Семей қаласында «Дидактикалық көпір: Еуропа – Азия» халықаралық білім форумы өтті

27 Мамыр, 2019 512 0

NewsROOM+. Биылғы жылғы 26 мамыр күні Семей қаласының Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінде «Дидактикалық көпір: Еуропа – Азия» халықаралық білім форумы өтті. Қос құрлықты жалғаған форумға Еуропа мен Азияның алдыңғы қатарлы университеттері қатысты. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов пленарлық отырысқа қатысып, қатысушыларды құттықтады. Ол Еуропа мен Азия жоғары оқу орындарының арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Пленарлық отырыстың ашылуында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов сөз сөйледі. Әмірхан Мұратбекұлы білім беруді дамытудағы Форумның маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі халықаралық іс-шараның ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері шоғырланған әкімшілік-саяси, экономикалық және мәдени орталық болған қалада өтуінде зор символдық мән бар. Семей қаласы - ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысының орталығы болды. Бұл жерде «Алаш Орда» партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтар тәуелсіздік пен еркіндік туын көтерді. Сондай-ақ, Семей байырғы жылдары республикамыздың рухани орталығы да болды. Бұл өңір - әлемге аты әйгілі ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаев, аса көрнекті философ Шәкәрім Құдайбердиев, әлемдік әдебиеттің кемеңгері Мұхтар Әуезов сынды перзенттерді дүниеге әкелді. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап ұлы Шәкәрімнің есімін бүгін біздің басымыз қосылып отырған Университет мақтанышпен алып келеді. Абай өз халқын мына сөздермен тәрбиеледі: «Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді де, аса арсыздана жалынбайды». Осы арада, бүгінгі форум мақсатының - құндылығы ешқашан кемімейтін, ұмытылмайтын Абайдың ғибратты сөздерімен үндес болғаны қуантады, – деген Ә.Рахымжанов форум қатысушыларына нәтижелі жұмыс пен толағай табыс тіледі.

Сондай-ақ, пленарлық отырыста халықаралық сарапшылар да сөйледі, олардың арасында Ислам ғылым академиясының бас директоры, PhD, профессор Мониф Зоби, Ян Амос Коменский атындағы Мемлекеттік кəсіби білім беру жоғары мектебінің ректоры, PhD, профессор Мачей Петшак, Кьюнгдонг университетінің президенті, PhD, профессор Джон Ли, Швейцарияның экономика және менеджмент бойынша қолданбалы ғылымдар жоғары мектебінің ректоры, PhD, профессор Доминик Джордан, Шэньчжэнь Университетінің «Белдеу-Жол» ғылыми-зерттеу институтының басшысы, PhD, профессор Тао Итао, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әсемгүл Молдажанова да бар.

Сол күні  Әмірхан Рахымжанов Шәкәрім университеті «SKACC» халықаралық факультетінің студенттерімен кездесті. Одан кейін, ол профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар мен студенттер үшін «Елбасы феномені» тақырыбында панелдік дәріс оқыды.

– Сарапшылық ортада қазақстандық даму моделін Назарбаев Моделі деп атайды. Өйткені, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің ел дамуының негізгі мәселелері бойынша стратегиялық және тұжырымдамалық басқарушылық шешімдері мемлекет іргетасын қалады және Қазақстандық жолдың бағытын анықтады. Біздің қазақстандық тәжірибе - табысты жүзеге асырылған заманауи жаңғырту жобалары сапында зерделенуі тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Қазақстанды жаңғыртудың жолдары туралы анық әрі айқын көзқарасы болды және сол жылдардан бастап бүгінге дейін мемлекетіміз Президент айқындаған бағытпен дамуда. Назарбаев Моделі – мемлекеттің мүмкіндіктерін объективті түрде бағалауға негізделген прагматикалық қатерлердің алдын алу менеджментіне сүйенеді және Қазақстанды егеменділікті бекемдеу жолында кездескен түрлі тұзақтардан алып шығып, тұрақты дамудың даңғыл жолына алып шыққан толық басқарушылық кезеңді қамтиды, – деп, Ә.Рахымжанов айрықша атап өтті.

Елбасы кітапханасының директоры Университет кітапханасына сирек кездесетін кітап басылымдарын сыйлап, форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен  мазмұнды бағдарламасы үшін Университет ректоры М.Ескендіровке ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, Ә.Рахымжанов: «Оқу орындарыңызда жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Мен олардың талантты, шығармашыл, талапты екендіктерін байқадым. Жастар - Қазақстанның болашағы және оларға табыс тілеймін. Университет түлектерінің елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде танымал болатынына сенімдімін» - деп, атап өтті.

Шәкәрім Университетінің ректоры М.Ескендіров форумның жоғары міртебелі қонағы Ә.Рахымжановқа «Абай елі» алғыс хатын табыс етті.

«Дидактикалық көпір: Еуропа-Азия» атты ІІІ Халықаралық білім беру форумының ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы, Ислам ғылым академиясы, Шәкәрім университеті, Кьюнгдонг университеті (Оңтүстік Корея), Ян Амос Коменский атындағы Мемлекеттік кәсіби білім берудің жоғары мектебі (Польша), Шэньчжэнь университеті (Қытай), Швейцарияның экономика және менеджмент бойынша қолданбалы ғылымдар жоғары мектебі.

Тегтер: Дидактикалықкөпір:Еуропа–Азия, семей

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.