Қай сұлу ( Әңгіме )

05 Маусым, 2019 506 0

NewsROOM+. Аудан орталығына шалғай жатқан осы ауылдың шын атын біреу білсе, біреу білмейді. Себебі мұны «екінші ферма» дейді. Ал, олай десең сұраған адамың «қай ферма, қай жерде» деп басыңды қатырады. Ал, «Сұлулар ауылы» десең бәрі біледі. Құм ішінде орналасқан бұл ауылдың бұлай аталуының басты себебі Нартай көкем.

Жасы алпысты алқымдап қалған Нартай көкені іздеп бару үшін жолға шықтым.

– Сұлулардың ауылына қаншамен алып барасыз? – дедім «қайда барасың?» деп сұраған таксистке.

– Ол ауыл құмның ішінде. Үлкен жолға алыс. Қымбаттау болады, – деді шопыр жігіт.

– Мейді тек тезірек жүрсеңіз болды.

Сөйтіп түс ауа «Сұлулардың ауылына» жетіп келдім. Нартай көкем Нұрсұлу жеңгейдің қою күрең шайын сораптап, қара терге малшынып отыр екен.

– Кел, кел, - деп құрақ ұшты екеуі де. Аман-саулықтан соң Нартай көкем қалжыңмен мені қағытып әзілдеуге көшті. Әзіліне әзілмен жауап беріп отырмын.

– Көке осы Сұлу жеңгемді қайдан тапқансың? Осы ауылдың «Сұлулар ауылы» деп аталуының да сізге қатысы бар дейді ғой, - дедім әңгімені әріден бастап.

– Ә, оның өзі бір дәурен еді ғой, - деді көкем күліп. – Ол кезде жиырма бестегі сері жігітпін. Әскерден келген соң әкемнің айтуымен институтқа түсіп, мал дәрігерлікті бітіріп ауылға қайта оралдым. Мал дәрігеріне көмекші болып жұмыс істеп жүрдім. Бұл мамандығым өзіме ұнамаса да сүйретіліп жұмыс істеп жүре бердім. Бірде шалғай құмда жатқан шопандардың малын көруге баратын болдық. Айналада қыбыр еткен жан жоқ. Құла түзде мына адамдар қалай өмір сүріп жатыр деп таң қалдым. Мәлікбай деген шопанның үйіне бардық. Кіріп-шығып жүрген жандарға қарасаң көпшілік сияқты. Бәрі қыз. Бәрі ұзынетек көйлектерінің сыртынан ұзын жең еркек көйлек киіп, беттерін байлап алыпты.

– Әй, Нұрсұлу, Үрсұлу, Күнсұлу, қайсысың барсың, шай қой, - деді шешесі сыртта жүрген қыздарға.

Қыздарының бірі самаурынға от салды. Енді бірі дастархан қамына кірісті.

– Бердібек қайда? Қолға су құйсын.

– Апа, ол қойға кеткен.

– Ә, онда Айсұлуға айт қолға су құйсын.

Тыңдап отырып өңшең сұлулардың мекені екеніне көзім жетті. Тек жүздері жасырулы бұл сұлулар шын сұлу ма, білмей отырмын.

Сол күні тамақ желініп болған соң малдарды тексеруге кірістік. Кешке дейін әр бас қойды көріп әбден шаршаппыз. Қуығым қысып оянып кеттім. Енді тұрып сыртқа шығайын деп жатыр едім киіз үйдің сықырлауық есігі ашылғандай болды да, ағараңдап біреу сыртқа кетті. Мен де далаға беттедім. Ұзын шашын жайып алғанына қарағанда сұлулардың біреуі-ау деп ой түйдім. Қыздың ізінен бардым.

Ізінен келе жатқанымды біліп қыз жалт бұрылды.

– Қорқытып жібердіңіз ғой, - деді қыз көздері жәудіреп.

– Қай сұлу болдыңыз қарындас? – дедім білмекке.

– Мен бе? Мен Нұрсұлумын.

– Менің есімім Нартай. Жүр қарындас анау сайға түсіп әңгіме қылайық.

– Түннің ортасында не әңгіме, аға. Шаршадыңыз, ұйықтамайсыз ба? Ертең тағы жұмыс.

– Сіздей қарындас қасымда тұрғанда ұйқы келе ме?

Екеуміз сайға түсіп жайғастық.

– Мына айдалада сіздей сұлу қыз қалай жүр? Бұлай жүре берсеңіз отырып қаласыз ғой, қарындас. Бұл жаққа жігіттер келмесе... Әлде ертегідегі ақ боз атты ханзада келіп алып кете ме?

– Неге олай дейсіз? Мысалы, сіз сияқтылыр ақ боз ат мініп келмесе де, «УАЗ» мініп келіп тұрады. Шынын айтсам сол көп жігіттен қашып осы құла дүзге тығыламын.

Қыздың мына сөзіне миығымнан күліп қойдым.

– Осылай қой бағып өтесің бе? – деп сұрадым қағытып.

– Неге енді? Оқуымды бітірсем дәрігер боламын.

– Қайда оқисың? – деп сұрадым таң қалып.

– Мединститутта, болашақ гинекологпын, - деді қыз тәкаппарлана.

Бағанадан бері қойшының қызы деп менсінбей отырғаным әжептеуір дәрігер болған соң ойланып сөйлеуге көштім.

– Зооветті бітірдім. Әкем де мал дәрігер, мені де осы кәсіпті меңгеруімді қалады. Ал, өзім ұшқыш болғым келетін. Бірақ, бізде оған жағдай жоқ қой. Жас кезіңнен дайындалмасаң ұшқыш болу оңай емес екен, - дедім асып-сасып.

– Арманыңыз күшті екен. Неге талпынбадыңыз?

– Білмеймін. Ал, өзіңіз гинеколог болуды армандайтын ба едіңіз?

– Ия.

– Неге?

– Үйдің үлкені болған соң ерте есейдім. Менен кейінгі Үрсұлу білмеймін, бірақ қалғандарының бәрі көз алдымда дүниеге келді. Аурухана шалғай, анам өмірі үйде босанатын. Сонда мейірбекесі әкем де, санитаркасы мен болдым. Соны көріп, өскен соң бала тудыратын дәрігер боламын деуші едім. Мен оқығанда анамның тумай қалатынын білмеймін ғой сонда. Сол арманмен мединституттың осы бөліміне тапсырдым. Биыл үшінші курыстамын.

Нұрсұлу екеуміз әңгімелесіп таңды да атырыппыз. Екеуміз де үйге жүгірдік. Түк болмағандай төсегімізге құладық. Ұйықтап қалыппын. Көзімді ашсам менен басқаның төсегі жиналып қойыпты. Бірінен бірі сұлу бойжеткендер кіріп-шығып жүр. Мен тұрған соң дастархан жайылып, шай келді. Кеше түндегі қыздың қайсысы екенін ажырата алмай отырмын.

– Нұрсұлу, - дедім атқа қонып қойға кетіп бара жатып.

Қыз жымиып күлді.

– Жүр қойға барайық.

– Мен Нұрсұлу емеспін, Күнсұлумын.

– Кешір қарындас. Нұрсұлуды айтып жіберші.

Анадайда тезек аударып жүрген қыз жаныма келді. Жаңағы Күнсұлуға қатты ұқсайды екен.

– Не үшін? - деп сұрады қыз.

– Жәй. Қыдырамыз.

– Құмда қыдыратын қызық жер де, саябақ та жоқ, - деді қыз қуақылана.

– Табамыз ғой, - дедім мен.

– Көлге барып суға түсеміз.

– Нұрсұлу шомылуды білмейді, - деді ол.

Мен жүзіне қарадым.

– Не қарайсың, мен Нұрсұлу емеспін, Үрсұлумын, - деді де саусақтарының ұшымен хош деп белгі беріп бұрылып кетті.

Үй алдында күбі пісіп тұрған қызға қарадым. Ол да жымиды. «Сен боларсың Нұрсұлу?» дедім іштей. Сөйттім де, шауып кеттім.

– Түсте қой суарылады. Құдықтан мотормен су тартып алдын ала астауға құйып қоямыз. Кейін қойларды бөліп-бөліп суарамыз. Әйтпесе, шөлге шыдамаған қойлар бірін-бірі таптап өлтіріп қоюы да мүмкін. Осындайда Ырысекеңнің қыздары көмекке келеді екен. Күткендей-ақ үш сұлу келді. Бір-бірінен аумайды.

Қой суарып болған соң өзіміз суға түстік. Құдықтың тастай суы денемізді қарып, бір-бірімізге су шашып ойнадық.

– Сонымен айтыңыздаршы, қайсысыңыз қай сұлу болдыңыздар? – деп сұрадым мен.

– Өзіңіз табыңызшы. – Ішіндегі сарыдан келген сұлу осылай деді.

– Қол алып таныспаған соң танымай тұрмын.

– Онда танысайық. Менің атым Үрсұлу, мынау менің үлкен әпкем Нұрсұлу. Ал, мынау одан үлкені Күнсұлу, - деді қыз қулана. Тағы да өтірік алдап тұр-ау деп ойладым.

– Шынымен бе? Менің қалжыңдасқым келіп тұрған жоқ. Мен сендерге ағаларыңдай адаммын. Сендерді қарындас десем қалай болады.

– Қалжыңды доғарайық, - деді қара торы сұлу.

– Мен үлкенімін, атым Нұрсұлу. Менен кейін мына сіңілім, аты Үрсұлу. Ал, мына қалжыңбас үшіншіміз, есімі Күнсұлу.

– Танысқаныма қуаныштымын, - дедім мен.

– Енді жаттап алыңыз. Үлкеніміз Нұрсұлу. Қарадан келген себебі бізден бұрын өмірге келгені үшін күннің аптабына бізден гөрі көбірек күйген.

– Болды енді қайттық. Апам күтіп қалған шығар. – Нұрсұлу үлкендік жасап екі сіңілісін алдына салды.

– Мына сарысы Үрсұлу. Мен Күнсұлумын! – Мына пысық қыз кетіп бара жатып та сөйлеп бара жатқаны езуіме күлкі үйіріп, көңілімді көтеріп тастады.

Осылай бірнеше күн сұлулардың ортасында болып, Нұрсұлуға ғашық болып қалдым.

– Оқуыңа қашан қайтасың? – дедім жұмыс бітіп ауылға қайтарда.

– Қызық екенсің. Күз келсін оқу басталсын.

– Сол кезде іздеп барсам деймін. Пәтеріңнің мекен-жайын берсең.

– Оған дейін мүлде келмейсің бе?

– Жұмыс бар дегендей. Келе алмасам ренжіме. Әрі әке-шешеңнен де ыңғайсыз. Ал, қалада еркін кездесеміз.

– Жарайды, - деп қыз маған мекен-жайын берді.

Содан айына бір жалақы алған кезде Нұрсұлуды іздеп барып тұрдым. Ұзақ күттіріп жеңгең оқуын бітірді. Кейін үйлендік.

– Қалған сұлуларды ауылға қалай тарттыңдар?

– Е, қазақта «құдашадан құр қалғанды құдай ұрады» деген бар емес пе? Менің сұлу балдыздарымды көрген ауылдың жігіттері Сорқұдық пен екі араға жол салды ғой. Сорқұдық деген Нұрсұлудың әкесі отырған құдықтың аты еді. Суы балдай тәтті не үшін олай атағанын білмеуші едім. Сөйтсем, алғаш қазылғанда суы сор болып шығыпты. Содан ешкім қоныстанбай қойған. Қайын атам ғана сол жердің шөбі шүйігін болғасын мекендепті.

– Ал, ауылдарыңыз қалай «Сұлулардың ауылы деп аталды», - деймін қызыға түсіп.

Сұлулардың бәрі осы ауылға түскен соң «сұлулардың» ауылы демей не десін ел. Нұрсұлудың сіңлілері келін болып келгенде қызық болған. «Пәленшенің баласы Сорқұдықтағы Ырысбай шопанның қызын әкеліпті» - дейді хабаршы сүйінші сұрап. «Қай сұлуын?» деп сұрайды естіген адам. «Үрсұлуын». Тағы бір – екі жылдан соң тағы бір қызын әкеледі. «Қай сұлуын?» дейді ел. «Күнсұлуын». Тағы бір-екі жылдан соң тағы бір сұлуын әкеледі. «Қай сұлуын?» дейді ел. «Жансұлуын». Ең соңында «Айсұлуы» келді. «Енді қай сұлуы қалды?» деп еді. «Бітті» дегенді естіп енді мұрты тебіндеп келе жатқан талай бозбала санын соқты.

Гүлсұлуы бар еді.

– Гүлсұлу деген сіңілім де бар еді, - деп әңгімеге араласты Нұрсұлу жеңгей.

– Гүлсұлу? Ешкімде жоқ әдемі ат екен.

– Ия, біздің әкеміз ат қоюдан шебер жан болған. Мысалы, мен таң атып, күн енді шапағатын шашып келе жатқанда туыппын. Сөйтіп, мені Нұрсұлу деп қойыпты. Содан кейін күннің нұрындағы сұлуы болсын деп Нұрсұлу депті.

– Ал, Үрсұлу сіңіліміздің атын неге теңеп қойған?

– Үрсұлу деген хор қызындай сұлу деген мағына берсе керек. Үрсұлу түнде туылған. Әкем түнде құдықтан су алыпты, сонда осы ат ойына келген шығар. «Түнсұлу» деп қоя

алмайды ғой, - деп күлді жеңгеміз. Үрсұлуға ұқсастырып қойған ғой. Жансұлуды да ұқсас болсын деген шығар.

– Гүлсұлудың өмірге келгені әлі есімде. Анам айы-күні жақындаған сайын қатты қиналып жүрді. Мен ол кезде он жасар шамасында едім. Анама әжептеуір қолғабыс жасаймын. Үй жинау, ыдыс аяқ жуу, тезек илеп, от жағу қолымнан келеді. Әкем де әр дастархан басында отырғанда «апаңа көмектес», «сіңлілеріңе қамқор бол» деп отыратын. Бір күні таңертен анам сиыр сауып келіп ауырды. Түске дейін ауырса да тірлігін істеп жүрді де түстен кейін мүлде жатып қалды. Көктем мезгілі болатын. Табиғат өте тамаша еді. Ойын баласы емеспіз бе қырға шығып гүл теруге құмармыз. Анамыздың ауырғанын да елемей гүл теруге кеткенбіз. Сіңлілеріммен көп гүл теріп келсек, анам қара терге түсіп ауырып жатыр екен. Киіз үйдің бір шетінде біз теріп келген гүл үйіліп жатты. Анамыздың ауырып жатқанын көріп, оған да әкелген гүлімізді де ұмытып кеттік. Күн бұлтанып тұрған. Сәлден соң жауын себелей бастады. Анамның ауруы үдей түскендей. Маған әкем «дастарханнан нан ал да, үлкен кесеге айран құып бөпелеріңе бер, бар сыртқа барыңдар» деді. Мен сезе қойдым. Себебі, одан алдыңғы сіңілілерімді босанарда да анам осылай ауыратын. Сыртқа шығып сіңілілеріме айран құйып бердім де, өзім самаурынға от салдым. Анамның тағы бір бөпе әкелетінін сезіп қуанып жүрмін.

– Нұрсұлу, апам туайын деп жатыр ма? – деп сұрады Үрсұлу қасыма келіп құлағыма сыбырлап.

– Кім айтты?

– Өзім білемін. Айсұлу туылғанда да осылай ауырды ғой.

– Ия, бөпе әкеледі. Сен ешкімге айтпа, мақұл ма?

– Мақұл, деп кішкентай Үрсұлу басын изеді.

– Ура, апам бөпе әкеледі, - деп Күнсұлу қолын шапалақтап айқайлап жіберді. Осы сәт анамның шыңғырған даусы естілді. Үнемі осындай болатын. Біз киіз үйдің есігіне жүгіріп бардық. Әкемнің бізге қарауға шамасы жоқ. Анам қара терге түскен. Бір кезде жер дүниені жаңғыртып шыр еткен дауыс естілді. Кішкентай Айсұлу қорқып кетті де шыңғырып жылап жіберді. Оған Жансұлу қосылды.

– Кеш қарайғанда үйге кірдік. Анам кіп-кішкентай құндақты бауырына басып төрде отыр екен. Бәріміз улап-шулап қызықтап жатырмыз.

– Аты кім көке? – дейміз әкеме.

– Аты ма? Әлі ат қойған жоқпыз. Өздерің айтыңдаршы кім қоямыз?

– Мақпал?

– Айжан?

– Балжан?

Үрсұлу, Күнсұлу үшеуміз өзімізге ұнаған атты айтып таласып жатырмыз. Ал, Жансұлу мен Айсұлу әлі кішкентай еді. Әкем аз-кем ойланды да:

– Бүгін қыздарым анасына көп гүл теріп келіпті. Бұл қызым да гүлдей сұлу болсын. Атын Гүлсұлу қояйық, - деді анама қарап.

– Мақұл, солай болсын, - деді анам да кішкентай сәбиге жымиып.

– Гүлсұлу... Гүлсұлу, - деп біз де жамыраймыз.

Бірақ, Гүлсұлудың өмірі ұзаққа бармады. Біз сол күні теріп келген гүлдей ерте солды. Қыс еді. Гүлсұлу екі жастан асып, үш жасқа аяқ басқан болатын. Қысқы демалысқа келдім де, боран басылмай бірнеше күн сабақтан қалып қойғанмын. Үйдің үлкені болған соң ең шетте, ірге жақта жататынмын. Таң бозарып қалған-ау деймін, пештің оты сөніп үйдің іші суып кетіпті. Тоңып Үрсұлу теуіп тастаған көрпені екеуміздің жаптым да қымтанып ұйықтауға кірістім. Таңғы ұйқы тәтті болады ғой, апамның «Гүлсұлу, Гүлсұлу» деп жатқаны құлағыма кірсе де ұйқымды қимай жатырмын.

– Нұрсұлу, Гүлсұлу қайда? – көрпемді жұлып алған апамның қолындағы көрпені қайта тартып ұйықтамақ едім.

– Әй, не болды? – деген әкемнің даусы естілді.

– Гүлсұлу жоқ.

– Жоғы несі. Қара балаларыңның ішінде жатқан шығар.

– Жоқ. Жоқ еш жерде.

– Әй, шамды жақшы өзің! – деп әкем зекіді. Анам шамды жақты. Бозала үйдің ішіне сәуле жүгірді. Апыр-топыр барлық көрпенің астын қарап шықтық. Бәрі бар да Гүлсұлу жоқ.

– Әкем есікке қарады. Есік сәл ғана ашық қалыпты.

– Есікті іштен ілмеппе ең, - деді әкем.

– Білмеймін... білмеймін...

– Анам жерге отыра кетті. Қисая ашық тұрған есіктен суық ұйытқып соғып тұр. Әкем сыртқа жүгірді. Мен іштен тынып отырмын. Әлден соң аппақ қуыршақ секілді жансыз денені көтеріп келді. Бір құшақ қар деп ойлайсың. Анам талып қалды. Әкем Гүлсұлуды көрпе үстіне қоя салып анама су шашып есін жиды. Сөйтіп, Гүлсұлудан айырылып қалдық. Анам Гүлсұлудың өміріне өзін кінәліп көп жыл жылап жүрді. Бес жылдан соң Бердібек дүниеге келді, солай, - деп әңгімесін аяқтады жеңешем.

– Құмды да, қойды да сол үшін жек көремін, – деді сосын жасқа малынған жанарын бізге көрсетпеуге тырысып..

Бақтыгүл Ауданова

Сарыарқа тобы

Тегтер: Сұлуларауылы, әңгіме

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.