Қызылорда облысының 130 мыңнан астам тұрғыны «Н.Назарбаев: Дәуір, Тұлға, Қоғам» көрмесін тамашалады

14 Маусым, 2019 841 0

2019 жылғы 14 маусым күні Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде осы жылдың сәуір айында тұсауы кесілген Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасының кезекті кезеңінің жабылу салтанаты өтті.

8 сәуірден 14 маусымға дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмір жолы мен саяси қызметіне арналған көрмеге 130 мыңнан астам Қызылорда облысының тұрғындары мен қонақтары келді. Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының материалдары тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының негізгі сәттері мен Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін айқын бейнелейді.

Іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің м.а. Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, мемлекеттік қызметкерлер, облыс пен қала жұртшылығы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

– Ел Егемендігінің алтын тінін, жібек желісін ұлықтап, ұлтымыздың бітім-болмысын даралап, тарихымыздың асыл мұраларын өскелең ұрпақтың жүрегіне жеткізетін бұл көрменің қасиетті Сыр өңірінде ұйымдастырылуы біз үшін үлкен мәртебе және тарих болып қалмақ, - деді Қ. Көшербаев.

Өз сөзінде облыс басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Сыр халқына деген қамқорлығын белгіледі. «Осы ретте, Сыр жұртшылығы, облыс ақсақалдары Елбасына деген алғаусыз алғысы мен риясыз көңілін хатқа түсіріп, Елбасына жолдауды жөн көріп отыр. Енді осы хатты өзіңізге табыстауға рұқсат етіңіз, ел ризашылығын Елбасына өз қолыңызбен жеткізсеңіз дейміз», - деген Қ.Көшербаев Елбасы кітапханасының директоры Ә.М. Рахымжановқа Алғыс хатты тапсырды. Ол «Елбасы кітапханасына шексіз алғысымызды білдіре отырып, мәдени мұраларды жүйелеу, тарихи құндылықтарды сақтау және халыққа рухани тәрбие беру мен ел өркениетін дамытудағы қызметтеріне шығармашылық табыс тілейміз», - деп сөзін жалғастырды.

Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі жобасының көрмесі мен басқа да іс-шараларға деген Қызылорда облысы тұрғындарының жоғары қызығушылығын атап өтті.

– Аталмыш көрменің  Қызылорда облысында ашылуы қазақтың бағына туған біртуар тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызылордалықтарға, әсіресе жастарға арнаған рухани сыйы деп есептер едім. Оның дәлелі – үш ай бойы жүз отыз мыңнан астам қызылордалықтардың, еңкейген қарттан мектептегі оқушыға дейін Елбасының жүріп өткен жолы мен қызметі арқылы тұтас Қазақстанның даму жолын баяндайтын көрмені тамашалауға мүмкіндік алуы, әсіресе жастар үшін Елбасының өнегелі өмірі – жарқын болашаққа бастар даңғыл жол тәрізді, - деп атап өткен Ә. Рахымжанов, Қырымбек Көшербаев бастаған облыс әкімдігі мен музей қызметкерлеріне жобаның ұйымдастырылуына көрсеткен қолдаулары үшін ризашылығын білдірді.


Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының аясында Қызылорда облысында ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық іс-шаралар өтті. Олардың қатарына Қазақстандағы Жастар жылына арналған «Н. Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы; кітапхана, архив, музей саласының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясы; мемлекеттік қызметкерлердің «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласын талқылауына арналған «Library-practicum» үлгісіндегі ғылыми-әдістемелік семинар; аймақтық музей қауымдастығының өкілдеріне арналған «музей саласындағы ақпараттандыру» ғылыми-практикалық семинары («Музей» АЖ есепке алу мен сақтаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасу); Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары мен оқушыларына арналған «Елбасы Н.А. Назарбаев: өмірбаяны мен жасампаз идеялары» семинар-тренингі; ҚР мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концерті кірді. Қызылорда облысының Шиелі және Қармақшы аудандарында «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір жәдігердің тарихы» тақырыптары бойынша экскурсиялар жүргізілді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы 2017 жылғы қарашадан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында көрме Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылды. Бүгінде аталған жоба аясындағы көрмеге келушілер саны 900 мыңға жуықтады.

 

 

Тегтер: елбасы, әмірхан, рахымжанов, жаңалықтар, қазақстан, көшербаев

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.