Н.Ә.Назарбаев : Құлаш жая желбіреген байрақтың әсері әлі күнге менің есімде

04 Маусым, 2019 257 0

NewsROOM+. 27 жыл бұрын Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні бекітілді. Мемлекетіміздің маңызды нышандарын анықтауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев белсенді атсалысты. Өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Елбасы былай дейді: «Жас республикаға өзінің ерекшелігін айшықты да қысқа, түсінікті бейнеде ұқтыратын символдар қажет болатын. Осынау жауапты міндеттің шешімі көп күш қуат талап етті». 

Тәуелсіз Қазақстанның символдары 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді. Бүгінде тудың көк байрағындағы қалықтаған бүркіт бейнесі бар алтын күн және елтаңбада бейнеленген тұлпарлардың қанатымен көмкерілген шаңырақ күллі әлемге танымал.

Елбасы өз еңбегінде: «Қазақстанның және бұрынғы одақтас республикалардың ұзақ уақыт аңсаған тәуелсіздікті алу қуанышы біздің халықтарымыздың маңдайына жазған тарих дүбірінің күрделілігін ұғынуға жалғасты», - деп атап өтеді.

Мемлекеттік елтаңбаның авторлары танымал сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтар болды.

Қазақстанның Мемлекеттік туы – Қазақстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, суретші Шәкен Ниязбековтің туындысы. Елбасы өз кітабында былай деп еске алады: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының бірінде мен альпинистер тобымен Алатаудың мұзарт шыңын бағындыруға шықтым. Шың басына тігілген, тау желінің күшімен құлаш жая желбіреген байрақтың әсері әлі күнге менің есімде…Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс. Алайда біз оны да бағындыра алдық».

Көк туымыз ғаламшарымыздың ең биік нүктесі Эверест шыңында бірнеше рет желбіреді. 1994 жылы қазақстандықтар өз тарихында алғаш рет мемлекеттік туымен Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Сол жылы олимпиада тарихында алғаш рет көрнекті шаңғышы Владимир Смирновтың жеңісі құрметіне Қазақстанның Мемлекеттік гимні де биік мінберден шырқалды. Бірінші қазақстандық гимннің авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болса, үздік мәтінге жарияланған конкурста танымал ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаевадан құралған шығармашылық ұжым жеңімпаз деп танылған еді.

Қазақстан Республикасының қазіргі гимні 2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен президенттік сайлау қорытындысы бойынша алғаш рет 2006 жылғы 11 қаңтар күні Мемлекет басшысының ант беру салтанатында орындалды. Еліміздің басты патриоттық әні «Менің Қазақстанымды» Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазған болатын.

 

Әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін Елбасымыз музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке қолтаңбасы бар өзгерістер енгізген тарихи құжаттың түпнұсқасы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасындағы Елбасының жеке архивінде сақтаулы.

Тегтер: Мемлекеттікрәміздеркүні, Назарбаев

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.