2019 жылы қыркүйекте 5 000 орындық студенттік жатақхана пайдалануға берілмек — Б. Асылова

18 Маусым, 2018 150 0

Бүгін Үкімет үйінде ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың, ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұловтың қатысуымен «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында студент жастардың баспана жағдайларын жақсарту туралы» баспасөз конференциясы өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында студент жастардың үй-жай жағдайларын жақсарту бойынша бірқатар маңызды шаралар атқарылуда, соның ішінде заңнамалық тұрғыдан жетілдірулер болып жатыр.

     «Біз жатақхана орындарына қажеттіліктерді анықтадық. Бүгінгі таңда қажеттілік шамамен 83 мың орынды құрайды. Ең үлкен үлесі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысына – 11 мың орыннан, Астана қаласына – 17 мың және Алматы қаласына – 23 мың орыннан келеді», — деді ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Бұдан өзге, әкімдіктермен бірлесе отырып, жатақханаларды салуға жер телімдерін бөлу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің аумағында немесе оларға жақын маңдағы жерлерден 134 жер телімі бөлінген. 

     «Сондай-ақ, біз жатақханалар құрылысының механизмін анықтадық. Ол айтарлықтай қарапайым әрі түсінікті. Құрылыс салушы жатақхана жобасын әзірлейді. Кейін Қаржы орталығымен мемлекеттік тапсырысты алу үшін келісімшарт жасасады. Бұдан соң банктен қарыз алады. Жатақхананы пайдалануға бергеннен соң мемлекеттен өтемақы төлемдерін алады», — деп мәлімдеді вице-министр.

Жатақханалар жобаларын әзірлеу рәсімін жеңілдету үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті үлгілік жоба әзірледі, ол бүгінде барлық әкімдіктерге таратылған.

Сонымен қатар ҚР БҒМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Бизнестің жол картасына жатақханалар құрылысын қосу арқылы банктерде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мәселесін пысықтап жатыр.

      «Аталған механизмді бизнес қауымдастығы мен білім беру ұйымдары мақұлдаған. Министрлік, «Атамекен» ҰКП, Астана қаласының әкімдігі негізінде бірнеше рет кеңестер өткізілді.

Бұған қоса, барлық қажеттіліктер ескерілген Интерактивті карта әзірленіп, бүгінде жұмыс істеп тұр. Ол www.fincenter.kz сайтында онлайн режимде қолжетімді. Бұл карта білім беру ұйымдары мен өңірлер тұрғысынан жатақханалар жөнінде барлық мәліметті – төсек орындарының саны, тиісті жер телімдерінің бар-жоғы, олардың сипаттамасы жайында ақпарат алуға мүмкіндік береді», — деді Б. Асылова.

Бұл механизмді іске асыру үшін Парламент Мәжілісі депутаттарының қолдауымен ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері туралы Заң жобасы аясында заңнамаға түзетулер ұсынылған.

Журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде, Б. Асылова бүгінде елімізде 204 мың басқа қалалардан келіп оқитын студенттер барын, олардың 101 мыңы жатақхана орнын қажетсінетінін атап өтті.

      «Егер Парламент заңға түзетулерді тамызда қабылдаса, онда министрліктің нормативтік-құқықтық актілерін реттеуге тағы бір ай кетеді. 2019 жылдың қыркүйек айына қарай 5 000 орынды пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Бұл біздің оптимистік болжамымыз», — деп түйіндеді Б. Асылова.


Тегтер: жатақхана, орын, студент, білім, инновация, министрлік, ЖОО

Пікір қалдыру