Теңіз түбіндегі ақиқат

19 Маусым, 2019 215 0

NewsROOM+. Сіз «Титаникті» білесіз бе? Әрине. Сіз оны кинодан көрдіңіз ғой. Джек пен Розаның махаббат хикаяты. Ғасырдың ең қасіретті апатының салмағынан осы бір екі ғашықтың жолы болмағандығы асып тұр. Мойындаңызшы. Сол туындыны көріп отырып неге алаң болдыңыз. Роза мен Джек үшін бе, жоқ, әлде мыңдаған адамның өмірі ме? Аталған киноның режиссері Джеймс Кэмеронның идеясы осы шығар. Әлде басқа ма?

Қалай десеңіз де, режиссердің идеясы асқақ. Себебі сезім бар. «Титаник» фильмі «Оскар» сыйлығын 11 рет иеленген. Бұл – әлі ешкім бұзбаған рекорд. Мен де көрдім. Бір емес, бірнеше рет. Бірақ іштей сіз де білесіз оны. Кино көп ақиқаттың алдында көз жұмады. Осы бір ғасырдың ең қасіретті апаты хақында сіз білмейтін шындық бар. Режиссердің көзімен бір көрдік қой. Басқа қырынан бағдарласақ қайтеді...

Бірде досым: «Сен осы Морган Робинсонның «Титанның күйреуі» деген туындысын оқыдың ба?» – деп сұрады.  Осы тақырыпқа келуімнің басты себебі де осында жатыр. Бұл туралы мақала барысында толығырақ тарқататын боламыз. Ал әзірге назарларыңызға «Титаникті» ұсынып көрейік.

1909 жыл. Ұлыбританияның ең танымал компаниясы «Уайт Стар Лайн» әлемдегі ең үлкен кеменің құрылысын бастайды. Бұл кеме адам құдіретінің шексіз екенін дәлелдеуге тиіс-тін. Табиғаттың қай күшіне болмасын төтеп бере алатындай болуы керек-тін. Ол – ұлы, керемет әрі құдіретті теңіз көлігі. Бұл кеме адам қолымен жасалған ең алып көлік болып саналды. Оның ұзындығы – 269 метр. Өзіңіз бағамдай беріңіз. Егер кемені көлденеңінен қоятын болса, ол Хеопс пирамидасынан екі есе ұзын болар еді. Кельн шіркеуінен 100 метрге биік тұратын еді. Ені – 39 метр. Биіктігі – 59 метр (мұржасын қосқанда). Кеменің  суға шөгетін бөлігі – 10 метр. Елу мың аттың күші бар кеме сағатына 46,3 км/сағ жылдамдықпен жүретін еді. Лайнерде 762 каюта орналасқан. Сондай-ақ кеменің екі қабатты қорғанысы, су өткізбейтін 19 құдығы болды. Осының өзі-ақ алып кеменің «суға батпайтындығына» дәлел еді. Бұл теңіз бетіндегі ең алып әрі ең жылдам кемеге айналуы керек-тін. Айналды. «Титаник» ең қауіпсіз кеме ретінде құрастырылды. Оның теңіз түбіне кетуі мүмкін емес делінді. Ол ғажайып. Ол – жаңа технологиялар дәуірінің бастамасы. «Құдіреттің» құрылысы тұп-тура үш жылға созылды. Сонымен, 1912 жылы «Титаник» теңізге шықты. Сіз бен біз біле бермейтін теңізшілердің ырымы бар. Ол – кеме алғаш рет теңіз бетіне шыққанда, шараптың шөлмегін кеме бетінде сындыру. Қаперіңізде бірінші мағлұматты сақтаңыз. Компания басшылары: «Бұл – көне ырым, технология бәрін өзі шешеді», – деп бұл ырымды жасамаған. Бәлкім, мәселе онда да емес шығар. Жалпы, «Титаниктің» теңіз бетіндегі ең алғашқы (әрі ең соңғысы) сапары үлкен жаңалық болды. Газет-журналдардың көп талқыланған тақырыбына айналды. Жарнама. Компания басшылары мұны жарнамалау үшін еш күшін, қаражатын аяған жоқ. Судай шашты десек те болады. Ысыраптың берекеге әкелгенін қайдан көрдіңіз? Бұл қай оқиғаға болмасын қатысты. Ысырап демекші, «Титаник» жолаушылары құрамында 2224 адам болған. Экипаж мүшелерінің саны – 891 адам. «Титаниктің» алғашқы сапарымен ақсүйек миллионерлерден қара халыққа дейін бөлісті. 7 күндік сапар. Осы жеті күн ішінде азықтану мәселесі де қатаң қадағаланған. Кемеге 44 тонна мал мен құс еті, 35 мың жұмыртқа, 40 тонна картоп, 27 мың шөлмек сыра, қымбат шараптар, 5 мың тонна қант, өзге де көптеген азық-түлік артылған. Сонымен, «Титаник» сапарын бастады. Сапардың үшінші күнінде «батпайтын кеме» айсбергпен соқтығысып қалады. Жер шарындағы титаннан жасалған ең қауіпсіз кеме ең қауіпсіз сапар барысында теңіз түбіне кетті. Бәріміздің пайымымыз – осы. Нәтижесінде 2224 адамның тек 711-і ғана аман қалды. Көбі – әйел мен бала. Тағы бір айта кетерлік жайт бар және бұл аса маңызды. Жалпы, біздің қабылдауымызда бай мен жарлы деген таптық түсінік бар. Байлардың бәрі надан. Кедей ақылды. Кедей өнерлі. Кедей еңбекқор. Қаперде сақтағанымыз абзал. Еңбекқор адам ешқашан кедейдің күйін кешпейді. Әңгіменің әлқиссасы мынада: кеме бортында болған ауқатты отбасылардан тек әйел мен бала-шағалары ғана аман қалған. Ал қара халық отырған жерде тек ер адамдар ғана аман қалған. Демек, әйелдері мен балаларын ажалға қиып, өзқара бастарын аман сақтаған. Режиссер «Титаник» фильмін түсіру барысында неге бұл ақиқатты жасырғаны беймәлім. Бірақ... Көпшілік санаға құйып, сіміріп алған түсінікті бір кино қайтіп тоқтатсын? Тіпті, ол «Титаник» болса да. Джеймс Кэмеронның ұстанымы осы болды ма, бәлкім. Бірақ «Титаник» кемесінің теңіз түбіне кетуіне байланысты таңдандырарлық бірқатар мәселе бар.

Сонымен...

Адамзат тарихындағы алғашқы теракт

Сонымен… Сапардың төртінші күні кеме радистері жол-жөнекей өтіп бара жатқан өзге кемелерден «жақын маңда айсбергтер бар, сақ болыңыздар» деген белгі алған. Бұл кезде «Титаник» Ньюфаундленд аралынан 450 миль жерде еді. Айсбергтер жөніндегі хабар кеме капитаны Эдвард Джон Смитке жеткізілді. Тәйірі, мұздың түйіршік бөлшектері «Титаник» үшін не дерсіз? Капитан бұл радиохабарламаға аса мән бермейді. Тек кеменің алдында орналасқан жолға қараушыларға «сақ болыңдар» деп қысқа қайырған. Соңы немен аяқталғаны сіз бен бізге айдан анық емес пе? «Титаник» туралы ақпарат жинай келе, мына бір ерекшеліктерге көзім түсті: Біріншісі – сондай алып лайнердің алдына жарық түсіріп отыратын мықты шамдардың болмауы. «Титаник» секілді теңіз кемесінде бұл шамдардың болмай қалуы сізге күмәнді емес пе? Екіншісі – жол қарап тұратын матростарда дүрбінің болмағаны. Бұл ақылға сыйымсыз. «Титаниктен» 5 есе кішкентай кемелерде болады бұл құрылғылар. Сондай-ақ көңілге күдік ұялататын тағы бір мәселе – кеме айсбергке соғылып жатқанда, капитанның: «Орташа жылдамдықпен алға жүріңдер», – деуі. Мұның өзі «Титаникті» тезірек құрдымға жіберу еді. Тағы бір таңғаларлық жағдай – алып кемеде бар-жоғы 20 құтқару қайығының болғаны. Оған небәрі 1178 адам сыятын. Дәл сол кезде кемеде 1333 жолаушы және 891 қызметкер болған. Лайнер 3300 адамға арналған еді. Демек, біреу қаскөйлікпен құтқару қайығын аз тиеген… Әйтпесе алып кемеге кемі 60 қайық керек-тін. Мұны да азсындыңыз ба? Бұл – тағы бір мәселе. Мәселен, «Титаникпен» сапар шекпекші болған миллионер Пирсон Морганның (кеменің иесі де сол болатын) кеменің жүрер кезінде «денсаулығым болмай тұр» деген сылтаумен жағада қалып қоюы. Бір қызығы, аталған трагедиядан екі күн өткенде сол миллионердің түк болмағандай ашынасымен Францияның бір курортында күнге қыздырынып, аунап-қунап жатқанын көргендер бар. Тағы бір қызықты дәлел – кемеге тиелуі тиіс небір қымбат картиналардың жағада қалып қоюы. Қазіргі күні сол картиналар Нью-Йорк өнер мұражайында тұр. Сондай-ақ кеме жүрерінен бірер сағат бұрын Морганның көптеген байшыкеш серіктері (50 адам) сапардан аяқасты бас тартқан. Олар сапардан неге бас тартты? Бұл да – күні бүгінге дейін шешілмеген жұмбақ. Осы бір дереккөздерге қарап, «Титаниктің» теңіз түбіне кетуі үлкен бір жоспардың бір бөлігі ғана емес пе?» деген сауал амалсыз пайда болады. Қайталап айтамыз, бұл – болжам ғана. Мынаған назар аударыңыз: «Титаник» апатының зерттеу нәтижелері қатаң құпия саналып, көпшіліктен жасырылып тасталған. Айсбергке соғылудан құрдымға кеткен кеменің зерттеу нәтижелері несіне құпия болады? Бұл  айтылғандардың шындыққа қаншалықты жанасатынын дөп басып ешкімнің айтып бере алмасы анық. Бірақ апат ақиқаты ашылса, мұның адамзат тарихындағы алғашқы теракт болып шыға келмесіне кім кепіл?

P.S. Морган Робинсонның «Титанның күйреуі» туындысы хақында. «Титаник» апатқа ұшыраған соң, бұл роман оқырманға кенеліп шыға келген. Неге дейсіз ғой? Туынды «Титаниктің» теңіз түбіне кетуінен ұзақ уақыт бұрын жарық көрген. Нақтырақ айтсақ, 1889 жылы. Романның барысы былай: «Титан» деген кеме – адамзаттың ең ұлы көлігі. Сәуірдің салқын кештерінің бірінде кеме суға батып кетеді. Апаттың себебі оның айсбергке соғылуынан болады. Адам саны, «Титанның» суреттелуі, апаттың салдары – барлығы ұқсас, жобалас. Ең бір қызығы, бұл кітап «Титаник»   бортындағы кітапханада болған. Ал бұған не дейсіз? Жазушы көрегенділігі ме? Бұл – жоқ емес, бардүние. Блоктың «Через двенадцать лет» деген өлеңдер циклын жазған соң 12 жылдан кейін бақилық болуы. Мұқағалидың кітабының сыртына өлер күнін жазатыны. Мистикаға көп ұқсағанымен, бұл – бар дүние. Сұрақ басқада. Біз оны қабылдай алыпжатырмыз ба?

«Титаник» араға бір ғасыр салса да, әлі талқыдан алыстаған жоқ. Ол – трагедия, ол – көркем туынды, ол – мистика, ол – құпия. Теңіз түбіне бар ақиқатын алып кеткен алып кеме хақында айтарымыз – осы. Өзіңіз бағамдап көріңіз.

Аян Азаматұлы

Тегтер: Титаник, мақала, махаббатхикаясы, Джек, Роза

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.