Болашақ чемпиондарға арналған экскурсия

30 Мамыр, 2019 138 0

NewsROOM+. Осы жылдың 30 мамырында Елбасы кітапханасында Нұр-Сұлтан қаласындағы №7 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі тәрбиеленушілері үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің ұйымдастыруымен тақырыптық экскурсия өтті.  

Жас спортшылар «Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыс» экспозициясымен танысып, қызықты квестке қатысты.

Балалар олимпиада ойындарының өткізілу тарихы мен тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандық спортшылардың олимпиадалардағы жетістіктері туралы сөз тарқатқан экскурсия жетекшісін назар қойып, тыңдады. Оларға қазақстандық чемпиондардың қанжығасына байлаған еншілері мен жеке заттары,

Ұлттық Олимпиада комитеті президенттерінің жеке жинақтамаларынан мұрағаттық материалдар ерекше әсер қалдырды. 

Экскурсия қатысушылары Тұңғыш Президенттің әр жылдары олимпиада ойындарында жеңіске жеткен қазақстандық спортшыларды құттықтау хаттарына,  XXIX жазғы Олимпиада ойындарындағы олимпиада отының эстафетасында киген Елбасының спорттық киіміне, Серік Сәпиевтің қолтаңбасы жазылған бокс қолғабына, боксшылар Данияр Елеусінов пен Василий Левиттің спорттық майкаларына, әлемге танымал кәсіби боксшы Геннадий Головкиннің Тұңғыш Президентпен жеке кездесуі кезінде Елбасымызға сыйға тартқан чемпиондық белдіктеріне қызығушылық танытты.

Аталған көрменің басты ерекшелігі - жеткіншектер зілтемір көтеріп, өздерін ауыр атлетшідей сезіне алатын, Қазақстан туының астында құрмет тұғырына көтеріліп, сүйікті спортшыларының пішіндерімен суретке түсуге мүмкіндік беретін интерактивті аймақтың болуы. 

Танымал қазақстандық спортшылардың мүсіндері қойылған залда өткен тақырыптық көрме аясында жас экскурсияға қатысушылар үшін квест өткізілді. Балалар асқан құмарлықпен қазақстандық олимпиада жеңімпаздары, әлемдік турнирлер мен чемпионаттар туралы сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындады.

- Елбасы кітапханасы әсем ғимаратта орналасқан. Маған экскурсия мен түрлі жәдігерлер ұнады. Қазіргі уақытта Қазақстанның олимпиада қоржынында 67 марапат, оның ішінде 15 алтын бар екенін білдім. Мен жеті жастан каратэмен айналысамын, еліміздің атын әлемге таныту үшін чемпион болуды армандаймын, - деді саяхаттан кейін 11 жасар Дінмұхаммед Жанабай. 

- Саяхат пен квест өте қызықты болды.Мен олимпиада чемпиондары туралы көп мәліметтер алдым, олардың жеке заттарымен таныстым. Бәрінен де Геннадий Головкиннің белдіктері қатты ұнады, - деді, тақырыптық экскурсиядан алған әсерімен бөліскен 8 жасар Айбат Балтабек. 

Тегтер: спорт, экскурсия

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.