Тагордың үйі

06 Мамыр, 2019 267 0

NewsROOM+. Тагор есімін қай жерден көрсем болды,  алғашқы дипломатиялық қызметімді атқарып жүріп, оның Калькуттадағы үй-жайына қазақ ақын-жазушыларын апарып қайтқан тарихи сапар бірден еске түседі. 

Ол 1997 жылғы желтоқсанның аяғы болатын. Үндістанға Қазақ мәдени күндерін өткізуге 45 адамнан тұратын үлкен делегация келді. Елші Р.Ыбыраев  Қазақ мәдени күндерінің тек Нью-Делиде ғана емес Үндістанның басқа да қалаларында атап өтілуіне үлкен мән беріп, делегацияны үш топқа бөлді де, қосымша үш қалаға аттандырды. Ақын, жазушы тобы маған тапсырылып,  Калькутта қаласындағы Р.Тагордың үй-жайын көруге сапар шектік. Жазушылар арасында академик Зейнолла Қабдолов жұбайы Сәуле апаймен бірге, ғалым академик Манаш Қозыбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Байұзақ Албани, Аян Нысаналин бар. Ардақтайтын ақын-жазушыларыммен бірге жүріп, сұхбаттасу бақытына бөленген мен үшін Тагордың үй-жайын көріп қайту да үлкен бір арманның орындалуы іспетті еді. Тагорды жақсы танып, білуге Мәскеуде жүріп, студенттік кезімізде кеңінен таралып, танымал болған оның жазған өлеңі зор әсер еткен болатын. Бірақ бойымда  қуанышпен бірге қобалжу сезімі де көп болды. Өйткені сапардан бір күн бұрын делегацияға Тәж Махалды көрсету кезінде суық мраморды жалаң аяғымен басамын деп көптен бері сақтанып жүрген  Б.Нұржекеев ағамыз қуық ауруын қоздырып алыпты. 

"Мен де Оралхан Бөкеевтың жолын  (1993 жылы ол Үндістанға келген сапарында ыстық өтіп  бақилық  болған еді) құшатын болдым, өліп қалмай тұрғанда елге қайтар. Елде уролог ініме жетіп алайын"  деп мазасы кеткен Бексұлтан ағамды сабырға шақырып, бәрі де жақсы болатынын айтып, сендірдім. Ұшақ аптасына бір-ақ рет екенін, ол рейске дейін Калькуттаға барып келуге болатынын, Үндістан дәрігерлерінің мықты екенін, Жазушылар одағының бастығы, әлемге белгілі ақын Сачиданондон досым қолынан келгеннің барлығын жасайтынын жеткізіп, тыныштандырдым. Сатчиданондонға телефон шалуым мұң екен жарты сағат өтпестен қонақүйге өзі жетіп келді. Дереу ауруханаға апарды. Ол жерде өзім оқыған РУДН-де медицина факультетін бітірген жас дәрігер орысша сөйлеп, жақсы қарсы алды. Мини ота жасап, труба арқылы зәр ағып тұратын бөтелкені белбеуіне бекітіп беріп тұрып, жағдай қиындап кетсе кез келген үлкен отаны жасайтын мықты дәрігерлер Калькуттада да бар екенін айтып, қам жемеуге болатынын жеткізді. Содан өз бетімізше іштей тәукелге бел буып, бұл сырымыз жөнінде ешкімге жақ ашпастан Калькуттаға аттандық.  Одан бөлек делегация келер қарсаңында "Үш топтың ішіндегі жазғышы да көп, тілдерін табу да оңай емес саналатын ақын, жазушыларды Нәбиге тапсырамыз" деп Елшінің атап көрсетуі қорқыныш пен үрей келтіріп, жүректі күпті етті.  Яғни, қайтсем тілдерін тауып, көңілдерінен шығамын деген ой басымнан кетпеді. Бұрын астана болған Калькуттаға ұшақ 3 сағаттай ұшты. Келсек қалада  аптап ыстық, айнала кірден алып жүргісіз. Ұндістанда ғана емес Оңтүстік Азия өңірінде "калькуттизация" деген ұғым кеңінен қолданысқа ие. Экологиясы өте нашарлап кеткен қалаларға "калькуттизация деңгейі пәленше" деген баға беріліп жатады. Ол қалада ұйымдастырылған іс-шаралардың ішінде әрине Тагордың үй-жайына бару ерекше есте қалды. Гимндерін жазған Тагор халқының көзін ашамын деп театр да құрған екен. Ол театр үшін үйінің ортасындағы ауланы пайдаланыпты. Үй-жайының бөлмелері көп екен. Күннің ыстығына шыдамай "Жүріңіздер, кітапханасын көрсетейн" деп гидтің айтқанына қарамастан көпшілік онда барғысы келмей  сырттағы көгалда тұрған орындықтарға қарай ойысты. Бексұлтан мен Байұзақ аға барып көруге ынта танытты. Тез келетінімізді естіртіп, екеуін ертіп кітапханаға тарттым. Өйткені гидті аударып жүрген өзім. Және де орыс сөзін араластырмай аударуды әдетке айналдырғам. Кітапханадағы шкаф сөресінде "Алтын сағым" деп қазақша жазылған кітап оттай көзге басылды. Авторы кім екен деп білгіміз келіп еді, гид жабық тұрған шкафты кілтін таба алмады. 

Содан асығып, сыртқа шықсақ ақсақалдар көгалда демалып отыр екен. Қаншама километр қашықтықты ұшақпен артқа тастап, арнайы іздеп келгенде үй-жай ішіндегі бірнеше метрді аттауға ерінген ағаларыма бірдеңе айтқым-ақ келсе-дағы көңілдеріне келіп қалар деп сөз айтуға жүрексіндім.  Кешкілік қонақүйде тамақтану үшін ресторанға жиналдық. Столға алдымен жайғасқандар жарыса ас мәзірін қарай бастады. Аян аға "Кілең балық, одан басқа мында түк жоқ қой" деп ұнатпағандық кейіп танытты. Іле-шала Зейнолла аға "Балық жемейміз. Ет жейміз"  деп кесіп тастады. Жүрегім қылп ете қалды. Өйткені Үндістанда көпшілік вегетариандықтар болып, ет жемейді, малдары болса өте арық, жүдеу болып келеді. Елдегідей етті тауып беру қиын. "Енді не істеймін, Үнді мұхитының жағалауында орналасқан балығы көп қала Калькуттада қалай бұларды аш қалдырмауым керек" деген ойлар басымда жүгіріп жатты. Сыр бермей үндеместен бір шетіне отыра кеттім. Сол кезде мейрімді жылы жүзімен, жұмсақ, жайлы тілімен Зейнолла аға "Нәби айтсыншы. Нәби нені айтса соны жейміз" деп маған қарады. Басқалары да қосыла маған қарап қапты. "Сәті келді. Бұл мүмкіндікті бос жіберме" деген ішкі дауысқа құлақ асып, үлкен кісіше сөз бастап, " Елде көлдің де, өзеннің же балығын жеген боларсыздар ағалар. Мұхиттың балығын әй қайдам, жемеген шығарсыздар. Сонша километрден арнайы келіп мұхиттың балығын жемей кетсеңіздер, мұхит та ренжитін болады, балық та ренжитін болады" деп қалжыңдадым. Зейнолла аға риза болып, "Дұрыс айтады. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Балық жейміз" деп шешті. Барлығы келісе кетті. Сөйтсек Калькуттала балықты өте дәмді жасайды екен, сүйсініп жедік. Ертесіне ертемен Манаш аға бөлмеме телефон соғып, өзіне шақырып алды. Аллергиясы барын, дәрі-дәрмектерін елде қалдырып кеткенін, енді көзі қызарып, қыши бастағанын айтып, дәрі тауып беруімді өтінді. Үндістанның дәрілері мықты ғой. Әкеліп берген дәрілер ойдан шығып, көмегі тиді. Үндістанның рухани орталығында болып, Байұзақ аға өзімен бірге ала келген "Бабырнама" кітабымен қатар тағы басқа кітаптарын сыйға тартып, табыс етті. Оны көріп, Аян аға аздап қызғаныш білдірді. 

Сыртқа шыққанда осылай өз шығармаларын ала келіп, қазақ қаламгерлерінің ойлау көкжигеімен, ойларымен шет мемлекеттерді таныстыру жақсы дәстүр екенін жеткізіп едім Аян аға дұрыс қабылдады. Ол Орталықтың ғимараты Үнді мұхитына тиіп тұр екен. Биіктен мұхитқа дейін мрамор тастардан көптеген баспалдақтар салып тастапты.  Ақсақалдар сол биіктен мұхитқа ұзақ қарады. Кері қайтқалы тұр еді, "Келіп тұрып, мұхитқа саусағымызды батырмай қалай кетеміз" деуім мұң екен барлығы баспалдақпен  мұхитқа жетіп,  суға қолдарын салды. Нью-Делиге қайтарда ақсақалдардың көңіл күйлері хош болды. Ұшақта келе жатып, Манаш аға маған арнап төрттаған өлең шығарды. Бәріне естіриіп оқып беріп еді, дереу Рухани орталықтан сатып алған кітапқа сол өлеңді өз қолымен жаздырып, қол таңбасын алдым. Ол өлең мен үшін мыңдаған биіктікте берген батасы болды. Сол сәтті пайдаланып, басқа ақын, жазушы ағаларымның ақтілек баталарын сол кітапшама жаздырып алдым. Ол кітапша бүгінде балаларыма " Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер" дегендей тәрбие ретінде көрсетететін антиквар рөл атқаруда. Сол жолғы сапардан Манаш ағамның маған қаратып, " Атың барда ел таны желіп жүріп, асың барда ер таны беріп жүріп" деп айтқан нақыл сөзі жадымда әбден жазылып қалыпты.

Авторы: Мұрсал-Нәби Тұяқбаев, дипломат

Тегтер: тагор, Мұрсал-НәбиТұяқбаев, мақала

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.