«Цифрлы Қазақстан» туралы қалай білдім?

19 Маусым, 2018 928 0

Менің бір досым бар. Дос болғанда, бала күннен бергі бірге келе жатқан жан досым. Тағдырдың жазуымен екеуміз бір мектеп, бір университетті бітірсек те ол – құқық қорғау саласына қызметке баруды таңдады. Мен болсам, университеттегі оқытушылықты қаладым.

Бастапқыда ол досым патруль болды. Кейін жол-көлік полициясына ауысып, ақырында тергеушілікке біржола барды. Жазу-сызуға ебім бар болғандықтан, кешкісін жолығып, шәй үстінде оның жұмысы туралы жиі сұрайтынмын. Себебі, жұмыс барысында, басынан түрлі жайтты кешетін оның кәсібі шынында да қызық еді. Үй тонаған, кісі пышақтаған, әйелін сабаған, бала ұрған, көршісінің кілемін қымқырған секілді сан түрлі қылмысты ашқан ол әңгіме айтса шынында да майын тамызып, естіген құлақтың құрышын қандырады. Тыңда да тек қағазға түсіре бер. Болашақта бұл жазбаларды кітап етіп бастыру ойымда бар. Сондай сәттердің бірінде екеуміз ел дамуы туралы позитив тақырыпта әңгіме айтып отырғанбыз. Ол жұмысынан, мен студенттердің жалқаулығынан шаршап, негатив айтпаймыз деп уағдаластық. Отандық шоу-бизнестің дамып келе жатқанын, қазақстандық киноның сапасы артқанын талқыладық. Жуырда Кореяға барып келгем. E-gov қызметінің тиімділігі туралы Эстониялық журналистердің пікірін тыңдап, Кореядан үлгі ретінде алынған жобаның артықшылықтарын Сеулде де байқағаныммен бөлістім.

ТМД елдерінің бірінен көлік ұрлап, Қазақстанға қашып келген қылмыскердің оқиғасын аяқ астынан бастаған ол, менің бұл тақырыпқа қатысы қанша деген үнсіз сауалымды көзімнен оқып, үндеме дегендей ишара білдіріп, әңгімесін әрмен қарай жалғастырды. Айтуынша, қылмыскердің артынан бір бума қағаз келген. - Оның ішінде не жоқ, факс хабарламасы, түрлі анықтамалар, түсінікті-түсініксіз мөрлер дейсің бе? Адам шатасады. Қағазбастылық деген сұмдық – деген оның сөзін бөліп, - Сендерде ондай қағаз жоқ па? – деген сарказм толы сауалыма басын шайқады. - Қазір қолымызда тек бір ғана «флешка». Сотқа, прокуратураға сонымен барамыз. Бүкіл құжаттар электронды бірыңғай форматқа көшкен. Сондықтан болар, көршілеріміздің қағазын көріп, сақа офицерлер осыдан он жыл бұрынғы кездерін еске алды. Бізде қазір сот барысындағы сұрақ-жауаптар да онлайн арқылы, видео формтта жүргізіледі деп жауап берген досымның сөзіне қайран қалдым. Өзге салада болғандықтан ондай деректер мен жетістіктерді біле бермейтініміз анық қой? 

Еліміздің құқық қорғау саласында мұндай жетістіктер қайдан пайда болды деген оймен біраз интернетті ақтаруға тура келді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы Қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында былай деп жазылыпты: «Мемлекеттік органдардың өзара тиімді іс-қимылы және «paperfree» қағидатын сақтау мақсатында одан әрі цифрлық қойманы дамытумен, бұлыңғыр есептеу қағидаттарына құрылған бизнес-процестерді  басқару жүйесін дамыту көзделеді. Осындай үлгілік міндеттерді, басым түрде ақпараттандырудың сервистік моделі бойынша автоматтандыру жұмыстары жалғасатын болады».

Түсінісіз сөздің түсініктісі мақаланың бас жағында жазғандай болдық. Сондықтан, заманауи жетістіктеріміз бен еліміздің цифрлы дамуын біз жазбасақ, басқа кім насихаттайды деп осы мақаланы жазып оны жарияламаққа бел будық.

 

Уәли ЖҰМА,

оқытушы

Тегтер: цифрлы, қазақстан, жаңалықтар, астана, зерде

Пікір қалдыру