, Машат, Дауылбаба, Боралдай өзендерінің шаруашылық маңызы зор.

Қаратау жотасынан басталатын Бөген, Шаян, Арыстанды, Шылбыр, Байылдыр, Көксарай өзендері облыс орталығын сумен қамтамасыз етеді.

Жазиар Мақсұтқызы, ф.ғ.к., доцент:

Өңірдің әлеуеті зор

Түркістан қаласына облыс орталығы мәрте­бесін беру және аймақты Түркістан облысы деп атау өте тамаша әрі дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Елбасымыздың бұл шешімі көрегенділік деп есептеймін. «Бұдан былай бұл өңір Түркістан облысы деп аталатын болады. Осы әкімшілік аумақтың құрылымына өзгеріс енгізу арқылы бұл өңірдің өркендеуіне тың серпін беруді көздеген тарихи құжат болып саналады», – деп Елбасы шешім шығарғанда тарихты тереңінен танығандар шын қуанды деп ойлаймын.Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан еліміздегі экономикалық, көлік-логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ екенін,  халқының саны миллионға жеткен Шымкент шаһары Қазақстандағы ең ірі мегаполистің қатарына қосылғанын да атағанда қаймағы бұзылмаған өңірдің өркендеуіне шын тілектестік білдірдік.Түркістан қаласының ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы болып келгенінен көзі қарақты жандар хабардар.

Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және Түркістан облысын құру тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия өңірінің экономикалық мүд­десі үшін жұмыс істеуге мүм­­кіндік береді. Егер біз Шымкент пен жаңадан құрыл­ған Түркістан облысының әлеуе­тін қарастыратын болсақ, нені байқаймыз? Біріншіден, Шым­кентте және облыста өте ірі өнеркәсіп және білім бе­ру нысандары шоғырланған. 90-шы жылдары Тұңғыш президенттің бастамасымен Түркістанда Халық­ара­лық қа­зақ-түрік универ­си­тетінің құ­рылғанын еске алсақ та жет­кілікті. Бүгінде бұл универси­тет Қазақстанның жоғары оқу орындары рейтингінде лайықты орынға ие болып отыр.

Көптеген студенттер, оның ішінде шетелдіктер де білім алып жатыр. Сонымен қатар бүгінгі Түркістан облы­сы­ның аумағы арқылы «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» жаңа заманауи дәлізі салынды. Ақпарат беттеріндегі кей деректерге сүйенсек, биыл Түркістан облысында жалпы ұзындығы 968 шақырым жол мен 5 көпірдің құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 2018 жылдан 21 нысан оның 435,6 шақырымы жол өтпелі болса, 2019 жылы жаңадан басталатын 30 нысанға 532,4 шақырым жол мен 5 көпірге тиісті қаржы қаралған екен.  Түркістан қаласы облысы орталығы мәртебесін алғаннан бастап, аудан қалаларды облыс орталығына жалғайтын негізгі жолдардың жағдайына баса назар аударылуда.

Бұ­ған қоса, газ тарту мәселесі де шешіліп, өңірде ауыл ша­руа­шылығы, шағын бизнес қар­қынды дами түсуде.

Марина Әбілжанқызы, ф.ғ.к.

Демографиялық өсімге ықпал етеді

Ұлы Жібек жолының бойында орналас­қан көне қалаға жаңа атау берілуі, Оңтүстік Қазақстан облысы бұ­дан былай Түркістан облысы деп аталуы, орталығы – Түркістан қаласының болуы оң шешім екендігіне дау жоқ. Ақордада «Қазақстан  Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойған Тұңғыш Президент Түркістан облысы туралы пікірі бұрын да оң болатын.

Елбасының «Мен қол қойған «Қазақстан Республикасының әкімшілік-ау­мақтық құрылысы ту­ралы» Заңның 3-бабының  1-тармағына сәй­кес, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Бұл әкімшілік бірлік еліміздің он же­тінші  аймағы  атанды. Ал қазақ хандығы мен түркі әлемінің жүрегіне айналған Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді», – деп шешім қабылдағанда біраз ел жанашырлары «жөн» десті. Рәсім кезінде ол Шымкенттің Астана және Алматы сияқты миллиондаған тұрғыны бар қалалардың қата­рына қосылғанын да баса айтты. «Бұл әкімшілік ау­мақтың құрылымдық өзгерістері осы өңірдің өркендеуіне тың серпін беруін көздеген тарихи құжат болады. Оңтүстік Қазақстан – еліміздегі экономикалық, көлік, логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ. Биыл халқының саны миллионға жеткен Шымкент Қазақстанның ең ірі үш мегаполисінің қатарына қо­сылды, – деді Елбасы.Осылайша, қазақ хандығының, басқа да сұлтандықтар мен хандықтардың астанасы болған киелі өлкенің мәртебесі биіктей түсті.

Елбасымыздың жаңа облысты «Түркістан» деп атау арқы­лы аса маңызды тарихи ше­шім қабылдауы болашақ үшін үлкен қадам болды. Өйткені «Түркіс­тан» ұғымы күллі түр­кі дүниесіне ортақ рухани һәм қас­терлі есім. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев бұған дейін бұл қа­ла­ны халқымыздың рухани аста­насы деп үнемі айтатын Тіп­ті сонау 90-жылдардың ба­сын­да Түркістан шаһарын же­ке мәртебесі бар орталыққа айнал­ыру жөнінде де пікір өрбіген-тін.

Бұл орайда тұңғыш президент ұзақ ойланып, әбден иі қанып, пісіп-жетілген сәтті қалт жібермей шешім қабылдады. Өйткені көнеден келе жатқан арысы түркі дүниесіне, берісі қазақ хандарына астана болған бұл шаһардың кейінгі ұрпақ үшін, қазіргі еліміздің саяси ұстанымына айналған жаңғырудың іс жүзіндегі кө­рінісі үшін аса маңызы бар. Расын айтқанда, біздің рухани қай­нарымыз – Түркістан. Егер бұл мекен қадірлі-қасиетті болма­са ұлтымыздың ұлылары Есім хан, Абылай ханнан бас­тап, бұл жерді өздеріне мәң­гі­лік мекені ретінде таңдамас еді. Бұл бір.

Екіншіден, аталмыш ше­шім­нің экономикалық та қа­жет­тілігі бар. Түркістан өлке­сі жылы райлы, адамдар өмір сүруге қолайлы. Сол себеп­ті, онда орта және шағын биз­нес­ті дамыту арқылы елдің әл-ауқатын жақсартуға болады. Әрі қарай сабақтай айт­сам, эко­номика жақсарса, халық­тың демографиялық өсімі арта­ды, тұрмысы жақсарады. Де­мек, бұл қазақ қоғамы үшін – эко­номикалық, саяси, рухани үш­жақты пайдасы бар шешім.

Владимир Шнайдер, ф.ғ.к., доцент:

Бұл – ғаламдық тәжірибе

Негізі облыс орталығын көшірудің экономикалық негіздемесі мен қоса, руханият тұрғысында да оң өзгерістерге бастау болатыны қисынға келеді. Түркия Республикасының қай президентінің аяғы қазақ жеріне тисе де, Түркістанға бармай еліне оралмайды. Бұл өзіміз көріп жүрген жағдай. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін діннің діңгегі, ұлыстың ұйытқысы деп біледі. Қазақ-түрік университетінің осы қалада іргесінің қалануы алыстағы ағайындардың бауырмалдығы деп бағалаймыз. Демек, бұндай бетбұрысқа Түркияның да оң көзғарас танытуы ғажап емес. Мәселен, биылғы жылдың басында Түркістан облысының 40  педагогы Түркия Республикасында тәжірибе алмасып қайтыпты. Халықаралық бағдарлама Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылғы Жолдауындағы ұстаз мәртебесін көтеру туралы тапсырмасынан сәйкес жүзеге асыпты.

«Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан— ер түріктің бесігі ғой» ,-деп ескі Яссы қаласын жыр бесікке салып әлдилеген Мағжан Жұмабаевтың екі шумақ өлеңінің өзі неге тұрады?!    Қалай айтқанда да бұл ұсынысты елдің желпіне қабылдағаны жақсылықтың нышаны деп айтуға болады.

Біз өркендеп, дамып келе жатқан елміз. Сондықтан бізге дәл осындай өте маңызды шешімдер қажет. Өйткені елімізде дәл бүгінгі заман ағымына сәйкес ірі мегаполис қалалар пайда болды. Әлемдік экономика тарихына назар салсақ, елдің әл-ауқатын көтеретін осы ірі қалалар. Бұл шаһарлардың басты ерекшелігі – әкімшілік-құ­рылымдық орталықтан тыс болуы тиіс. Себебі мегаполис­тер өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, рес­публика бюд­жетіне донор бола алады. Бұл ғаламдық тәжірибе.

Мысалы, өткен ғасырдың 90-жылдары ел көлеміндегі барлық қалалар, яғни әкімшілік орта­лықтары нарық желіне шай­қа­лып, дағдарысқа ұшыраған тұста, Алматы былқ еткен жоқ. Себебі бұл қаланың донорлық мүмкіндігі болды, яки өзін-өзі асырай алды. Осындай мегаполистер қатарына соңғы жылдары Астана және Шымкент қаласы енді.

Осы орайда, бүгінгі қа­был­данған шешімі арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болашақта донорлық мү­м­кін­дікке ие тағы бір құрылымды жасай алды. Одан кейін бұл ше­шімнің мен үшін рухани маңызы – жаңа аймақтың Түр­кістан облысы деп аталуы және оның орталығы қазақтың күллі ұлы­ларына мәңгілік мекен бол­ған Түркістан қаласының таңдалуы.

Ендігі бір мәселе – бола­шақ­та бой көтеруі тиіс жаңа қала нағыз қазақы стандартын сақтаған мазмұн, әрі ежелгі түркілік мәдениеттің жаңа замандағы келбетіне сай жаңғыртылса деген ниет бар.

Ғылымқал Мананй, магистр: 

Рухани астананың әлеуеті артып келеді

Күллі мұсылман халқы үшін киелі саналатын Түркістанның танымалдылығына талас жоқ. Арғы тарихы Шауғар, кейіннен Яссы, ал бүгін Түркістан деген атымен әлемге танылған көне қалаға алыс-жақыннан ат шалдырып келетіндер де аз емес. Себебі, Түркістан – қазақ мемлекетін, қазақ хандығын құруда үлкен рөлі бар қала.

Түркістанның облыс атауы ретінде қайта жаңғырып жатқаны, Елбасымыз Түркістанды «бүкіл түркі халқының рухани астанасы» деп атауы, Түркістан қаласына үлкен абырой және соның арқасында бүкіл түркі тілдес халықтармен байланысымыз арта түспек. Осы тұрғыдан алғанда, егер Түркістанды облыс орталығы болуы, оның көркейіп-көріктенуіне де кең жол ашуы деп есептеген жөн. Бұл – бір. Екіншіден, қанша дегенмен облыс орталығы деген статус берілуі, көптеген мемлекеттік мекемелерді орналастыратын жаңа ғимараттар бой көтеріп, заманауи құрылыстар да қарқын алады деген сөз. Бұл өз кезегінде басталып та кетті. Ал, жаңадан салынып жатқан үйлер қаланың кіреберісіндегі мөлтекаудандардан бой көтеруде. Бәрі де бүгінгі архитектуралық талап үдесінен шығатындай өзара үндесіп жатыр.

Орта Азияның кіндігінде жатқан Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, ел астанасы етуге де лайық көретіндер бар. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ел астанасын көшіру туралы Елбасымыз Н.Назарбаев бастама көтергенде қазақ елінің Ордасы болуға лайық қалалардың бірі ретінде Түркістанның да аты еміс-еміс естіліп қалғаны жасырын емес. Алайда, қазақ елінің Астанасы орталықтан болуы керек екенін ескерген Елбасы ақыры Ақмола қаласын таңдады. Онысы өте дұрыс шешім болғанын бүгінде ел айтып жүр. Есіл өзенінің бойынан бүкіл ел тамсанып қарайтындай қала салынады дегенге кім сенген…

Түркістанның облыс орталығына лайық тұсы – оның сауда-саттық орталығы ретінде жақсы жолға қойылғандығы. Ар жағындағы Қызылорда халқы негізінен осы Түркістанға келіп сауда жасайды. Күні-түні үзіліссіз жұмыс істейтін базары бар. Яғни, келім-кетім көп. Барыс-келіс пен алыс-беріс бар жерде қала өздігінен дами беретіні белгілі. Оған облыс орталығы деген мәртебенің берілуі, онсыз да тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан рухани астананың әлеуеті артып, аз уақыттың ішінде адам танымастай болып дамып кетуіне зор ықпал болып отыр.

Түркістан облысының құрылуы экономикалық, әлеуметтік, рухани мәселелерде өңірге тың серпін беретін болды. Бұл өзгерістің барлығы шаһардың гүлденуіне зор үлес қосады. Ынтымағы ұйысқан аймақтың татулығын әрі қарай сабақтай түседі. Түркістан атауы қандай мәртебеге де, мадаққа да лайықты. Енді жергілікті халық алдында осындай мәртебелі атаққа сай болу міндеті тұр.

Әсел Біржан, филология ғылымдарының магистрі, «Тұран-Астана» колледж директорының орынбасары

Дереккөз: dalanews.kz

Тегтер: Түркістан, 1жыл, мереке, Елбасы, облыс

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.