Шымкент журналистері құтқарушылар рөлінде

13 Маусым, 2019 147 0

NewsROOM+. Шымкент журналистері құтқарушылар рөлінде. Дәлірегі, қалалық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған спартиакиадада тілшілер өрт сөндіруші киімдерін киіп, қатерге толы қызметтің қиындығын сезініп көрді. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында орайластырылған додаға 6 редакция қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Күнделікті киімнің орнына өрт сөндірушінің арнайы костюмін, қолдарына микрофонның орнына өрт сөндіргіш құралын ұстаған журналистер кәсіби мерекелерін осылайша атап өтті. Баспасөз қызметкерлері арасындағы бұл додаға «Отырар» медиахолдингі атынан екі команда қатысты. Бірі – «Отырар» арнасы болса, енді бірі – «Оңтүстік Рабат» ұжымы.

Шакир Умаров, «Отырар» медиахолдингінің тілшісі: «Төтеншеліктердің жұмысының қаншалықты ауыр екендігін өз көзімізбен көрдік. Киімдерінің өзі салмағы ауыр. Соған қарамай, олар өрттің ішіне кіреді. Улы түтінді иіскеуге мәжбүр… Осындай қызықты жарысты ұйымдастырушыларға алғыс айтамын».

Тілшілер арасындағы жарысқа алғаш рет қатысып жатқандардың бірі – Елдар Дүйсенұлы. Жас журналист «Оңтүстік» телеарнасының намысын қорғауға келіпті.

Елдар Дүйсенұлы, «Оңтүстік» телеарнасының тілшісі: «Барлық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері үшін ұйымдастырылған шара өте пайдалы деп ойлаймын. Себебі біз мұнымен өзіміздің мамандығымызбен қатар, өрт сөндіру қызметкерлерінің жұмысымен танысып жатырмыз. Барлық әріптестер өзара жақын қарым-қатынаста тәжірибе алмасудамыз. Бастысы барлық командаларға жеңіс тілеймін».

Дода жергілікті ақпараттық агенттіктер мен газет, телеарна ұжымдары арасында ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «Отырар» телеарнасы, «Оңтүстік Рабат» газеті, «Әділет» сайты, «НарТв», «Оңтүстік» пен республикалық «Хабар» арналарының тілшілері өзара мықтыны анықтады.

Нұрболат Дербісов, Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі: «Жаңалықтың жаршысы боп, жақсы хабардың хабаршысы боп жүрген, қоғамдық ахуалдың әр кезде басында жүрген журналистердің жұмысы қадірлі де құрметті деп білемін. Сондықтан келе жатқан мереке құтты болсын!».

1,5 сағатқа жалғасқан жарыста «Оңтүстік рабат» ұжымы 3 орын иеленсе, 2 орын — «Хабар» арнасының журналистеріне бұйырды. Ал төтенше жағдайда ептілік танытып, оқ бойы оза шапқан «НарТв» ұжымы болды.

Ұйымдастырушылар халық пен биліктің арасында алтын көпір болып жүрген мамандық иелеріне бағалы сыйлықтар табыс етіп, арнайы марапаттады. Спартакиада соңында әріптестер «Достық жеңді» деген ниетпен естелік фотоға түсіп, жарысты көңілді нотада аяқтады.

Дереккөз: otyrar.kz



Тегтер: Журналистеркүні, кәсібимереке

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.