Нұр-Сұлтанда лицей директоры мектепте бильярд бөлмесін ашқан

06 Маусым, 2019 416 0

NewsROOM+. Елордада лицей директоры білім ордасында бильярд бөлмесін ашқан. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті басшысының орынбасары Жазира Жылқышиева айтты.

«Азаматтар тарапынан жалпы білім беру мекемелерінің қызметіне қатысты жиі шағым түсіп жатады. Ата-аналар қосымша ақша жинауға, әкімшіліктің біліксіздігіне, материалдық жай-күйіне және басқа да мәселелерге шағымданады. Таяуда «Астана - адалдық алаңы» жобасы тарапынан қаралған сондай мысалдардың бірі - мектеп-лицей әкімшілігінің үстінен түскен шағым болды», - деді ол баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, директор білім ордасының жертөлесінде бильярд ойнайтын бөлме жабдықтап алған.

«Сол күні жобалық кеңсе қызметкерлері аталған нысанға барып, ақпараттың шындығына көз жеткізді. Оқушылар мен ата-аналар кіре алмайтын жертөледегі шағындау бөлмеде бильярд үстелі орнатылып, жұмсақ жиһазбен жабдықталған», - деді департамент басшысының орынбасары.

Ал мектеп әкімшілігі бильрд бөлмесінің балаларға арнап жасалғанын айтып, ақталған.

«Иә, бильярд - спорттың бір түрі саналады. Бірақ, бөлменің шынымен де балалар үшін жабдықталғанын әлі де болса нақтылау қажет. Сыртқы белгілеріне қарасаң, орын-жай балалардың спорттық үйірмесіне арналмаған сияқты. Мән-жайды анықтау қажет, нақты пікір барлық материалдар зерделенгеннен кейін беріледі», - деді Жазира Жылқышиева.  
holanews.kz

Тегтер: Нұр-Сұлтан, мектеп, директор, бильярд

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.