"Көп балалы, жалғызбасты анамын": Алтынай Жорабаева "Нұр Отан" партиясына неге кіргенін түсіндіріп берді

12 Маусым, 2019 590 0

NewsROOM+. Алтынай Жорабаева "Нұр Отан" партиясына неге кіргенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды newsroom.kz Stan.kz сілтеме жасап.

Өнер иесі желідегі парақшасында жазба қалдырып, үнсіз қалдың деп айыптағандарға жауап берді. Көп балалы, жалғызбасты ана ретінде еліміздегі аналардың мұң-мұқтажын тыңдау үшін партияға кірдім, соны билікке жеткізуді мақсат тұттым дейді өнер адамы.

"Елде болып жатқан жағдайларға байланысты, "үнсіз қалдың", "жағымпаз", " прости-ка" деп басталатын пікірлер жалғасуда. "Әншілер айтпайды, әншілер жеткізбейді". Мен үнсіз қалсам, үйімде дұғада отырмын. Мен саясаткер емеспін. Мен көп балалы, жалғызбасты анамын, әншімін. "Нұр Отан" партиясына кіруімнің себебі , адамның санын көбейту емес , көпбалалы ананың көкейіндегі сұрақты, көп адамның жұмыссыз екендігін билікке жеткізу болды. Өнерде нағыз өнерпазды сараптау үшін көркемдік кеңес керектігін айтқым келді. Бірақ оны да айтудың жайы осылай екен деп дүрлігіп, ашуға беріліп, эмоцияның жетегіне кетіп емес, осы партияда еңбегімді көрсетіп, мәдениетті түрде жеткізгім келді. Бүгінгі президенттің, кешегі сайлау алды бағдарламасы орындалуына қызмет жасау үшін жүрмін", - деп жазды Алтынай Жорабаева.

Соқыр сеніммен, биліктен үміт күтіп, босқа айқайлап, шулап жүрудің қажеті шамалы екенін айтты әнші. Таяқтың екі ұшы болған сияқты мәселенің де екі шеті бар. Сондықтан болып жатқан оқиғаларға жан-жақты қараған жөн дейді ол.

"Мен бір жаққа шығып алып, соқыр сеніммен айқайлап, шашбау көтеріп жүрген жоқпын. Мәселеге жан-жақты қарауға тырысудамын. Содан кейін, халқым деп жатқанның жанашыр, айқайлағанның бәрі Алашшыл емес екенін түсінсек. Өткені мен бүгіні белгісіз тұлғалар келіп, халықты ханға айдап салып, бүлік шығарып, ертең елді тастап қашпайтынына кім кепіл? Қираған үй, қырылған елде қалатын сіз бен біз. Сондықтан, бірлікті ойлап, біліммен жеткізе білген жөн, не нәрсені болса да. Шеру, ешқашан бейбіт болған емес ! Тек әншілер ғана емес, сіз де, басқа да, біз де халықтың арқасында жүрміз! Халық деген - мен! Халық деген - сіз!" - деп жазды өнер иесі.

Кімнің кім екенін біліп, анықтап, көздеріңізді жеткізбей жатып, бос ұрандап алаңға шықтыңыздар деп халықты айыптады Жорабаева. Бірақ, аумалы-төкпелі уақытта халықтың алдына шығып, түсіндіріп, мән-жайдың ақ-қарасын анықтамаған билікке де наразы екенін жасырмады ол. Сонымен қатар, Алтынай Жорабаева жаны халықпен бірге екенін айтып, қамалған жұртты босатуды сұрады.

"Бірақ Қосанов кім? Тақты берсеңіз игеріп алып кете алады ма, әлде не істерін білмей қалады ма? Ал Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын кім зерттеді араларыңызда? Неге соны талап етпеске?Мемлекет, халықпен ғана мемлекет! Олардың пікірін шетке ысырып, таптап, жаншуға болмайды. Халық айтқысы келсе тыңдау, талап етсе қанағаттандыру, үкіметке артылған жүк. Сондықтан, ел алдына шығып, бір келісімге келу қазір үкіметке артылған жұмыс. Бұл жағдай шиеленісіп, іс насырға шаба беретін болса, біз де, ешкім де халықтан бөлініп қала алмаймыз. Жанымыз елмен бірге. Қамалған халықты босатуды сұраймыз!" - дейді өнер иесі.


Тегтер: АлтынайЖорабаева, "НұрОтан", көпбалалы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.