Қосанов: Сайлау күні жастар митингке шығып арандап қалды

10 Маусым, 2019 278 0

NewsROOM+. Әміржан Қосанов Қазақстандағы кезектен тыс сайлау кезінде ұйымдастырылған митингкке қатысушыларды адаспауға шақырды. Президенттікке үміткер болған Қосанов Facebook желісіндегі парақшасында видео-үндеу  жариялады , деп жазды KYN.KZ.

Қосанов Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында шетелдегі псевдооппозиционерлердің шақыруымен байкот идеясын қолдаушылардың толқуы болғанын, бұл қоғамда үлкен резонанс туғызғанын айтты.

Қосановтың сөзінше, шетелде кафеде кофе ішіп отырып, қазақстандықтардың конституциялық құқығын бұзып, сайлау алдында отқа итермелеу — бұл саяси арандату болып табылады.

Әміржан мырза жастарымыз соған алданып жатқанын да тілге тиек етті.

Ол қазіргі уақытта Қазақстан транзит кезеңінде тұрғанын алға тартты.

«Біз неге билік өзгеруі керек дейміз. Оппозиция да өзгеруі керек. Суперрадикалды, ешқандай мәмілеге келмейтін, керісінше мемлекеттік мүддесі, тәуелсіздігіміздің мүддесі, елдегі әділетті қоғам төңірегінде диалогқа келу керек деп ойлаймын. Еліміз қазір жаңа кезең алдында», — деді президентікке үміткер.

Қосанов елімізге ішкі ғана емес, сыртқы қауіп те төніп тұрғанын жеткізді.

Сонымен бірге, ол жастарды араңдатушылыққа салынбауға шақыратынын айтты.

«Шетелдегі псевдооппозиционерлер сайлау кезінде халықты қақ жарып жіберді. Мен сайлауға түскенде басында байкот деді, қаралап-күйеледі. Әсіресе, жастар бұған сенбеуі керек.

Президенттік сайлауда, алдағы парламенттік сайлауда болатын реформалар кезінде оппозиционер ретінде балама бағдарламамызды ұсынып, билікпен мәмілеге келу керек деп ойлаймын.

Шетте жүргендердің арандатуына салып тыныштығымыздан, елімізден айырылып қалмайық», — деді Қосанов.

Ол Қазақстанға жаңа билікпен қатар жаңа оппозиция керек екендігін де тілге тиек етті.

Оның сөзінше, жаңа билік пен жаңа оппозиция бір үстелде отыру керек.

«Бүгін түн ортасында ашық эфирге шығып, осындай ойымды айтып отырмын», — деп сөзін қорытындылады Әміржан Қосанов.

Тегтер: ӘміржанҚосанов, президент, үміткер

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.